Экономика • 06 Қаңтар, 2023

IT-жобаларды қолдау

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Astana Hub халықаралық IT-стар­тап­тар технопаркінің Startup Orda өңірлік IT-кәсіпкерлерді дамыту бағдар­­лама­сы өз мәресіне жетті. Бағ­дар­лама­ны қорытындылау мақса­тында Demo Day жобалар байқауы ұйымдас­тыры­лып, жалпы жүлде қоры 5 млн теңге көле­мінде ақшалай грант берілді.

IT-жобаларды қолдау

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Екі айға созылған стартап-инкубатор Қазақстанның 10 қаласында – Ақтөбе, Ақ­тау, Қостанай, Орал, Павлодар, Тараз, Қы­зыл­­орда, Петропавл, Талдықорған, Семейде өтті.

Startup Orda-ға қатысу үшін ел бойынша барлығы 7 мыңнан астам өтінім түсті. Оқу бағдарламасы кезеңінде 285 іс-шара ұйым­дастырылып, оған өңірлер бойынша IT сала­сын дамытуға мүдделі 10 мыңға жуық адам қатысты.

Бағдарламаны қорытындылаған Demo Day аясында қалаларда жобалар жәрмеңкесі өтіп, қатысушы командалар қазылар алқа­сы алдында қысқаша «питч» форматында өз идеяларын таныстырған болатын. Жоба­ның соңғы мәресіне 200 команда шы­ғып, өз IT-идеяларын ұсынды. Соның ішінде қазақстандық нарық контекстіндегі идеяның жаңалығын, болашақта жобаның нәтижелілігін, идеяның импактісін, яғни өнімнің проблемаға оң әсерін, өнімнің ауқымдылығын, әрі инновациялылығын ұсынған 100 жоба үздік атанды. Ақшалай сыйлықпен қатар жеңімпаздар елордалық технопарктің білім беру бағдарламаларына қол жеткізіп, стартаптар мен инновациялар саласында өз дамуын жалғастыруға мүм­кіндік алды.

Ең мықтыларын анықтау үшін құзыретті комиссияның құрамына жергілікті атқа­ру­шы билік органдарының өкілдері, кәсіп­керлер, сондай-ақ Astana Hub сарапшылары шақырылды.

Жобалар арасында Ақтаудан Qarapaiym­Emdeu стартапын атап өтуге болады. Оның толық гуманоидты робот-терапевті Senim­Plus – терапевт ағынын жеңілдету және науқас­тарды анықтау мақсатында жасалған жасан­ды интеллект пен механиканың жиын­тығы. Температура, импульс, қанның оттегімен қанықтылығы, көздің шаршауы­н талдау арқылы, сондай-ақ пациенттің ауыз­ша көрсеткіштері арқылы робот болжам­ды диагнозды, емдеуді және кейіннен медициналық анықтамаларды анықтай отырып, диагностика мен талдау жасай алатыны да бар.

Қауіпсіздік тақырыбын тараздық стартап – Qauipsiz қозғаған болатын. Бұл – ұялы телефонға сигнал беретін жоғары жиілікті антеннаны пайдалана отырып, газ буы немесе өрт кезінде қоңыраумен дереу ескертетін шағын сенсор-құрылғы. Сондай-ақ стартап құрыл­тайшылары жұмыс барысында төтенше жағдайлар министрлігі, төтенше жағдайлар департаменті ұйымдарын, мемле­кеттік нысандарды, қонақүйлерді, құрылыс компаниялары мен тұрғын үйлерді негізгі тапсырыс берушілер ретінде көретіні сөзсіз.

Талдықорғандық белсенділер See The Future жобасымен көзі нашар көретін жан­дарға көмек көрсете бастады. Жас жігіттердің дайын өнімі экожүйелік құрылғы, яғни нейрондық желі, Lidar (Real Sense) сенсоры бар камера және құлаққаптар мен мобильді қосымшадан тұрады. Құрылғыны пайдаланушы белгісіз ортада шарлау мүмкіндігіне ие бо­лып, бұл өзара күнделікті шектеуге то­лы өмірде қолайсыздықты жоятыны сөзсіз.

Қызықты стартаптар тізімін Jolga мо­биль­­ді қосымшасы жалғастырады. Бұл инно­вция­лық шешім AR технологиясына, 360 градустық фотосуреттерге, сонымен қатар Қазақстанның туристік аймақтарын оңай зерттеуге арналған табиғи орындар туралы толық ақпаратты бере алатын 3D карталарына негізделген. Сонымен қатар ақпарат жеткіліксіз болып көрінсе, жергілікті гидпен оңай байланысып, белгілі бір локацияның орналасқан жері туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді білуге мүмкіндік бар. Аймақтың толық бейнесін қалыптастыра отырып, мо­бильді қосымша баруды жоспарлап отыр­ған жердің сипаты мен жағдайын сездіреді. Бұл жоба Қазақстандағы туризмді дамытуға және ілгерілетуге бағытталған.

«Бірнеше жылдан кейін көптеген қызмет салалары, сондай-ақ туризм IT технологиясыз өмір сүре алмайды. Біз пайдалануға оңай мобильді қосымшаны ұсынамыз, сондай-ақ онлайн тәжірибені барлығына қолжетімді етеміз», деді Jolga мобильді қосымшасын ұсынған павлодарлық Асылхан Сәрсенбаев пен Ахметжан Қаумұхамед.

Жалпы, екі айлық оқыту барысында бағдарламаға қатысушылар бизнес-идеяны қалыптастыру, нарықты талдау, мақсатты аудиторияны зерттеу, бизнес-модель құру және идеяны монетизациялау тәсілін таңдау бойынша қажетті білім мен дағдыларға ие болды. Сондай-ақ өз жобаларының тұсау­кесерлері мен питчингтерін дайындап, маркетинг, зияткерлік меншікті қорғау және стар­таптарды мемлекеттік қолдау шаралары бо­йынша қосымша кеңестер де түйген болатын.

Жоғарыда айтылған өңірлерде бағдар­ламаға қатысуға тіркелу тегін екені, әрі нәти­жесінде IT саласында стартап-жобасын бастаған барлық мүдделі тұлға инвес­тор­ларға идеяларын немесе дайын өнімін ұсына алатыны алдын-ала айтылған болатын.

Еске сала кетейік, Startup Orda – жаһандық трендтер негізінде құрылып, әлемдегі IT-техно­логияларды дамытудың маңыз­ды­лы­ғын ескере отырып ұйымдастырылған бағ­дарлама.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024