...2018 жылғы ақпанда Ерекең қайтыс болғаннан кейін газеттердегі көңіл айту, қоштасу сөздерінен басқа интернетте ағамыздың ауылдастары мен туыстарының, кластастары және курстастарының отбасылық альбомдарында сақталып қалған фотосуреттер жариялана бастады. Соларды көріп отырғанда ол кісімен «Лениншіл жаста», «Егемен Қазақстанда» бірге қызмет істеп жүрген кездеріміз ойға оралды. Қауырт жұмыс арасындағы әңгімелері еске түсті.
Міне, фейсбук парақшасында осыдан көп жыл бұрынғы бозбала жігіттің бойжеткенге жазған хаты тұр. Торкөз дәптердің қос парағындағы бұл жазбаның тарихы неден туындаған дейсіз ғой. «Бақанасқа барып келдің бе? Қалай екен ол жақ?» – деп сұрады 70-жылдардың соңындағы бір іссапардан оралған маған Ерекең. Мен Іле өзенінің арғы бетіндегі жазық даланың табиғатына таңғалғанымды айттым. «Ауылдағы орта мектепті аяқтаған 1965 жылы онда қой баққанмын, – деді сонда ағамыз ойына бір қызық жай оралғанай жымиып. – Көзім Іле даласындағы малда болғанымен, көңілім түу сонау тау етегіндегі Алматы атты қалада. Сондағы оқып жатқан кластасым Жақан деген қазіргі жеңгелеріңде. Апта сайын хат жазамын. Жиілетейін десем, оны қалаға апаратын «пошташы» ағайдан ұяламын. Ол – Бақанастан Алматыға қатынайтын «ПАЗ» автобусының жүргізушісі. Жолаушылар көлігі көз ұшынан көрінгенде-ақ атыма қамшыны басамын дейсің. Шауып келе жатқан мені көрген шофер автобус жүрісін баяулата бастайды. Айтатыным: «Ағай! Қалаға кіреберістегі пошта жәшігіне мына конвертті сала салыңызшы», – деген бір-ақ сөз. Жүргізуші күледі. «Жарайды», – дегендей бас изейді».
Интернеттегі хаттарды көргенімде Ерекеңнің осыдан көп жыл бұрын айтқан жоғарыдағы әңгімесі есіме түсті. «Бұл жәдігер, сөз жоқ, солардың өзі», – дедім ішімнен күбірлеп.
...Әлеуметтік желідегі кластастары қойған бір суретте матрос, моряк формасындағы жап-жас Ерекең бізге қасқая қарап тұр. Бұл 19 жастағы ағамыздың Қызыл тулы Солтүстік теңіз флотындағы міндетті әскери борышын өтеп жүрген кезі. «1967-1970 жылдары мен сүңгуір қайық экипажында болдым, – деп еске алғаны бар кейіпкеріміздің «Лениншіл жаста» республика күніне арналған мерекелік арнаулы нөмірді шығарып жатқанымызда. – Елге қайтатын соңғы жылдың басында біздің субмарин белгісіз бағытқа қарай ұзақ жүзді. Су бетіне тек түнде ғана шығамыз. Оның өзінде отсектегі ауаны жаңартып алу үшін. Сондағы көретініміз аспандағы жұлдыздар мен шетсіз де шексіз мұхит айдыны. Басқа ештеңе де емес. Өстіп отырып күндердің күнінде бір аймаққа жеттік. Жерорта теңізі екен. Сүңгуір қайығымыз бізді толқынмен тербеліп тұрған үлкен эсминецке тиеді де өзі көзден тез таса болды.
Мен және менің жолдастарым сол әскери кемеде қызмет ете бастағанымызға біраз уақыт болған. Жарты жылдай-ау шамасы. Бір күні таңертеңгілік дабылмен бәріміз сымдай тартылып, сапқа тұрғанымыз есімде. «Бүгін, – деді кеме капитанының жанында тұрған саяси істер жөніндегі көмекші сөз бастап. – Күн сәулетті Қазақ кеңестік социалистік республикасының құрылғанына 50 жыл толды. Арамызда сол елдің бір өкілі қызмет етуде. Оны өз республикасының осы айтулы мерекесімен шын жүректен құттықтап, шағын сыйлығымызды салтанатты жағдайда тапсыруға рұқсат етіңіздер, жолдас теңізшілер!».
Осылай деген «старпом» – аға көмекші менің фамилиямды айтып, ортаға шақырды. Оркестрдің қуатты үні мен 250 адамдық кеме экипажының ду қол шапалақтауы үстінде алаңда сарт-сұрт етіп адымдаған мен ол кісінің қолынан шағын қорапты алдым да: «Кеңес одағына қызмет етемін!» – деп саңқ етіп кері бұрылдым. Каютаға келіп қорапты ашқанымда, көзіме алғаш түскен нәрсе мені сол күнгі барлық жұмыстан босатқан бір тәуліктік рұқсат қағазы мен «Юность» қол сағаты болды. Олардың астынан сонымен қатар «Алма-Ата» деп жазылған бес-алты значок пен Медеу мұз айдынын бейнелеген сегіз открытка жиынтығы көрінді. Кеме командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары аталған кәдесыйларды қалай тауып, қашан ұйымдастырып қойған? Соған миым жетпеді. Әңгіменің тоқетері, Қазақстан астанасынан алдыртқан сол ескерткіштерді өзіміздің бөлімшедегі орыс, беларусь, эстон және грузин жігіттеріне сый-сияпат ретінде үлестіріп бердім де өзім қолыма «Юность» сағатын тағып алып, тәуліктік демалыс – «увольнениеге» кеттім.
– Кемедегі ол қандай серуен? Жағалаудан мүлде алыс мұхит ортасында «увольнение» болушы ма еді?
– Құрамы 250 адамнан тұратын эсминец бұл алып кеме, – дейді Ерекең. – Онда спортзал, кинотеатр, кафе және кітапхана бар. Нарядтан босап, бір тәуліктік демалыс алғандар міне, сол жерлерде уақыттарын өткізіп серуендейді. Каютаға келіп, алаңсыз ұйықтайды.
...Ерекеңнің бұдан көп жылдар бұрынғы матрос, моряк формасында түскен фотосына байланысты жоғарыда айтқан әңгімесін есіме түсіріп отырғанымда, компьютер экранынан тағы бір сурет жалт етіп шыға келді. Онда «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының вице-президенті Ержұман Смайыл Сауд Арабиясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Әли Хамданды редакция ауласында қарсы алып тұр. Иә, шетелдік қонақтың 2002 жылдың қаңтарындағы бұл келісі есімізде. Ол уақытта Ерекеңнің Алматы облысында тұратын ағасы Өзібектің қайтыс болып, кейіпкеріміздің сол жақтан келгеніне үш-төрт-ақ күн болған кез еді. Оның үстіне елшінің редакцияға соқпақ ниеті ұжымды қатты қобалжытып, әбігерге салып жатқан-тын. «Неге?» – дейсіздер ғой. Алматыдан Астанаға көшіп келгенімізге екі жыл өтсе де газет қызметкерлері отырған ғимарат өте тар, көзге қораш көрінетін ескі үй еді. «Елші ат басын бұрмақ», – деген хабарды естіген бойда біз оны қанша әрлеп, сырладық десеңізші!.. Бірақ болмады. «Ескінің аты – ескі», – деген сөз рас екен. Бәрі сол баяғы кейпінде қалды. Бағымызға қарай қонақ ондай сөкеттікке қараған жоқ. Ештеңеге назар аудармады. Көлігінен түскен бойда елмен емен-жарқын амандасып, Ерекеңнің бөлмесінде жарты сағаттай отырды. Осыдан кейін риза көңілмен қоштасып, кері қайтты.
Содан арада бір жетідей уақыт өткен. Ерекең мені өзіне шақырды. Бөлмесіне кіріп отыра бергенімде: «Өткен жылғы жазда – деп бастады әңгімесін ол кісі, – Сауд Арабиясының елшілігінде бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының қатысуымен бір жиын болған. Сонда үзілісте ондағы баспасөз хатшысынан: «Алдағы құрбан айтта Меккеге барудың реті келе ме?» – деп сұрағанмын. Бұған көп уақыт жауап болмағанымен, олар әлгі өтінішімді ұмытпапты. Олай дейтінім, таяуда елші Мұхаммед Әли Хамдан бізге келіп кетті ғой. Міне, сонда ол Сауд Арабиясы Мәдениет министрлігінің менің атыма жіберген жолдамасын әкеліп табыс етті. Бірақ... Ол жерге менің емес, сенің баруыңа тура келіп тұр. Себебі туған ағамның қайтыс болғанын білесің. Мұсылман баласы мұндайда 40 күнге дейін алыс жолға шықпайды. Осында келгелі бері шетелді көрген жоқсың. Еңбегің бар. Соны ескеріп, жолымды саған бердім. Сен бар. Жарай ма?
Мына сөзді естігенде не дерімді білмедім. Абдыраған күйі: «Ойланып көрейін», – деп сыртқа беттедім. Олай дегенім... Білуімше Меккеге барудың өз заңы бар. Соның ең бастысы – намаз оқу. Құбылаға жығылу. Ол кезде бізде бұл қайдан болсын. Намаз тұрмақ, санамызда сүренің сөйлемдері де жоқ. Осыны ойлап, қатты қысылдым. «Жоқ, бармаймын», – дейін десем, Мекке қасиетті жер. Құдайдан қорқамын. Ал: «Барайын», – деп айтсам, дін, шариғат тәпсірлерінен мақұрыммын. Осылай әрі-сәрі боп жүрген күндердің бірінде Ерекең, өзіне қайта шақырып алды. Сөйтті де: «Әй, мен сені түсінемін, – деді. – Ең бастысы жүрегің, ниетің таза болсын. Басқа ештеңені ойлама. Құдай өзі кешіреді. Қорықпа. Бар!».
Осы сөздерден соң бойымның жеңілдеп сала бергені! Кеудемде күдік қалмады. «Тәуекел!» – деп Алматыға тарттым. Сауд Арабиясы елшілігіне жеттім. Онда мені күтіп отырған Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы Әбдісамат Махат деген жігітке жолығып, екеуміз Ыстанбұлға ұштық. Одан әрі Жидда... Мекке! Атақты Әл-Харам мешітіндегі ақшам намазына ілігіп, қатарымдағы ел еңкейсе еңкейіп, тұрса тұрып, жұрт не істесе соны қайталай бастадым. Сөйтіп, Ержұман ағамның қамқорлығы арқасында 2002 жылдың 18-28 ақпан аралығына сәйкес келген құрбан айтта қасиетті Мекке мен Медине топырағына табанымның тигені бар.
Енді «Егемен Қазақстан» сайтына қойылған төртінші фото туралы айтайын. Байыптап қараған бұл рәсімнің Алматыдағы газет филиалындағы мерекелік шарада түсірілгені байқалады. Олай дейтінім, суретте аға басылымның 70-80-жылдардағы басшылары Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлының шаңырағын ұстап отырған Нұрбибі, Күләш, Сапура апайлардың бейнелері көрінеді. Орындықта отырған осы кісілерді қоршай газет ардагерлері Саламат Хайдаров, Сарбас Ақтаев және Болат Жайсаңбаев тұр. Ал орталарында – Ерекең. Ол жоғарыдағы аға-апаларымызға сол Алматыдағы «Жедел басып шығару баспаханасынан» шыққан «Жәдігер» атты жинақты көрсетіп, үлестіріп беруде. Бұл суретті көргенде ойыма кейіпкеріміздің редакция тарихы үшін ерекше рөл атқарған бір тағылымды іске мұрындық болғаны оралды. Ол мынадай оқиға еді.
2004 жылы желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінің 85 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өтілетін болды. Соған сегіз ай қалғанда акционерлік қоғам президенті Ерекең бас редактор маған төмендегідей тапсырма берді. Ол өзіміз сөз етіп отырған басылымның 1919-2004 жылдар аралығындағы өмірін бүгінгі ұрпаққа таныстыру үшін түрлі құжат, фотосурет және ардагерлер естеліктерінен тұратын мағлұматтарды жинастыру арқылы «Жәдігер» атты деректі кітапты құрастырып шығару еді. Бұрын мұндай еңбек болмаған екен. Рас, әр кездері оған екі рет талпыныс жасалыпты. Бірақ... сәтсіздік... Түрлі пікір қайшылығы салдарынан жұмыс жүрмей тоқтап қалған. Ең өкініштісі, сол кітапқа деп жинастырылған материалдар «Қазақстан» баспасына өткізілген де артынан ешкім қадағаламағандықтан сонда жатып, жоғалып кеткен. Сөйтіп, редакция мұрағатында ештеңе қалмаған.
– Осындай қиын жағдайға байланысты, – деді Ерекең, – бізге енді жоғарыдағы жұмысты тақыр жерден қайтадан бастауға тура келеді.
Иә, ол кісі жүктеген бұл тапсырманы солай, тәуекел деп жаңадан жасауға кірістік те. Міне, өстіп жан таппай жасаған жеті бөлім нобайының сұлбасы көрінгенде, оған қатты көңілденген Ержұман ағамыз: «Сендердің жұмыстарыңды жеңілдететін екі адам бар, – деп ақыл-кеңес берді. – Сол кісілермен хабарласыңдар. Көп нәрсе осы әріптестерімізден табылып қалуы мүмкін». Бұлар зейнеткер Хайдар Баймұханбетов ақсақал мен кезінде бізде жұмыс істеп, кейін Президент аппаратындағы Жалпы бөлімге ауысқан Тілекқабыл Боранғалиев болып шықты. Расында да, сол кездері Алматыда тұратын, кезінде аға басылымда 40 жыл еңбек еткен Хайдекеңе хабарласқанымызда, қарияның үйіндегі жеке альбомында 1948-1988 жылдар аралығындағы редакция өміріне қатысты 27 сурет бар екен. Ал әріптесіміз Тілекқабыл болса, ол 90-жылдары бізде жұмыс істеп жүргенінде осы газет тарихынан кандидаттық диссертация қорғаймын деп ойлады ма, кім білсін, әйтеуір 20-жылдардағы «Еңбекші қазақтың» мөрі, логотипі, жазушы М.Әуезовтің мұнда үш айға жуық редактор болғаны туралы бұрын еш жерде жарияланбаған мәлімет секілді тың деректерді жинай беріпті.
«Жәдігер» жинағы үшін жасалған жоспардағы тақырыптардың ең күрделісі атауы 85 жылда сегіз рет өзгерген аға газеттегі түрлі уақытта редакторлық еткен 36 басшының әрқайсысына деп 50 жол көлемінде белгіленген бір бағаналық өмірбаяндар топтамасын жазу еді. Содан соң басылымның 1919-2004 жылдар аралығындағы жарық көрген нөмірлеріндегі ұлтымызға пайдасы тиген, қандастарымыздың мүддесін көздеп, елге ой салған, қысқасын айтқанда, қазақ жұртының жоғын жоқтаған мақалалардың қашан, қандай тақырыппен шыққанынан хабардар ететін шағын мазмұнға ие хронологиялық анықтама тізбесін жасау болатын. Өзара ақылдасқанымызда Ерекең ойлана келе бұларды тәжірибесі мол тағы бір екі кәсіби маманға жүктеуге кеңес берді. Ол аға газеттің 1919-1948 жылдар аралығына қатыстысын араб, латын және кириллицаның бастапқы қабылданған қазақы нұсқадағы алфавитін жақсы білетін адам, өзі Орталық мұрағаттың қызметкері болып табылатын Зияда Ижанов ақсақалға тапсыру да, 1949-2004 жылдарды қамтитын бөлікті редакцияда ширек ғасырдан астам табан аудармай жұмыс істеп, мұндағы көп жағдайды жақсы білетін аға әріптесіміз Әділ Дүйсенбекке жүктеу еді. Бұл ол кісіге әбден ойластырылып барып берілген тапсырма-тын. Олай дейтініміз, Әдекеңнің ешқайда бармай-ақ, осында ізденіп, жұмыс істеуіне толық мүмкіндік бар болды. Себебі «Социалистік Қазақстанның» 1949 жылдан 1990 жылға дейінгі және «Егемен Қазақстанның» 1991-2004 жылдар аралығындағы тігінділерінің редакция кітапханасында толық сақталып, басылым басшыларының да «Жеке іс қағаздары» деп аталатын архивке өткізілетін құжаттар папкасының 1945 жылдан бергі көшірмелерінің біздегі кадрлар сейфінде шып-шырғасы шықпай түгел тұрғандығы еді. Осылайша, Орталық мұрағаттағы Зияда Ижанов ақсақал мен редакциядағы шолушымыз Әділ аға Дүйсенбек өздеріне тапсырылған іске бел шеше кірісті дейсіз. Нәтижесінде, кітапқа керек ең қиын бөлім белгіленген уақытта дайын болды. Бұл Ержұман ағамыздың осыған жауапты адамдарды таңдай білгендігінің арқасы еді.
...Суреттер ...Тағы да сол Ерекеңе байланысты суреттер... Интернеттегі оларға сәт салып қарасақ, іштегі сырларын айтып, сөйлей жөнелетіндей. Міне, компьютер экранында редакцияның жаңадан салынған әдемі бас корпусы. Қабырғасына «Егемен Қазақстан» газеті көшесі, 5/13» деген жаңа атау ілінген. Осы көріністің фонында төрт адам әңгіме дүкен құруда. Олар: қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов, оның кеңесшісі Жүнісбек Сұлтанмұратов және акционерлік қоғам президенті Сауытбек Абдрахманов пен вице-президент Ержұман Смайыл. «Сонда Астанадағы газет редакциясы орналасқан осы көшенің бұрынғы «Ломоносов, 40» деген атау-адресі қайда?» – дейсіздер ғой, құрметті оқырман! Әңгіме міне, осы туралы. Соны айтайық.
2009 жылы өзіміз сөз етіп отырған басылымның 90 жылдық мерекесі жақындап келе жатты. Соған байланысты қала әкімі Иманғали редакцияға ат басын бұрып, басшыларымыз Сәкең және Ерекеңмен ұзақ отырып әңгімелесіп қайтқан. Содан бастап елорда қожайыны пәрменімен біздің мекеме төңірегіндегі тротуар мен скверлердегі жұмыс қызды дейсің. Басшыларымызда да маза жоқ. Біз газет шығарамыз. Ал олар мереке қарсаңындағы үлкенді-кішілі жұмыстарды бітіруге тырысумен әуре. Атап айтқанда, бұлар: редакция жанынан салынған сегіз қабатты бас корпустың құрылысын аяқтау, қала әкімдігінен баспанасы жоқ қызметкерлерімізге үй сұрау, мерекелік шара өтетін Опера және балет театры залын жалға алу секілді ұйымдастыру жұмыстары еді. Осындай қауырт тірліктердің ара-арасында Ерекең маған: «Мен бір сағат сыртта боламын. Жоғарғы жақтан телефон шалынса, осы төңіректе жүр. Кешікпей келеді дерсің», – дейді де далаға беттейді. Осы жағдай жарты ай бойы қайталанды.
Ақыры не керек, газетіміздің 90 жылдық тойы қарсаңында бұрынғы қиқы-жиқы Ломоносов көшесі оқтай боп түзелді. «Жақсы болды!» – дедік риза көңілмен. Бас корпусымыз бітіп, қызметкерлеріміз оған көшіп кіре бастады. «Дұрыс-ақ!» – дейміз қуанышты сезіммен. Содан аз уақыттан соң осы су жаңа еңселі ғимаратымыздың қабырғасында «Егемен Қазақстан» газеті көшесі, 5/13» деген жаңа атау пайда болды. «Ой, бәрекелді!» дегенбіз оған тағы да шаттанып. Бірақ бұл шешім қалай, қандай жолмен жүзеге асты? Міне, ол кезде оған ешқайсымыз онша мән бере қоймадық. Сөйтсек... Бұл оқиға сырының ашылуына содан екі жылдан кейін редакцияға келген орыс әжейдің сөзі себеп болды. «Анна Платонова деген көршілеріңмін, – деді ол кісі. – Сіздердің мына ғимараттарыңыздың қарсы бетіндегі 31-ші барак үйде тұрамын. Келген шаруам – басшыларыңыздың бірі Ержұман Утешевичке жолығу». «Ол кісі қазір жоқ. Дәрігерге қаралуға кеткен. Түстен кейін келеді», – деп жауап бердік біз қарт анаға қысқа ғана тіл қатып. «А-а, онда жағдай былай, – деді әжей. – Осыдан үш ай бұрын Астана – Қарағанды бағытындағы үлкен жолда апат болып, сонда төрт адамның қаза тауып, бір кішкентай баланың тірі қалғанынан хабардар шығарсыздар». «Иә». «Сол қайтыс болғандардың біреуі менің туған қызым еді. Ал аман қалған сәби соның перзенті, менің жиенім-тін. Дәрігерлер балдырғанды ажалға бермейміз деп үш ай бойы арпалысты. Бірақ болмады. Кеше ол бейбақтың да өмірі үзілді. Жерлеуге зейнетақым жетпейтінін білген қалалық әкімдіктегі әлеуметтік мәселелер бөлімі 30 мың теңге ақша бөлген. Ол жер қазушылар мен көлік жалдауға кетті. Басына белгі қоятын ағаш айшыққа да қаржы қажет болғандықтан, сіздерден көмек сұрап келіп отырмын. Бұған себеп Ержұман Утешевичтің осыдан екі жыл бұрынғы сөзі. Сонда ол кісі бізден көше атын өзгертуге рұқсат сұрап, әрқайсымыздың үйімізге жеке-жеке кіріп шыққан-ды. Қоштасарда: «Бәріңіз зейнеттегі жандар екенсіздер. Қиналсаңыздар келіңіздер. Көмек қолын созуға әзірміз», – деген еді. Сол есіме түсіп келіп тұрған жайым бар».
Мына сөзді естіген соң Ерекеңе хабарласып, әжейдің өтінішін айтпаймыз ба?.. «Ой, ол рас. Сен ол кісіні бухгалтерияға ертіп апара бер. Оған дейін мен есепші Орыншаға бар жағдайды түсіндіріп, бұйрыққа кешке барғанда қол қоямын деп айтамын. Әжейді ренжітпей қайтарайық», – деді.
Содан Ерекең түстен кейін редакцияға келген соң бұл мәселенің мән-жайын өзінен анықтап сұрамаймыз ба?.. Сөйтсек қала әкімі Иманғали мерекеге деген дайындықты білу үшін редакцияға алғаш соққанында басылым басшысы Сәукең оған үш мәселе айтады. Сонда ол: «Бұлардың алғашқы екеуін орындаймыз. Ал үшіншісі өздеріңізге байланысты нәрсе», – дейді. Оның пікірінше көше атын ауыстырар алдында редакциядағылар сонда тұратын адамдарға барып түсінік жұмыстарын жүргізуі, сөйтіп келісімдерін алуы қажет екен. Мұны Сәукең Ерекеңе тапсырады. Ал ол кісі газет қызметкерлерін жинап алып, әрқайсысына тапсырма бермей ме? Бірақ бір тобы Парламент, Үкімет, министрліктердегі түрлі жиналыстардан көз ашпаған, екінші тобы баспасөзге жазылу науқанын жүргізуге жегілген олар міндеттелген шаруаны кешіктіре береді. Содан Ержұман ағамыз оны орындауға өзі кіріседі. Ол кісінің әлгі әр күн сайын: «Бір сағатқа сыртқа шығып келейін», – деп жүрген себебі сол екен. Содан 15 күн бойы көшедегі әр үйді аралап, олардың: «Қарсы емеспіз» – деп қолдарын қойған келісім қағазын әкімдікке өткізгенше тыным таппаған. Нәтижесі – басылымның 90 жылдық тойы қарсаңында аға газет атына берілген көше! Осының бәрін кейіпкеріміз үндемей істеген ғой.
* * *
Ержұман аға да, мен де КазГу-дің түлегі едік. Арамызда тек екі курс қана айырмашылық болды. Содан соң «Лениншіл жаста» 8 жыл бірге қызмет істедік. «Қазақстан коммунисі» журналы мен «Халық кеңесі» газетіндегі қызметтен кейін араға 12 жыл салып «Егемен Қазақстанға» келгенімде, ол кісі мұнда бас редактор екен. Осында тағы да 13 жыл қоян-қолтық еңбек еттік. Ағамыз зейнетке шыққаннан кейінгі 7 жылда да қарым-қатынасымыз үзілген жоқ.
Серіктес, мұраттас әріптесіміз жөнінде көңілде жүрген көп жақсы эпизодтар бар еді. Бірақ газет көлемінің талабына сай жоғарыдағы қадау-қадау өмір суреттерін жазумен шектелуге тура келді. Сөз соңында айтарым, Ерекең табанды, тиянақты адам болатын. Ұқыптылығында шек жоқ-ты. Оған оның бойындағы қайырымдылық қағидатын қосыңыз. Ал жұмыс десе оның қабырғасын сындыратын. Сөйтіп, алдындағы үйілген тау-тау қағаздарды жайпап өте шығатын. Тоқ етерін айтқанда, осындай жағдайда отыратын Ерекең ежелгі заман ертегілеріндегі тау көтерген Толағай секілді жан еді. Өйткені жұмыс атаулы ол кісінің алдынан қашып отыратын. Осыны бүгінгі ұрпаққа айту парызымыз деп білемін. Ешқандай алғаусыз жүрек, пердесіз көңілден туған сөзіміз міне, осы.
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АСТАНА