Саясат • 05 Қаңтар, 2023

Заңға құрмет – мемлекетке құрмет

304 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Менің түсінігімдегі әділет – заңның салтанат құруы. Мемлекеттік шенеуніктер де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де – барлығы заңға бағынуы керек. Сондай-ақ заңды ел азаматтары да сақтауға тиіс. Заң бәріне бірдей. Қандай да бір сын айту да заң аясында болуға тиіс.

(Қасым-Жомарт Тоқаев. Facebook парақшасынан, 8 мамыр 2019 жыл)

Заңға құрмет – мемлекетке құрмет

Бүгінгі күні сын айту көбейді. Сыннан бұрын мін тағу көбейді. Міннен бұрын жеке адамдардың ар-намысына тию көбейді. Заманның ағымы сол болар, сондықтан да жөн болар деп те ойлаймыз кей сәтте. Алайда осы күні мәселені білсін-білмесін жөн-жосықсыз әйтеуір бір нәрсе айтып қалу ғадетке айналып бара жатқандай.

Әрине, заң бойынша әркім өз ойын, өз пікірін айтуға құқылы және бұл азаматтық қоғамның орныға түсуіне де бір септігін тигізері сөзсіз. Қалай десек те, атам қазақта «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген қағида болатын. Бұл тағы да сол атам қазақтың «Тіл – тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген айтар ой мен айтар сөздің жауапкершілігін ұғындыра түсер еді. Осы арада біз өз сөзімізге жауаптымыз ба деген ой туады. Сөз алдындағы жауапкершіліктің өзі адамдықтың бір белгісі болса керек-ті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Жаңа да Әділетті Қазақстан құрып, соны орнықтыру жөніндегі саяси реформа басталғалы «сол әділдік неге орнамай жатыр? Жүйе неге өзгермей қойды» деген сияқты пікірлер айтылып қалып жүр.

Сонымен қатар осы күні «Тоқаев президенттік билікті алды, енді барлық жүйені неге өзгертпейді?» деп сын айтушылыр мен мін тағушылар бар. Жүйені өзгерту үстіңдегі киіп жүрген ескі киіміңді шеше салып, жаңасына ауыстыра салу емес қой!

Жүйе дегеніміз тұтас қоғам, жүйе дегеніміз адам, адамның санасы... Және де ол ұзақ жылдар бойы қалыптасқан адам, оның мінезі мен құлқы, ойы мен іс-әрекеті, бітім-болмысы!

Жүйені өзгерту дегеніміз адамды, оның санасы мен болмысын өзгерту болса керек.

Қазақ даласында ғасырлар бойы отаршылдық саясат жүргізген патшалық Ресейдің, одан қалды кешегі кеңестік жүйенің басымыздан ұрып отырып, ұрып отырып емес-ау, ұлтымыздың ақылды да парасатты және оқыған зиялыларын, өз халқы үшін сол кездің жүйесіне қарсы шыққан хан Кенеден бастап басын алғызып, тұтас бір Алаш қайраткерлерін сыпырып-сиырып, атып, асып, көздерін жойды емес пе? Сөйтіп, бізді, қазақ баласын азаптап құл қылды, құлдыққа көндірді, яғни құлдық психологияны, құлдық сананы қалыптастырды, сол құлдық көңіл күйден әлі де арыла алмай келе жатыр емеспіз бе?

Ал енді осы кезгі жұрттың тағы да бір сөзіне қарайтын болсақ, Тоқаев отыз жыл бойғы байығандар мен сол кезде мемлекетке билік еткендердің біразын шетінен түрмеге қамап, байлықтарын неге қайтарып алмайды дейді.

Бұл да отыз жылғы билікті және де шексіз билікті, есепсіз, жөн-жосықсыз баюды үнсіз келісе отырып өзіміз қалыптастырған ол да бір жүйе еді ғой. Ал сол отыз жылғы билік пен байлық та сол кезгі жүйенің заңымен жасалды.

«Заңсыз ішті, жеді, ұрлады, тонады, байыды» деген жай сөзді енді заңмен дәлелдеу керек қой. Содан соң шетке шығарылған активтер мен қаржының да  қай мемлекетте жатқанын сол мемлекетке тағы да дәлелдеу керек емес пе?

Міне, дүние жүзінде қалыптасып отырған банктік және қаржылық жүйенің тәртібін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі шетелдердегі активтерді қайтару жөнінде мемлекеттік комиссия құрды, енді міне, арнайы заң шығарды.

Меніңше, енді Үкімет Президент қол қойған заңды алға ұстап,  табанды әрі сауатты жұмыс жүргізгеннің өзінде шетке заңсыз шығарылған қаржы-қаражат бірер жылда толық қайта қояды деп айту да қиын ба деймін. Өйткені бұл күрес оңай күрес болмайды. Алдындағы итаяғын ит те оңай алғыза қоймайды емес пе?

Алайда заңсыз жолмен елден шыға­рылған активтердің де, қаржының да Қазақ­станға қайтарыларына деген сенім бар. Ең бастысы, мемлекеттің ынтасы барлығы қуантады. Мемлекет басшысының осыған өзі бас болып ынталы екендігі қуантады, қуантып қана қоймай, сенім ұялатады.

Қазіргі кездің тағы бір әңгімесінде «неге түрмеге жаппайды, неге қамамайды?» деген пікірлер де айтылып қалып жүр. Кеңестік жүйенің Сталинін аңсайтын сияқтымыз. Сөйтіп, бір масақ бидай үшін тергеусіз, сотсыз үкім шығарып, түрмеге он-он бес жылға қамаған, болмаса бірден ату жазасына кесіп жіберген сол сталиндік жүйенің қайталанғанын қалайтындаймыз. Бетін аулақ қылсын! Қайталамайық, қайталанбасын! Сол сталиндік жүйеден ең көп зардап шеккен біздің халқымыз емес пе еді? Біздің Ата Заңымыз – Конституцияда адам өмірі ең басты құндылық екендігі анық жазылған.

Әрине, ендігі арада заңның үстемдігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан реформалардың қазіргі бас­ты мақсаты – ең әуелі заң алдында әр Қазақстан азаматы бірдей жауап беретіндігін санаға орнықтыру болса керек-ті. Тіпті әр қадамыңды «мен осы заңды бұзып отырған жоқпын ба?» деген көкейде үнемі тұрар осы бір сауалмен өлшеп басуға дағдыланғанымыз абзал. Әлбетте, ол үшін Қазақстан заңдарының қарапайым адамға ұғынықты да түсінікті болуының маңызы ерекше. Апта сайын, болмаса ай сайын қабылданып, күшіне еніп жатқан түрлі заң атаулыны құқық қорғау саласының мамандарынан өзгелер толық біліп жатады деп айтудың өзі бекершілік. Заңның өзі, ең бастысы, сол заңның мақсаты бұқара халыққа жете де бермейді.

Халықтың құқықтық сауатсыздығы немесе заңды білмеуі заңсыздық әрекеттерге баруға бір себепкер болса, екіншіден, кей жағдайда құқық қорғау саласы қызметкерлерінің де заңсыз әрекеттер жасауынан наразылық та, жүйеге деген сенімсіздік те азаймай отыр. Осы орайда қалың бұқараға қолжетімді болатындай «Жаднама» (памятка) шығарып отыруды қолға алған абзал болады ғой деп ойлаймын. Мысалы, қазір кез келген емхана мен дәріханаға бара қалсаңыз, түрлі ауру және одан сақтану жолдары қысқа да нұсқа түрде баяндалған жаднамаларды оқып, кейде үйіңе де алып кетіп көп жайды білесің әрі түсінігің де кеңи түседі.

Ойлап отырсақ, біз әзірге заңды тек құқық қорғау органдары үшін ғана жазып, қабылдайтын сияқтымыз. Ал заң ең әуелі әрбір қазақстандық үшін, азаматтардың мүдделерін қорғау үшін жазылатындығын ескере бермейміз. Сондықтан «Қазақстан азаматының назарына!» деген шағын заңдық түсіндірмелер шығаруды қолға алу игі іс болар еді. Мысалы, «Қазақстан Республикасында мынадай заң қабылданып, ол күшіне енді. Бұл заңның мақсаты мынау. Осы заңды сақтау – әркімнің міндеті. Егер де осы заңды бұзатын болсаңыз, мынадай жаза аласыз» деп қысқа да нұсқа жаднамалар шығып тұрса, қарапайым халықтың заңдық сауатын ашуға мол септігін тигізер еді.

Қысқасы, жастарымызды тек заңмен тәрбиелеу жолынан басқаны көріп тұрған  жоқпыз. Мұны айтып отырғандағы себебіміз, өкінішке қарай,  сан ғасырлық дала демократиясының «үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без», «әке тұрып – ұл, шеше тұрып  қыз сөйлегеннен без» және де «арлы сөзге арсыз ғана жауап берер» деген ежелгі ұлттық қасиетіміз бен қағидаларымыз қазақ даласының кейбір көлдеріндей тартылып, суалып бара жатыр. Бүгінде ұрпағымыз әке-шешесінің ақылымен емес, «Интернет» желілеріндегі күні-түні үздіксіз беріліп жатқан небір бейадами ақпараттар арқылы ой-санасын қалыптастырып, бой түзеу үстінде. Бұл үдеріске қарсы тұрар бізде күш те, білім де әзірге жетер емес. Сондықтан енді мәселенің осы жағына мән бермей болмайды.

Заңға құрмет – мемлекетке құрмет! Біз осы қағиданы ең әуелі өзіміз терең ұғынбайынша, өз мемлекетіміздің заңдарын өзіміз терең біліп, сол заңды сақтап, сол заңмен өмір сүруді үйренбейінше, қоғамдағы берекесіздіктер мен заңсыз әрекеттердің шырмауынан шыға алмасымыз анық.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 

КӨКШЕТАУ