Кино • 06 Қаңтар, 2023

Сергелдең болмай, сериал жоқ

624 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Отандық кино өндірісі телесериалдармен толығып жатыр

Ұлттық арна бірқатар сәтті жобалар жасады. Алайда ойласатын жайттар да жоқ емес. Бір байқағанымыз, отандық телесериалдарды әлеуметтік топтарға бөліп түсіру үрдісі бар сияқты. Тарихи сериалдарды зиялылар, отбасылық сериалдарды үлкендер, бүгінгі күн туралы болса, жастар ғана көруге тиіс секілді. Яғни қандай сериал түсірілсе де белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесі көбірек ескеріледі. Басқалары соған фон ретінде ғана алынады. Сол себептен де біз әлі жалпыхалықтық сериал түсіре алмай келеміз.

Сергелдең болмай, сериал жоқ

Мысалы, «Хабар» телеарнасының «Мәншүк» телесериалын алайық. Осыны бала-шағамен отырып көретін сериал етіп түсіре алмағанымыз өте өкінішті. Мәншүктің өмірін ретімен баяндап отырып-ақ қызықты сюжет жасауға болатын еді. Жалпы сериал деген жанрдың ерекшелігінің өзі де осында. Алайда шығармашылық топ  Мәншүкке өткен өмірін ауызша айтқызатын жасанды тәсіл ойлап тапқан. Бұл тәсіл телесериалды былай қойып, тележурналистиканың өзінде «сөйлейтін бас» деп сыналып жүр.

Шығармашылық топ бұрынғыдай соғыс туралы кино көргісі келетіндердің де, қазіргідей ақтаңдақтарды айтуды парыз санайтындардың да көңілін қалдырғысы келмеген. Бірақ қай жағын­да жаңа мазмұн басымырақ екенін білмеген және қай жағын қалай алдыңғы планға шығару керегіне аса бас қатырып жатпаған. Ал сол екі топтың да артында халық, халықтың қолында шындық, шындықтың жолында тағдыр тұрғанын ескермеген. Қандай соғыс, қандай сая­си оқиға болса да, соның арасынан тағдырды суырып алып көрсету кез келген көркем туындының басты шарты екені назардан тыс қалған. Әйтпесе былай да оқып алуға болатын деректер үшін көркем шығарма жазып, сериал түсіріп әуре болудың не керегі бар?

Бұл сериалда Мәншүктен «сөйлейтін бас» жасағаны өз алдына, соғыс сюжетін де дайын үлгіге салып, бұрыннан бар схематизмге ұрынған. Тоқтаған жер­дің бәрінде әңгіме соғып отыратын ақжү­рек кәрі солдатты соғыс туралы кеңестік фильмдерден талай көргенбіз. Кеңестік идеологияның шеңберінде түсірілген белгілі кинофильмдерге қай жағынан болса да ұқсайтын тұстары өте көп. Мәншүктің өзін де ескілі-жаңалы оқулықтардан алғандай жаттанды қалыпта түсірген. Қазіргі заманда Мәншүк туралы бұлайша сериал түсіру, оның шын тағдырына да обал.

Сериалдағы соғыс көріністері де ойыншық танкімен соғысқандай, қуыршақ жаумен атысқандай, сахналық қойылым жасағандай тым жұтаң әрі нанымсыз. Егер керек десеңіз, соғыстың нағыз шындығы Мәншүктің майдандасы Әзілхан Нұршайықовтың күнделігінде жазылған. Ол әлдеқайда әсерлі әрі халықтық сипаты басым, ащы шындығы да бар. Бірақ сериал түсірушілер соны оқымаған, жеткілікті ізденбеген, жаңа мазмұн үшін күреспеген. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Мәншүк өлгенде қазақ жауынгерлерінің бәрі­нің жылағанын айтады. Ерлікпен, қаһармандықпен бірге өздерінің көрген қорлықтарын да меңзейді. Аз ұлт солдаттарына ас-суды алалап беріп, қиын жерге жұмсап төмендеткендерін, соған өздерінің наразылық білдіргендерін келтіреді. Демек Мәншүктің әкесін халық жауы еткен әділетсіз қоғам тағы алдарынан шығып отыр. Бұл жағдайды өжет қыз Мәншүктің де көрмеуі, мән бермеуі мүмкін емес.  Ондай шындық­тарды Ресей кинорежиссерлері өздері де ашықтан-ашық түсіріп, көрсетіп келе жатқалы қашан. Мысалы, Ресей телеарналарынан талай рет көрсетілген «Штрафбат» сериалында осыған ұқсас неше түрлі сұмдық көріністер бар. Солардың бәрін көрмей-білмей тап қазір соғыс жайында, оның ішінде Мәншүк туралы сериал түсіруге бола ма?

Енді бүгінгі өмір туралы Ұлттық арнаның тапсырысымен түсірілген, көрермен сұрауы бойынша биылдыққа тағы жалғасқан «Ақ жауын» сериалына келейік. Егер солай дегеннің өзінде, ол жалпы көпшілік халықтың емес, белгілі бір әлеуметтік топтың ғана сұрауы болуы мүмкін деп ойлай­мыз. Ең бірінші, сериалдың осы қалпында «Ақ жауын» деп аталуы күмән тудырады. Аты мен мазмұны сәйкес келмейді. Секен Тұрысбековтің атақты күйлерінің бірі осылай аталады, бұл атау сол күймен жақсы астасады. Халық солай қабылдап қалғаннан кейін, басқа ат таңдаса да қазақта сөз жетеді. Себебі қолдан жасалған жасанды мұң мен декоративті көріністерге негізделген сериал бұл атауды ашпайды. Сондықтан жалпыхалықтық сүйіспеншілікке бөлен­ген күйдің атын қор қылмай, сериалға өзіне лайықты басқаша бір атау беру керек еді.

Сондай-ақ бұл сериалда елу үш минут бойы бір үйлену тойының рәсімдері көрсетілуі тым ұзақ болды. Әдемі өмірді көрсетеміз деп, тоғышарлықты тәптіштеп кеткен тұстары шамадан тыс көп. Салыстыра айтсақ, атақты түрік сериалдарында хан-сұлтандар мен олардың ұрпақтарының үйлену то­йын бір-ақ эпизодпен береді. Басқасы басқа, тост көтеріп, тілек айту сияқты эпизодтардың енгізілуі сериалдың уақытын сағызша соза түсудің амалы сияқты. Тост айтқызып алып, соны талдатып қою да ешқандай әлеуметтік жүк арқалап тұрған жоқ. Ең бастысы, сериал сюжетіне арқау болған мәсе­лелер қоғамдық талқыға алып шығуға лайық емес. Бұл сериалдың қазіргі қоғамға қандай идея өткізу, нендей миф қалыптастыру мақсаты бар екені де түсініксіз. Біздіңше, сергелдеңсіз сериал жоқ, ал сериал деген сергелдең тудыратын ситуациялардан тұрады. «Ақ жауынның» кейіпкерлері уа­қыттарының көбін сергелдеңмен емес, сенделіспен өткізеді. Сергел­деңнің орнын сенделіс басқан жерде сериалда сүйекті сюжет те болмайды. Кей тұста «Ақ жауынның» кейіпкерлері әдемі киініп алып, не істерін білмей ерігіп жүрген адамдарға ұқсап кетеді. Өмірде солай екен деп, мақсатсыз адамдардан кейіпкер жасау сериал жанрының табиғатына да келмейді. Бізде осылар әдемі өмір мен тоғышарлықты шатастырып алған жоқ па екен деген күдік те бар. Жоғарыда айтқанымыздай, мұнда да жалпыхалықтық сюжет жоқ.

Осы екі сериалды қысқаша талдау­дан-ақ басқаларының да ортақ кем­шіліктерін шығарып айтуға болады. Қазіргі қазақ телесериалдарында қайталанбайтын образ, көрмесең тұра алмайтын ерекше сюжет, аңыз етіп айтып жүретіндей өзгеше тағдыр, адам жанын астаң-кестең етіп төңкеріп тас­тайтындай бір-екі эпизод, қоғамдық қайшылықтармен астасатын өткір конфликт, теңдеу шешкендей есіл-дертіңді жаулап алатын шытырман оқиғалар мен есте сақталып қалатындай өтімді фразалар кемшін. «Ақ жауындағы» сияқты «сүйіктім сыйлығымды қабылдай ма, қабылдамай ма» деп мың ойланып, жүз толғану ешқандай да интрига тудырмайды. Телесериалдарымыз, шынын айтқанда, бір көрмекке ғана жарайды, бұл онда қайтадан сағынып көретін тебіреністі сәттер жоқ деген сөз. Қандай тақырыптағы сериал болса да, кейіпкерлердің өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарынан бұрын, алдымен тағдырды алып шығу керек екенін тағы да қайталап айтқымыз келеді.

Соңғы кезде Ұлттық арна түсіріп жүрген тарихи сериалдардың халыққа ұнап жатқан себебі, олардың бәрін­де трагедиямен аяқталатын тұлғалар тағдыры бар. Бұл сериалдар кейіпкерлерінің идеялық күресі үшін қымбат десек, қатты қателесеміз. Оған дәлелді осыған дейінгі ең өтімді тақырыптарға түсірілген көркем фильм­­дердің қалай сәтсіздікке ұшырап жатқа­нынан да көруге болады.

Әрине, телесериалды көркем фильм­ге қойылатын шарттар бойынша түсіру де, бағалау да мүмкін емес. Алайда соңғы жылдары түсірілген телесериалдар көркем фильмдермен осы тағдырлы кейіпкерлері арқылы бәсекелесе бас­тады десек, аса қателесе қоймаспыз. Бұл тұрғыда Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты көп сериалы көркем фильмі табиғаты жағынан телесериалға өте жақын. Алдағы уақытта телесериал түсіргісі келетіндер кәсіби біліктілікке байланысты осы фильмді үлгі етіп алғаны жөн шығар.

Қалай дегенде де қазір телесериалдар теледидарда ғана емес, жалпы кино өндірісінде әжептәуір дүмпу тудырып жатқанын мойындауымыз керек. Әсіресе Ұлттық арна ұсынған біртуар тұлғалар туралы сериалдар қалың көрерменнің қызу талқысына түсіп жатыр. Бұл тұрғыдан «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян қазақ», «Мағжан. Мен жастарға сенемін», «Әлкей. Ғұлама ғұмыр» сериалдары ешкімді бейтарап қалдырмағанына бәріміз куәміз. Теріп қана айтсақ, «Міржақып. Оян қазақта» кітап негізгі интригаға айналады. Ол тіпті Міржақып пен Гаяның махаббат интригасынан әлдеқайда күшті шыққан. Кітаптың тағдыры адам тағдыры секілді жеке линияда алынуы бұрын-соңды болмаған шығар. Әртүрлі әлеуметтік топ, тап, қызмет өкілдерінің «Оян, қазақ» деген бір кітапқа қатысты интригаға тартылуы шынайылықпен берілген. Осы көріністер сериалды халыққа етене жақын етіп, баршаға ортақ ықылас тудыра алған деуге болады. Сол сияқты, «Мағжан. Мен жастарға сенемін» сериалындағы «Менің жүрегім бір күні өлімнің, бір күні өмірдің алдында билеп жүр»; «Ұлтшыл болмасаң, ұлтқа қалай перзент боласың?» тақылеттес сөз орамдары мен фразалар; «Бай қолындағысын бере ме?» десе, «Біз бармыз ғой, береді» дейтін екі қызыл әскердің диалогі өте сәтті шыққан. Осы ретте Ұлттық арна сергелдеңінен сенделісі көп «Ақ жа­уын» телесериалының жаңа маусымына берілген мүмкіндікті, Мағжан туралы телесериалдың жалғасына қиғанда әлдеқайда ұтатын еді. Мұнымыз біртуар тұлғалардан басқа тақырыптарға телесериал түсірмеу керек деген сөз емес. Қайта аталған сериалдар бұл салаға серпін әкеліп, сенімділік тудырғанын баса айтқан жөн.

Сонымен қазақ телесериалдары күрт еңсе тіктеген күрделі бір кезеңнен өтті. Ұлттық арна мен «Хабардан» өңге де телеарналар жарыса телесериалдар түсіре бастады. Алдағы уақытта өзара бәсеке туып жатса, қуана қол соғар едік. Тағы бір айтарымыз,  телесериалдардың көлемімен бірге, әрбір жеке сериясының уақытын да заманға сай ықшамдау туралы бастама дер кезінде көтеріліп отыр. Өйткені телесериалдар қазақша бекер телехикая деп аталып жүрген жоқ. Бір жағынан телероман деп атаса да жарасып тұр. Ал әдебиетте романдардың тараулары қысқармағанмен, беті аза­йып жатқаны заман өзі таңған шындық. Одан бос сөзділіктен арылып, көркемдік сапа алға шыққаны да өтірік емес. Жақында ғана Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құрған телесериалдар жөніндегі қоғамдық кеңес осы бағытта жемісті жұмыс істейді деген үміт зор.

Қай үйге барсақ та, қазақша се­риал көретін бір кейуана отыратын еді. Абай, Ахмет, Міржақып, Мағжандар телеэкранға шыққалы, жастар да сериал көре бастапты. Жалпыхалықтық сериал түсірудің алғашқы нышаны осы шығар деп түйдік.

 

Жүсіпбек Қорғасбек,

жазушы, кинодраматург