Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Қаңтарда Сенат сайлауы өтеді. Қазіргі таңда Орталық сайлау комиссиясы Сенат депутаттарының 20 мандатына ұсынылған 130 үміткердің арасынан 66 кандидатты тіркеді. Кандидаттардың 95,5 пайызы өзін-өзі ұсынса, ал 4,5 пайызын мәслихаттар ұсынған. Орта есеппен бір мандатқа 3 кандидат үміткер болып тізімге енді. Кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған соң сайлау алдындағы үгіт басталды. Бұл 2023 жылғы 13 қаңтарда сағат 00.00-де аяқталады.
Елдегі сайлау мұнымен аяқталмақ емес. Жылдың алғашқы жартысында Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтеді. Осылайша, саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алып отыр. Былтыр Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйе қалыптастырды. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады.
«Бұрынғы тәртіп бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық. Сондықтан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын. Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында.
Осылайша, алғаш рет елімізде аралас жүйе арқылы Парламент сайлауы өтпек. Былтыр наурызда халыққа арнаған Жолдауында Президент аралас сайлау жүйесін енгізуді ұсынғаны белгілі. Мұндай пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табатыны анық. Соған сай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады.
Бұдан бөлек, аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сондай-ақ аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшірілді. Мұндай қадам жергілікті ортада бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашатыны түсінікті. Халықтың арасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын қозғап жүрген жаңа тұлғалардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік береді. Осындай өзгерістердің тағы бір ерекшелігі – сайлауалды уәдесін орындамаған депутаттарды кері қайтаруға болады. Түсінікті тілмен айтсақ, «аты судан өткенше» уәдені үйіп-төгіп, жұмсақ креслоға жайғасқан соң халықтың тілегін ұмытатындар азаяды.
Жаңа жылдан күтетін тағы бір маңызды жаңалық – ауыл және аудан әкімдерін сайлау. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау басталғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Қазіргі таңда көптеген елді мекеннің басшысы жаңадан орынтағына жайғасты. Биыл бұл да заңды жалғасын табады. Сондай-ақ бірқатар өңірде қанатқақты режімде аудан әкімдерін сайлау өткізілмек.
Сонымен қатар 2023 жылы халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында қабылданған заңдар мен шаралардың біразы жүзеге аса бастайды. Мәселен, жастарға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру басталмақ. Жеңілдетілген несие мөлшері – 5 млн теңгеге дейін жетеді. 2023 жылы қатардағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысын 70 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Мектептер, колледждер мен балабақша педагогтерінің жалақысы 25 пайызға өседі. Биылдан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары да қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылады. «Алтын алқамен» марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені табысталғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Зейнетақы төлемдерінің көлемі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10,5 пайызға өседі. Бұл ретте ең төменгі зейнетақы мөлшері 53 076 теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 24 341 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңгені құрамақ.
Конституциялық сот туралы заң 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығын тексеру, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігін қарау, сондай-ақ оның нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті енген.
Биыл күшіне енген тағы бір маңызды құжат – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң. Айта кетерлігі, омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге мұндай ерекше мән берілуі оның қоғамдағы да, мемлекеттегі де маңызын арттыра түсетіні анық. Прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттелгенін айта кеткен абзал. Құжатта прокуратураның мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Барлық қызмет бағыттары бойынша прокурорлардың құзыреттері тізбеленген.
Биыл әлемде де маңызды жаңалықтар көп болмақ. Біріншіден, шартараптың түкпір-түкпірі Украинадағы соғыстың аяқталуын күтіп отыр. Былтыр 24 ақпанда басталған қанды қырғын әлі де тоқталар түрі көрінбейді. Дегенмен сарапшылар биыл соғыстың соңы көрінеді деп болжап отыр. Сонымен қатар әлем елдері жер-жаһанды жайлаған инфляциямен де алысады. Алда-жалда Украинадағы жағдай ерте реттелсе, азық-түлік жеткізу тізбегін жыл аяғына дейін реттеуге жол ашылады.
Сондай-ақ 2023 жылы шартараптың бірқатар елінде де саяси бәсеке қызады. Грекияда, Украинада, Польшада, Испанияда парламенттік сайлау өтеді. Түркияда маусым айына Президент сайлауы жоспарланған.
Хорватия алғаш рет Шенген аймағына енді. Осылайша, ресми Загреб бұл тізімге енген 20-шы ел атанды. Мамырда Ұлыбритания королі III Чарльзге тәж кигізу рәсімі өтеді. Жаһандық жылынумен күрес те халықаралық қоғамдастықтың назарында болады.