Қоғам • 06 Қаңтар, 2023

Шалғай өңірдің шаруасы мығым

340 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Уәлиханов ауданы Солтүстік Қазақстан облысының оңтүс­тік-шығысында орналас­қан, еліміздің Павлодар, Ақмола және Ресейдің Омбы облысымен шектесетін жер көлемі ірі аудандарының бірі.

Шалғай өңірдің шаруасы мығым

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Аудан тарихы терең. 1928 жылы Қызылжар округінің құрамында Қызылту ауданы болып құрылып, тікелей Қазақ АКСР-ның орталығы Алматыға бағынған. Орталығы Қу­лыкөл ауылы болған. 1932 жылы Қа­ра­ғанды облысы құрылғанда аудан осы әкімшілікке бағындырылып, аудан орталығы Кішкенекөлге ауыс­тырылады. Кішкенекөлдің өзі кейін «Қызылту» атауына ие болады. Ал 1997 жылы Қызылту аты қайтадан өзгертіліп, бұрынғы Кішкенекөлге ауыстырылды. Сол жылы ауданға Шоқан Уәлиханов есімі берілді.

Ауданның 15 мыңдай халқы бір­тек­ті, 90 пайызы қазақтар. Басқа ұлт­тар­дың әрқайсысы 1 мыңға жетпейді. Аудан орталығы Кішкенекөл облыс орталығынан 340 шақырым жерде орналасқан. Бұл облыстағы ең шалғай аудандардың бірі саналады.

Жуырда жазылым науқанына бай­ланысты осы ауданның қазіргі әкімі Қайрат Пішенбаевпен кездесіп, әңгіме-сұхбат құрған едік. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында мемлекетті дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалған. Біз осында айтылған тап­сырмаларды іске асыру бағытында қолдан келген шараларды атқарып жатырмыз», деп бастады ол өзінің сөзін.

Аудан экономикасының драйвері – ауыл шаруашылығы. 2021 жыл­дың қазан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда бұл саланың өсімі былтыр 3 пайызға артып, жалпы көлемі 39 млрд теңгенің өнімі алын­ған. Осы кезеңде алдыңғы жылмен са­лыс­­тырғанда салаға тартылған ин­вес­тиция көлемі де 11 пайызға көбейген.

Былтыр жаз аудан аумағын­да ыстық әрі құрғақ болып, астық шығым­­дылығы алдыңғы жылғыдан сәл төмендеді. Гектар берекелігі 10 цент­нер­ден айналып, барлығы 144 мың тонна астық жиналған. «Әрине, гек­тар берекелігін арттыруға агротехни­калық іс-шаралардың толық көлемде жүргізіл­мегендігі де кесірін тигізді. Оны жасыруға болмайды. Ал былтыр сол келеңсіздіктерді жоюмен күресіп, биыл молырақ өнім алуға тырысамыз», дейді Қайрат Сәкенұлы. 

Жері үлкен, жайылымы мол бол­ған­дықтан, бұл аудан мал шаруа­шылы­ғына көбірек назар аударады. Былтыр осы саланың барлық түрі бойынша 2021 жылмен салыстырғанда өсімге қол жеткізілген. Атап айтқанда, 4 мың тонна ет өндіріліп, былтырғыдан 2 пайызға, 44 мың тонна сүт өндіріліп былтырғыдан 1 пайызға артты.

Былтыр аудан шаруалары 3 мың бас асыл тұқымды мал сатып алуға қол жеткізген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Ауданда құны 2 млрд теңге болатын 3 жаңа тауарлы сүт фермасы іске қосылған. Соның ішінде Кішкенекөл ауылындағы «Жолдасбай-Агро» фермерлік шаруашылығы 1 224 бас сиырға арналған ферманы іске қосты. Бұл кәсіпорынның жалпы құны 5,2 млрд теңге, жылдық қуаты 6 мың тон­на сүт өндіруге жетеді. Сондай-ақ Ақбұлақ ауылындағы «Олжа Атаме­кен» және «JALAYR agrofoods» ЖШС әрбірі 1 300 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын бастап кетті. Жобалардың құны – 5,6 млрд теңге. Бұлардың қуаттылығы да жы­лы­на 6 мың тоннадан сүт өндіруге шақ­тал­ған. Фермалар пайдалануға беріл­ген­де жаңадан 78 жұмыс орны ашылмақ.

Ауданда игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекет мешігіне қайтару туралы Президент тапсырмасы жіті орындалуда. Былтыр 54,5 мың га жер ауданның жер қорына қайтарылды. Егістік жерлерді цифрландыру бүгінде 67%-ға орындалған. «Бұл жұмыс жалғастырылады», деді әкім.

Ауданның тас жолдары барлық басқа жердегі сияқты күрделі жөн­деуді қажет етеді. Автомобиль жол­дары­ның ұзындығы 704 шақырым болса, соның 74 шақырымы ғана республикалық маңызы бар жолға жатады. Облыстық маңызы бары – 223, ал аудандық маңыздағы жолдар 407 шақырым. Соңғы екі жылда осы жолдарды жөндеуге қыруар қаражат құйылды. Мәселен, Кішкенекөл ауылының ішіндегі 16 шақырым жолды жөндеуге 500 млн теңге қаражат бөлінді. Биыл тағы 22 шақырымын жөндеуге 598 млн теңге қарастыры­лып отыр. 2023 жылы жолын жөндеу жоспарланған ауылдардың бірі – Бидайық. Бұл Ресеймен шекаралас өңірде орналасқан мекен, оның 5 шақырымдық ішкі жолдарын жөндеуге 389 млн теңге қарастырылып отыр.

Биыл Ақжар ауданындағы Дәуіт стансасынан Кішкенекөлге дейін келетін республикалық ма­ңы­зы бар жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалған, мемлекеттік сараптамадан өткізілген, енді тек қаржыландыру қарастырылса, жөн­деу жұмыстары басталып кетпек. Міне, осы жұмыстар атқарылса, аудан жол­дарының 65 пайызы қана­ғат­танарлық дәрежеге жеткізіледі.

Ауданда медициналық ұйым­дардың материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Стоматологиялық қондырғы, электрокардиограф, дефибриллятор, акустикалық эмиссиялардан жалпы сомасы 16 млн теңгеден астам тіркеу жүйесі сатып алынбақ. Өкінішке қарай, ауданда дәрігер тапшылығы еңсерілмей отыр. Биыл 8 дәрігер, 4 орта деңгейлі медициналық маман келгенімен кардиолог, онколог, дерматолог, стоматолог, акушер-гинеколог сияқты мамандар ауадай қажет.

Аудан көлемінде 24 жалпы білім беретін, 23 мектепке дейінгі оқу меке­месі бар. Былтыр 2 мектепке 12,5 млн теңгеге арнайы кабинет­тер ор­на­тылған. Бұрын жылуға қосыл­маған 6 мек­тепке биыл жылыту қазандықтары са­лы­нып, барлық мектеп 100% қазан­дықтарға ауыстырылған.

Алыс аудан болса да мұндағы білімнің сапасы ешкімнен кем емес, жыл сайын ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Былтыр да облыс бо­йынша жоғары көрсеткішке ие бо­лып, орташа 81 балды алған. Соңғы 3 жыл­да ауданда 4 жаңа клуб және 1 кітап­хана ашылып, мәдениет саласы нысандарының жалпы саны 36-ға жет­ті. Былтыр Қулыкөл ауылындағы клуб­қа күрделі жөндеу жұмыс­та­рын жасауға 52 млн теңге бөлініп, толы­­ғымен игерілді. Ауылдық елді мекен­дерді дамыту мақсатына сәйкес Кішкенекөл ауылындағы саябақтың аумағын абаттандыру жобасына 569 млн теңге бөлінген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы