Экономика • 06 Қаңтар, 2023

Кәсіпкерді қолдау

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр Қазақстан үшін тәуекелге толы жыл болды. Әсіресе геосаяси жағдайдың тым қатты ушығуы отандық сауда саласына елеулі зиянын тигізді. Тауар жеткізу тізбектері бұзылып, тауар өндірушілер шикізат пен материалдардың тапшылығына тап болды. Бұл өз кезегінде соңғы өнімдер мен қызмет көрсету бағасына әсер етті. Тәуекелдерді барынша азайту және әлеумет­тік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын белгілеу мақ­сатында Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруа­шылығы министрлігі бірлесіп, заңнамаға өзгерістер енгізді.

Кәсіпкерді қолдау

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиевтің айтуынша, ведомство сауда желілерін айналым тізбегі бойынша қар­жы­ландырудан бас тартты және өндірушілерді тікелей қаржы­ландыра бастайды.

«Биылдан бастап отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2023 жылғы ақпан­ға дейін 2023 жылғы күзгі егінге қаражат алатын болады. Фор­вардтық ақша агроөнер­кәсіп кешендеріне алдын ала келісім­шарттар жасауға және өңірдің көкөністерге деген үш айлық қажеттілігінен өнім көлемінің 30 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни өндіру­шінің ішкі нарыққа көкөністер мен жемістерді жеткізу бойынша қарсы міндет­теме­лері болады», деді вице-министр Астана қаласының бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуде.

Тағы бір міндет – көкөністі ерте сатып алуды қамтамасыз ету. Оны уақтылы сатып алу мау­сым­аралық кезеңде бағаның күрт ауытқуын болдырмауға көмек­теседі. Вице-министрдің айтуынша, Тәжікстан мен Өзбекстаннан пияз, сәбіз және қырыққабат жет­кізу бойынша алдын ала келі­сім­дер жасалған. Қазір Иран мен Пәкістаннан көкөністі импорттау мәселесі пысықталып жатыр.

Өңірлік тұрақтандыру қорлары сәуір мен маусым аралығында нарықты көкөніспен қамтамасыз етеді. Бұл бағаның маусымдық ауытқуын болдырмауға септесуге тиіс. Қант бағасын тұрақтандыру үшін Астана қаласының әкімдігі мен төрт қант зауыты арасында тікелей шарттар жасалды.

Қазір өндіріс көлемі халықтың қажеттіліктерін өтемейтін 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі анықталған. Бұған атап айтқанда, сүт және сүт өнімдері және тауық еті кіреді.

А.Шакқалиевтің айтуынша, 2023 жылы республикалық бюджет нақтыланғаннан кейін ірі тауарлы сүт фермалары мен тауық етін өндіруді ұлғайтуға шамамен 400 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Мемлекеттік субсидияны еңбек өнімділігі жоғары және тауарлар айналымын қадағалап отыратын білікті өндірушілер алады. Міндетті талап – барлық өнім тек елдің ішкі нарығына жеткізілуі керек.

Министрлік өкілі «сіздерге сапалы өнім алып, оны сата алуыңыз үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Жалғыз өтініш – әлеуметтік жауапты, негізделген сауда үстемесі бойынша қарсы міндеттемелерді сақтау, бұл 10 пайыздан аспауға тиіс», деді.

Ведомство сауда айналы­мының ұлғаюына, өндірушілер санына және тауардың сөрелер­ге түсуіне тікелей әсер ететін зама­науи сауда инфрақұры­лымын құру бойынша жұмыс жүргізуде. Ауданы 3-тен 50 мың шаршы метр­­ге дейінгі сауда орталықтарын қаржыландыру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарлама шеңберінде 2023 жылдан бас­тап 5 млрд теңгеге дейін несиелер беру және бизнес үшін пайыздық мөлшер­леме­лерді жылдық 6 пайызбен субсидиялау ұсынылады. Бірінші кезеңде бұл мақсатқа шамамен 20 млрд теңге бөлінбек.

Министрліктің есептеуінше, өркениетті сауда форматтарының оңтайлы үлесі 75 пайызды құ­рай­ды. Көптеген заманауи сауда ор­та­лығының болуы тауар­лар­дың көлеңкелі айналымы мәсе­лесін шешуге мүмкіндік береді.