Қазақстан • 31 Желтоқсан, 2022

Мәулен Әшімбаев Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

843 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында жаңа 2023 жылмен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

«Баршаңызды келіп жеткен жаңа 2023 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – бәрімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын, әрқайсымыз ерекше қарсы алатын шаттыққа толы мереке. Осы сәтте өткенді ой елегіне салып, алдағы күндерден айрықша үміт күтеміз.

Өтіп бара жатқан 2022 жыл еліміз үшін оңай басталған жоқ. Қасіретті қаңтар оқиғасы елдігіміз бен егемендігімізге үлкен қауіп төндірді. Біз, шын мәнінде, тәуелсіздік жылнамасында бұрын-соңды болмаған сын-қатермен бетпе-бет келдік.

Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың батыл шешімдері мен халықтың ынтымағының арқасында қиындықтарды еңсере білдік. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мемлекеттілігімізді сақтау жолында нақты қадамдар жасадық. Соның нәтижесінде бүгінде елімізде кешенді реформалар жүйелі түрде іске асырылып жатыр.

Жалпы 2022 жыл біздер үшін түбегейлі өзгерістер жылы болды десек, артық бола қоймас. Алдағы уақытта қолға алған бастамалар лайықты жалғасын тауып, 2023 жыл еліміз үшін табысты, берекелі, құтты жыл болады деп сенеміз. Ол үшін барлық істе жұдырықтай жұмылып әрекет ету аса маңызды. Сонда ғана көздеген мақсат-міндеттерімізге қол жеткіземіз.

Жаңа жылда әр отбасына қуаныш, жақсылық, амандық тілеймін! Егемен еліміз өсіп-өркендей берсін! Әрдайым іргеміз бүтін, бірлігіміз бекем болсын! Жаңа жылдарыңызбен!», делінген құттықтауда.