Руханият • 06 Қаңтар, 2023

Тектіден текті туады

492 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр Қазақстанның халық жазушысы, санаткер, драматург Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100 жыл толды. Отандық әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгердің немересі Дина Саянқызы атасының мерейтойына керемет сый жасағанын айтқымыз келеді.

Тектіден текті туады

Мектеп жасынан спортқа етене жақын болған Дина түрлі жарыс­та ел намысын абыройлы қорғап, қазіргі кезде жанкүйерлерінің қошеметіне бөленіп жүр. Солар­дың арасындағы ең елеулісі – 2019 жылы АҚШ-тың Га­вай штатындағы Каилуа-Кона қала­сында триатлоннан әуес­қойлар арасында өткен әлем чемпионатына («Ironman») қатысуы. Спорттық бұл түрінде аталған жарыста жүлдегерлер санатынан көріну былай тұрсын, жолдама алудың өзі оңай шаруа емес. Осы жайттың өзі-ақ кейіпкеріміздің қандай ауыр сынақтан өткенін аңғартса керек.

Дина Шаймерденованың бас­қа да табысы аз емес. Былтыр ол Бі­рік­­­кен Араб әмірлігінде ұйым­­дас­тырылған «Ironman 70.3 Dubai» додасында күміс медаль иеленсе, Әзербайжанда тұсауы кесілген «IronWind 70.3»  турнирінде бас жүлдені олжалады. Сонымен қа­тар елордада жалауы желбіреген «IRONMAN 70.3 Astana» жа­ры­сының абсолютті сайысында үшінші орынға табан тіреді. Ал таяуда ғана Дина АҚШ-тың Юта штатындағы Сент-Джордж қаласында жалауы желбірген әлем чемпионатында («Ironman 70.3») қола медальді мойнында жар­қыратты. Төрткүл дүниенің кілең мықтысы жиналған жарыс­та бұған дейін атақты велошабандоз, Олимпия ойындарының жеңімпазы Александр Винокуров қана жеңіс тұғырына көтерілген еді. Осылайша, Шаймерденова өз есімін осындай дәрежеге жеткен Қазақстанның тұңғыш триатлоншы қызы ретінде спорттық шежіреге тіркеді.  

Негізі Дина кәсіпқой спортшы емес. Оның екі жоғары білімі бар. Сөз орайы келгенде, 2021 жылы Д.Шаймерденованың «Ерен еңбегі үшін» медалімен мара­патталғанын айта кеткен абзал. Ол қаржы саласы бойынша бас­шылық қызмет атқара жүріп, спортты да серік етіп жүр. Ал триат­­лонға ден қойғанына бар-жоғы жеті жылдай ғана уақыт бол­ды. Соған қарамастан, Дина Саян­қызы халықаралық аренада өзі­нің мықтылығын мойындатып үл­герді. Міне, «тектіден текті туа­д­ы» деп осындай да айтылса керек.  

Дина әр сөзінде әкесі Саян Шаймерденовтің бала жүрегіне спорт пен саламатты өмір салтына деген сүйіспеншілікті қалап кеткенін айтады. Иә, бұл есім жанкүйерге жақсы таныс. Кезінде сырмінез Саянның өнеріне сүй­сінбеген жанкүйер жоқ-ау, сірә! Көгалдағы хоккейдің хас шебері болған ол Алматының даңқты «Ди­намосының» намысын абы­роймен қорғап, сегіз дүркін КСРО чемпионы атанды, екі рет күміске қол созды. Еуропа чем­­пиондары кубогін иеленіп, бас­­қа да байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілді. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары кеңес од­а­ғының ең мықты ойыншы­ларының бірі әрі бірегейі бол­ған Саян Сафуанұлының «Ха­лық­аралық дәрежедегі спорт шебері» деген атағы бар. Кейін­нен бапкерлікке ден қойып, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және еліміздің көгалдағы хоккей федерациясының президенті қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, Динаның өсіп-өніп, ел ертеңін ойлайтын тұлға болып қалыптасуына атасы – Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, «Отан» орденінің иегері Сафуан Шаймерденов те маңызды рөл атқарды.

Атасының ұлт әдебиетіндегі және әкесінің отандық спорттағы жетістіктері Динаны әркез жар­қын жеңіске жетелеп, үнемі шабыт­тандырып отырады. «Асыл атамның жүріп өткен жо­лы­на қарап, мен адалдық пен әділ­дік, ізгілік пен жанашырлық, жауапкершілік және тағы басқа көптеген адами қасиетті бойыма сіңірдім. Алдыма биік мақ­сат қойып, соған жету үшін тын­­бай еңбек етуді үйрендім. Ота­нымды, елім мен жерімді сүюдің маңыздылығын терең ұғын­дым. Атам мен әкемнің өмір­лік қағидаттары бұл күндері маған жұмыста да, спортта да көп көмек беріп жүр», – дейді Дина.

Жыл жабылар тұстағы АҚШ-тың Юта штатындағы Сент-Джордж қаласында өткен әлем чем­пионатындағы («Ironman 70.3») жарқын жеңісін Дина Саянқызы атасы, Халық жазушысы Сафун Шаймерденовтің ғасырлық мерейтойына арнады.