Қаржы • 06 Қаңтар, 2023

Ұлттық банк ұстанымы

479 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың желтоқсан айының қорытын­дысы бойынша теңге 1 доллар үшін 462,66 теңгеге дейін 1,3 пайызға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 132 млн-нан 141 млн долларға дейін ұлғайған. Сауда-саттықтың жалпы көлемі – 2,95 млрд доллар.

Ұлттық банк ұстанымы

Бір айда валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңгерімді болып, айырбастау бағамы нарық талаптарына сай қалыптасқан.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, квази­мемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айдың ішінде шамамен 328,7 млн долларды құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында сатуды екінші деңгейлі банктер арқылы өз бетінше жүзеге асырады.

«Желтоқсанда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 461 млн долларға валюта сатылды. Ұлттық қордан сату көлемі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 16 пайыз болды немесе бір күнде 31 млн доллардан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық банк нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты әрі біркелкі сату дегенді білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін мейлінше азайтуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау мақсатында Ұлттық банк былтыр желтоқ­санда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды, оның жалпы сомасы 43,2 млн долларды немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 1,5 пайызды құраған. 

Былтырғы желтоқсан айында Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

«Транспаренттілік қағидаты аясында Ұлттық банк валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы толық ақпаратты үздіксіз жариялайды. Қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режімін ұстануды жалғастырады», делінген хабарламада.