Бас дауысты Барсег Туманяннің «Астана Опера» труппасын толықтыруы өнер ошағындағы елеулі оқиғаның бірі саналады.
Мамырдың 18-і мен 27-сі аралығында «Астана Опера» театрында жылдағы дәстүр бойынша әртістерді іріктеу байқауы өткен болатын. Міне, осы таңдаудың нәтижесі тағы бір белгілі есімді жақыннан танып-білуімізге жол ашып беріп отыр. Еске сала кетейік, театр труппасының әртістері негізінен шарт бойынша бір жылға жұмысқа қабылданып және осы мерзім аяқталғанда, олар өздерінің кәсіби деңгейлерін қайта растайтын аттестация тапсырулары тиіс. Әлемдік театрлар тәжірибесінен үлгі ретінде енген мұндай жүйе әртістердің қашанда ізденіп, сергек жүруіне, біліктілікті арттырып, биік мақсатты межелеуіне септігін тигізері сөзсіз.
Байқаудың қазылар алқасы «бармақ басты, көз қыстыға» бармайтын өз ісінің нағыз шеберлері болып саналады. Оған отандық мамандармен қатар, Алмания, Грекия, Италия, Ресей және Украина сияқты елдердің ең беделді тұлғалары шақыртылды. Додада тек Қазақстанның әртістері ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келген талапкерлер бақ сынап көрді. Жалпы, өнер сынына бас-аяғы 468 адам қатысып, байқаудан олардың 332-сі сүрінбей өткен еді.
Осы күндер театрдың опералық труппасы үшін есте қалар ерекше сәт болып саналады. Сахна үні қайталанбас ғажап әрі тамаша бас даусының иесі, Арменияның халық әртісі, әлемдік опера өнерінде өзіндік орны бар Барсег Туманянмен
толығуы ешкім күтпеген тосын сый болғаны рас. Айта кететін тағы бір жайт, опера солистерінің құрамы өзгерген жоқ, негізгі орындаушылар өз орындарын сақтап қалды. Тек олардың позициясы ғана өзгеріп отыр. Мысалы, кейбір әртістер сахнаның жетекші солистері деңгейіне көтерілді. Байқау 49 адамның кәсіби деңгейін айқындаса, жоғары бәсекелестік, әсіресе, әнші қыз-келіншектер (сопрано) арасында өте қызу қарқынмен өтті. Театр талабына 24 үміткердің тек 9-ы ғана толыққанды жауап берді.
Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Мәскеудің асқан шеберлері» оркестрінің бірінші скрипкашысы және солисі, Мәскеу Консерваториясының ұстазы, халықаралық байқаулардың лауреаты, Салацгривадағы (Латвия) классикалық музыканың халықаралық фестивалінің ұйымдастырушысы Алексей Лундин оркестр әртістері туралы: «Өте жақсы әсерде қалдым. Оркестрдің орташа деп аталатын деңгейінің өзі мен үшін өте жоғары болып есептеледі, әсіресе, мені жекелеген музыканттардың шеберлігі таңғалдырды, ал кейбір үрмелі аспаптар тобының кереметтігі соншалық, Мәскеудегі әріптестеріммен салыстырғанда, мұнда емін-еркін таңдау жасауға мүмкіндік мол. Музыканттар кәсіби деңгейлерінің жоғары екенін көрсетті. Сайысқа өтінім бергендер арасында екінші курста оқып жүріп, жұмыс кестесіне үлгеру керектігін ойламай келгендер де болды, әрине, бұлай істеу мүмкін емес», – деп пікір білдірді. Өнер шеберінің ойынша, «Астана Опера» театрының музыканттары конкурсқа қатысушы өзге әріптестерінен оқ бойы озық көрінеді. Атап айтар болсақ, нақышына келтіріп ойнау, екпіннің тазалығы, мәтінді оқудағы ұқыптылық сияқты жетістіктер жоғары класты оркестрдің тәртіпке сай тәрбиеленгенін аңғартады. Сайыс нәтижесінде оркестр құрамы 20 музыкантпен толықты.
Ал, хор құрамы өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Балеттік труппаның негізгі құрамы сақталып, 17 мен 23 жас аралығындағы кордебалет 12 адамға ұлғайды. Сонымен қатар, балет әртістерінің бағыт-бағдарынан әжептәуір өзгеріс байқалды: кордебалеттегі бірнеше адам солист атанса, ал труппа жетекші солистің орнын иеленген Жандос Әубәкіровпен көбейді. «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Нұрқалиевтің айтуынша, байқаудан сүрінбей өткен солистер үмітті ақтап шығарына сенім мол. Комиссияны КСРО халық әртісі, аса көрнекті биші, Үлкен театрдың прима балеринасы Людмила Семеняктің басқаруын байқаудың өте жоғары деңгейде өткенін сөзсіз ұғындыратын айғақ деп білеміз. Балет білгірі «Астана Опера» театрының балеттік труппасы туралы айта келіп: «кәсіби деңгейі өте жоғары труппа» деген баға берді.
Жетіқара ҚОҢЫР.
АСТАНА.