Экономика • 06 Қаңтар, 2023

2023 жыл мұнай нарығы үшін жайлы бола ма?

343 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жаһанның экономикалық ауа райына қатты әсер ететін бірегей фактордың бірі – мұнай өндірісі және мұнай бағасы. Мұнай – Қазақстанның басты экспорттық тауары. Сондықтан оның бағасы құлдыраса немесе тасымалына қатысты кедергі туындаса, тұтас экономикамызға төнген қатер болып саналады.

2023 жыл мұнай нарығы үшін жайлы бола ма?

Әрине, бұл ешқандай да артықшылық емес. Футболда бір көшбасшыға байланған команда тағдыры қаншалықты қыл үстінде тұрған болып есептелсе, экономиканың да бір ғана тауар экспортына арқа сүйеуі – үлкен тығырықпен пара-пар. Бұл бір ашық теңізге қалт-құлт еткен жалғыз қайықпен шығып кеткенмен бірдей тәуекел.

Мұнай қымбат болып, дәуірлеп тұр­ған шағымызда не істемедік? Аста­наны салдық, «Астана» атауымен спорт брендтерін қалыптастырып, қаптаған легионерге аста-төк ақша төледік, шенеуніктер тіпті қазына қаржысын жымқырып үлгере алмай жатты, «жасыл энергетика» тақырыбын ту етіп ЭКСПО өткіздік (мемлекет әлі көмірге тәуелді, газдандыру жұмыстары жарты жолда тоқырап тұр), елорда әуежайы түрлі форумға келген қонақтардан босамайтын болды, Еуразиялық экономикалық одақ аясына біріктік, мұнай тасымалын Ресей территориясы арқылы жүргізіп, экспорттың 80 пайызын сол бағытқа аудардық. 2008 жылы шым-шымдап шарпып өткен қаржы дағдарысы 2014-2015 жылдары қайта айналып соқты, ол кезде де зардабын толық сезінбедік, форум өте берді, шенеу­ніктер қазынаға қол сала берді, бай мен кедейдің арасы алшақтауға айналды, 2020 жылы маңдайдан соққан пандемия ес жиғызбай құлатты.

Бізді ғана емес, әлем елдерін де. Мұнай бағасы күрт құлдырады. Барреліне 100 доллардан еркін асқан шалқыған дәурен бір-ақ сәтте ғайып болды. Ол қиындықтың бұғауынан да әне-міне сытылып шыққандай болып едік, Ресей мен Украина арасында соғыс басталып, өңірдегі геосаяси өрт лап ете түсті. Бұл тәуекелдің зардабы жылдарға созыларын айту үшін сарапшы болу, саясаттанушы болу міндет емес.

Былтыр елімізде шамамен 84 млн тонна көлемінде мұнай өндіріліп, 65 млн тоннасы экспортталды. Экспорт біршама азайып қалды (4,1 пайызға). Бұған әрине, басты себеп – жоғарыдағы тұспалымыздың анық жауабы – Каспий құбыр консорциумының (КТК) бірнеше рет істен шығуы. Осы мұнай тасымалдау жүйесі аясында қазақстандық Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында өндірілген мұнай Қара теңіздегі Новороссийск портына таяу орналасқан терминалдарға жеткізіліп, сол жерден танкерлерге тиеліп, әрі қарай Еуропаға жеткізіледі. Қазақстан өз мұнайын 2001 жылдан бері осы КТК-мен тасымалдайды.

КТК алғаш рет 2022 жылы наурыз айында жұмысын тоқтатты. Компания басшылары Қара теңізде тұрған қатты дауыл салдарынан екінші және үшінші айлақтық құрылғылардың жұмысы тоқтап қалды деп мәлімдеді. Кейін экологиялық ережелер бұзылды деген айыптаумен Новороссийск аудандық соты құбыр жұмысын 30 тәулікке доға­рып қойды. Сосын айыппұл төлет­кізіп, қайта іске қосты. Кейін «айлақ­тық құрылғылардың зақым келген жерлеріне техникалық жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізетін» болып тамыздың соңында тасымал тағы қысқарды. Алайда сарапшылар мұның барлығының астарынан саяси себеп көреді. Мәселе, ресми Астананың Кремль пікірімен тоқайласпай қалған­дығында және Украинаға гуманитарлық қолдау көрсетуінде деп түсіндірді сарапшылар. Қазақстанда Украинаны қолдау митингтерінің өткізілуі де Ресей билігінің шамына тиген болуы мүмкін. Бұл ретте олардың қолынан келер бірегей кедергі – шетелге тасымалданып, орасан пайда түсіріп тұрған басты әрі жалғыз құбырдың шүмегін кері бұрап тастау.

Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, тағы бір түйткіл – бұрын КТК арқылы тасымалданып, өте тартымды өнімге айналған қазақстандық қоспа (CPC Blend) сақтандыру құнының және танкер фрахтының (танкерді жалдау бағасы – ред.) өсіп кетуіне байланысты Brent маркасына 5 долларлық жеңілдікпен сатылып жатыр. Көктемде жеңілдік 13 долларға дейін барған еді. Жалпы, өткен жылдың басында Brent мұнайы барреліне 79-80 доллардан сатылса, өзінің максималды биігіне нау­рыздың алғашқы жартысында шықты: барреліне – 123 доллар. Ең төменгі баға желтоқсанның алғашқы күндерінде тіркелді: барреліне – 76 доллар.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов өт­кен жылдағы біршама қауіпті оқиға­ларға қарамастан ел экономикасы­ның біржола құлдырап кетпегенін айтады.

«Біздің басты экспорттық құбы­­ры­мыз – КТК-ның айнала­сын­дағы дау-дамайға қарамастан Қазақстанның мұнай экспорты тұ­рақтылық көрсетті. Иә, 3-4 пайызға кері кетті, бірақ қазір соның орнын толтырып жатыр. Өткен жыл геосаяси тұрғыдан турбулентті бол­ғанымен, экономикалық тұрғыдан айтарлықтай жақсы өтті. Әйтпесе, біз қатты қауіптенгенбіз. Былтыр болған ең қиын ахуал – Украинадағы жағдайға байланысты ұзақмерзімді жоспарлаудың мүмкін еместігі және әлем бойынша қауіп-қатердің өрши түскендігі. Бірақ отандық бизнес жаңа тәуекелдерге тез бейімделуде және 2023 жылы сөзсіз өсім траекториясына шығады», дейді сарапшы.

Биыл Қазақстан 90,5 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Соның 71 млн тоннасы экспорт­қа шыға­рылуға тиіс. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2022 жылы мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақ­параттық жүйесі іске қосылды және пай­далануға берілді, бұл бүгінгі таң­да мұнай айналымының 95 пайызын бақылауға мүмкіндік береді. 71 млн тонна аз көлем емес, оған қоса КТК тәуекелі бар, Қазақстан былтыр бастаған «тасымал маршрутын әртараптандыру» жобасын биыл да қарқынды жалғастыратыны белгілі. Бұл ретте Әзербайжан, Иран және Қытай арқылы тасымалды өрістету басым перспективаға айналғалы отыр. Басқа бағыт туралы сөз бола бастағанда Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры алғаш болып ауызға ілігеді.

«Бұл әрине, қызық маршрут. Алайда жобаны іске қосу үшін бірқатар мәселені шешу қажет. Сыйымдылығы 10 мың тонналық танкерлер сатып алу керек. Өйткені үлкен танкерлер жағалауда қайраңдап қалады. Құбыр желісінің жыл сайынғы өткізу қуаты небәрі 1,5 млн тонна болғандықтан Сангачал бөгетін кеңейту керек болады. Біз КТК арқылы 55 млн тонна мұнай экспорттайтынымызды ескерсек, 1,5 млн тонна дегеніміз тым аз көрсеткіш. Күрделі логистика тасымал бағасын кем дегенде үш есе қымбаттатып жібереді», дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Дегенмен биылдан бастап Баку – Жейхан – Тбилиси арқылы жылына 1,5 млн тонна мұнай экспорттала бермек. Алдағы уақытта оның көлемін 6-6,5 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. Бұл туралы былтыр қарашада Пар­ламент кулуарында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтқан болатын.

Сарапшының тағы бір айтқаны, соңғы кезде Атасу-Алашаңқай мұнай құбырын кеңейту мәселесі де қозғалып жүр. Оның өткізу қуаттылығы – жылына 20 млн тонна. Бірақ Қызылордада мұнай өндіру көлемі жыл санап аза­йып келеді және тек 1 млн тонна ғана Қытайға жіберіледі. «Сондай-ақ қазір ресейлік мұнайды Қытай арқылы қайта экспорттап отырмыз. Соның бір бөлігі зауыт жұмысына ыңғайлы болу үшін Павлодар мұнай өңдеу зауытына жөнелтіледі. Келешекте құбырды Атасу бағытына қарай кеңейту жоспарланған. Бұл экспорт көлемін арттырады», дейді сарапшы.

Қазір Энергетика министрлігі бірнеше қосымша бағытта тасымалды дамыту бойынша жоспарларды қарастырып отыр. Ең бірінші кезекте – Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту, оның шеңберінде теміржол бағыттарын жаңғыртуды жүзеге асыру және теміржол вагон-цистерналарының тауар паркін кеңейту, сондай-ақ Ақтау теңіз сауда портындағы мұнай құю айлақтарын реконструкциялау және жаңғырту керек. Одан соң, Новороссийск, Усть-Луга порттарына одан әрі тасымалдаумен Атырау-Самара бағдарының қуатын қосымша жүктеу де басты назарда болады. Қазақстан-Қытай мұнай құбырының кейбір учаскелерін кеңейту мәселелерін қоса алғанда, Қытай Халық Республикасына мұнай экспортын ұлғайту жоспарлануда. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау және Құрық порттары арқылы мұнай экс­порттауды екі есе – жылына 20 млн тон­наға дейін арттыруды тапсырған еді. Осын­дай әртараптандыру жұмыстарына қарамастан жақын келешекте КТК бәрібір басты экспорттық бағыт болып қала бермек. Мұны министр сөзі де растай түседі.

«Алдағы жылы Каспий құбыр консорциумының қазақстандық учаскесіндегі кедергілерді жою жобасы аяқталады. Бұл өткізу қабілетін жылына 53,7 млн тоннадан 72,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», дейді бас энергетик Болат Ақшолақов. Әрине, ә дегенде басқа бағыттарға ауысып кету мүмкін емес. Тиісті келісім, тиісті инфрақұрылым даяр болу қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту үшін 20 млрд доллар көлемінде инвестиция керек.

«Түрік мемлекеттері Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғап жатыр. Сол себепті қазіргі өтпелі кезең транспорт-транзиттік коммуникация әлеуетін арттыру және олардың мүмкіндігін максималды пайдалану бойынша ерекше маңызға ие. Сондықтан біз транспорттық-логистикалық саланы дамытуды маңызды деп санаймыз. Оның дамуы үшін Қазақстан соңғы 15 жылда 35 млрд доллар жұмсады. Біздің еліміз транспорттық мар­шруттарды әртараптандыруға және логистиканы дамытуға мүдделі. Бұл мақсатта 2025 жылға дейін 20 млрд доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз», деген еді Пре­зидент Самарқандта өткен Түркі мемлекеттері ұйымы елдері көшбас­шыларының саммитінде.

Айта кетер болсақ, Қазақстан мұнайы­ның ең көп көлемі – 17 млн тонна Италияға сатыла­ды. Одан бөлек, қазақ мұ­найын сатып алу бо­йынша үздік он­дыққа Нидерланд (5,5 млн тонна), Корея (5,2 млн тонна), Қытай (5,1 млн тонна), Түркия (3,8 млн тонна), Франция (3,3 млн тонна), Румыния (3,2 млн тонна), Сингапур (2,8 млн тонна), Испания (2,7 млн тонна) және Үндістан (2 млн тонна) кіреді.

2023 жылдың алғашқы күндерінде Brent маркалы мұнай барреліне 84 доллардан сатыла бастады.