Қоғам • 06 Қаңтар, 2023

Мамандық таңдаудағы маңызды тетік

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жасөспірімдерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, саламатты өмір салтын насихаттау – қоғамдағы маңызды мәселе. Мегаполис жастарын жұмыспен қамту, олардың еңбекке араласуға ынтасын ояту мақсатында түрлі іс-ша­ра­лар ұйымдастырылып отыр.

Мамандық таңдаудағы маңызды тетік

 

Білім мен білігі ұштасқан, озық технологияны еркін меңгерген жас­тар – ел ертеңі. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының «Алматы жастары» жобасы аясын­да «Social project mаnаgement орта­лығы» қоғамдық қоры осы бағытты нысанаға ала отырып, арнайы семинар-тренинг өткізді. Жастардың жаһандану үрдісіне ілесе алмауы, уақытын бос дүниелерге жұмсауы, еңбек ақының аз болуы, ата-анамен арадағы сыйластықтың азаюы құлықсыз жастардың қатарын молайтқан. Алматы әкімдігінің Ха­лықты жұмыспен қамту орта­лығы­ның мәліметіне сүйенсек, 2022 жыл­дың екінші тоқсанында қалада тұрақты жұмысы жоқ жастардың үлесі 5,8 %-ды құраған. Олардың бәрі жұмыс жоқтықтан сенделіп жүр деуге ауыз бармайды.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Болашақ білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақтың қолында. Мағжан сенген, ел сенген жастар қандай болу керек? Осы мәселені шешу үшін мектептер мен жоғары оқу орындарында, колледжер мен әскери оқу орындарында психолог мамандардың қатысуымен семинар-тренингтер өткіздік. Семинарда жасөспірімдерді дұрыс мамандық таңдауға бағыттап, кейін сол сала бойынша білікті маман ретінде қызмет етуге шақырдық, – дейді «Social project mаnаgement» орталығының директоры Бейбіт Молдахметұлы.

Мамандық таңдау – адам өмі­ріндегі ең маңызды шешімдер­дің бірі. Сол шешімді дұрыс таңдау­ларына жол көрсету мақсатында өткен кездесуге жастар белсенді қаты­сып, көкейлерінде жүрген сұ­рақ­тарына жауап алды. Еліміздің еңбек нарығын дамыту – жастарға көңіл бөлуден басталады. Кездесуде мамандық таңдаудың маңызды тетіктері сараланып, кәсіби мамандар бағыт-бағдар берді. Семинарға қатысқан студенттер болашақта өздері таңдаған сала бойынша же­місті еңбек ететіндерін тілге тиек етті.

«Жобаның басты мақсаты – жастардың жаhандану үрдісіне ілесіп, уақытын пайдалы істерге арнауға дағдыландыру» дейді семинарды ұйымдастырушылар. Ел ертеңін еңбекке бейімдеуге бағытталған іс-шарада жастарды мемлекеттік бағдарламаларға тарту, кәсіби қабілеттерін арттыру, бизнес бастауға баулу, үкімет тарапынан берілетін гранттар туралы ауқымды ақпарат ұсыну мәселелері қамтылды.

 

АЛМАТЫ