Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, осы жылдың екінші жартысынан бастап мемлекет меншігіндегі субъектілерге жаңғырту жұмыстары жүргізіле бастайды.
«Қазіргі кезде республика бойынша тозған инженерлік желілер көп, кейбір қалаларда осы көрсеткіш 80 пайызға дейін жеткен. Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында нақты міндет қойды, желілердің тозуын кемінде 15 пайызға төмендету керек. Біз желілердің тозу көрсеткішін, шамамен 15-20 пайызға төмендетеміз. Тариф көтеріледі, басқа жол жоқ», деді министр Сенат отырысында.
Тарифті көтеру бағдарламасы жеті жылға есептелген. Осы уақыттың ішінде тарифтер біртіндеп өспек. «Келесі жылы бір бөлігі өседі. Бәлкім, 20 немесе 30 пайызға, жалпы республика бойынша емес. Әрбір қаладағы нысандар мен желілердің жағдайына қарай есептеледі», деді ведомство басшысы.
Әзірге бізде коммуналдық қызметтер тарифі айтарлықтай өсім көрсетпеді. Finprom сарапшыларының есептеуінше, жылдық инфляция – 19,6, ал ақылы қызметтер бағасы 14,1 пайызға өсу жағдайында газбен жабдықтау тарифі жылдық динамикада тіпті өзгермеген десе де болғандай, жылу – 1,1, салқын су – 1,2, кәріз жүйесі – 2,9, электр энергиясы 8,1 пайызға ғана қымбаттаған. Дегенмен инженерлік инфрақұрылымның шектен тыс тозуына байланысты тарифті көтергеннен басқа амал қалмай отыр.
Тариф бағасының өзгеруіне әсер ететін факторлардың ішінде реттелетіні де, реттелмейтіні де бар дейді сарапшылар.
«Реттелмейтін факторлар қатарында барлық логистикалық процестердің қымбаттауы үлкен рөл ойнайды. «Коронадағдарыстан» кейін іле-шала келген геосаяси дағдарыс салдарынан жеткізу маршруттарының көбі үзіліп қалды. Әсіресе Ресей арқылы өтетін бағыттың жолы кесілді, ол маршрутпен негізінен машина, арнайы техника, құрылғы, аппаратура, құрал, бөлшектер әкелінетін еді. Енді осы техниканың барлығын тікелей өндірушіден, оның ішінде тек Еуропадан ғана емес, Жапония мен Кореяның өзінен алып келуге мәжбүрміз. Бұл бағаны қымбат ете түседі. Сондай-ақ валюта бағамының айырмашылығы да үлкен әсер етеді. Бұл ретте мәселе тек еуропалық және америкалық серіктестермен жұмыс істеуде маңызды саналатын еуро және долларға қатысты теңге курсында емес, сонымен бірге теңгенің рубльге қатынасы да ресейлік жеткізушілермен жұмыс істейтін компанияларға аса ауыр тиді. Егер 2019 жылы қарашада еуро 428,9 теңге тұрса, доллар 387,7 теңгені, ал рубль 6,1 теңгені құрады. Ал 2022 жылдың қаңтарында еуро – 471,9 теңгеге (+10 пайыз), доллар – 463,8 теңгеге (+19,6 пайыз), рубль 7,6 теңгеге (+25,5 пайыз) жетті. Сөйтіп, қазақстандық компаниялар үшін барлық импорттық құрылғылар мен техникалар бағасы аспандап шыға келді. Кері әсер еткен салдар қатарына жылу-энергетикалық ресурстардың қымбаттауы мен құрылыс материалдары бағасының өсуін де жатқыза аламыз», дейді сарапшылар.
Бұдан бөлек, реттелмейтін факторлар қатарында реттелетін қызметтер көлемінің төмендеп кетуі, төтенше жағдайлар салдарын жою, салық мөлшерлемесі мен міндетті төлемдердің өзгеруі, отын құнының өсуі (көмір, мазут), шұғыл жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, ұлттық валюта курсының өзгеруі бар.
Ал реттелетін факторларға мыналар жатады: тауарлық газдың көтерме бағасының өсуі; энергия беретін ұйымдардың электр энергиясына тарифтердің өсуі және жаңғырмалы энергия көздері нысандарының әсері; теміржол транспортымен жүк тасымалдау бойынша қызметтерге тарифтердің өсуі; шығындардың жыл сайынғы индексациясы.
Қазір еліміздегі 37 жылу энергетикалық орталығының 19-ы аса қиын жағдайда тұр. 19 станса жай-күйі тұрғысынан қызыл аймақта болса, 11-і сары, 7-еуі жасыл аймақта екен. Жалпы, елдегі ЖЭО-лардың тозу деңгейі төрт критерий бойынша есептеледі: құрылғылардың тозуы, технологиялық бұзушылықтар саны, пайдалану мерзімі және жалақының төмендігіне байланысты кадр тапшылығы. Әсіресе Қызылорда, Тараз, Степногор, Орал және Кентаудағы орталықтардың тозу деңгейі 80 пайыздан асып тұр.
«ЖЭО-лардың орташа жұмыс істеу мерзімі 61 жылды құрайды. Стансалардың 76 пайызынан астамы 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатыр. Келесі жылу маусымы қарсаңында қызыл аймақта орналасқан стансалардағы тәуекелдерді төмендету үшін реконструкция, модернизация және негізгі құрылғыларды күрделі жөндеуден өткізудің жалпы көлемі анықталды», деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Оны модернизациялау үшін биыл 182 млрд теңге жұмсалмақ.
«Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды. Электр стансаларының электр және жылу энергиясын өндіріп, сатудан түскен табысы (бекітілген тариф бойынша) толыққанды жөндеу жүргізу шығындарын жаба алмайды. Жетіспейтін қаржы көлемі – 88 млрд теңге. Сондықтан коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО-ны жөндеу мемлекеттік бюджет есебінен, ал жеке 22 ЖЭО-ны жөндеу меншік иесінің қаражаты есебінен жүргізіледі», деп түсіндірді министр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елдегі жылу желілерін жаңартып шығу үшін 2,2 трлн теңге қажет екенін жеткізген еді.
Ведомствоның мәліметінше, қалалардағы жылу желілерінің ұзақтығы 12,1 мың шақырымды құраса, соның 6,7 мың шақырымы ауыстыруды қажет етеді, тозудың орташа деңгейі – 55 пайыз. Әкімдіктердің мәліметінше, 83 табиғи монополия субъектісі 74 қалада жылумен жабдықтау қызметін көрсетеді. Олардың балансында 61 коммуналдық кәсіпорын бар. Бұл – 10,2 мың шақырым, балансында 22 жеке субъекті және 1,9 мың шақырым жылу желісі бар.
Қазақстанда жылу желілерін толық жаңартып шығу үшін 14 жыл қажет, яғни 2023 жылдан бастап 2037 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартылады.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апатты жағдайда тұрған стансаларды мемлекет есебінен жөндеуді тапсырған еді. Президенттің сөзіне ден қойсақ, жеке ЖЭО-лар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында модернизациялануы керек.