Өнер • 09 Қаңтар, 2023

Уақыт үйлесімін бейнелеген

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық музейде Қазақстан және Еура­зиялық Суретшілер одақтарының, сондай-ақ Ха­лықаралық заманауи өнер акаде­мия­сының мүшесі, «Таңшолпан» халықаралық тәуел­сіз әйел суретшілер қорының президенті Жәмилә Такеннің «Қаңбақ» атты көрмесі өтіп жатыр.

Уақыт үйлесімін бейнелеген

Көрмеге суретшінің 2020-2021 жылдары салынған 111 туындысы ұсынылды. Бұларды автордың шығарма­шы­лығындағы біраз уақыт үзілістен кейінгі қайта туған дүниелер деп айтуға болады. Әр картина – сананы селт ет­кізер образға толы. Уақыт пен кеңістіктің үйле­сімін таба білген туындылардан көркемдік пен сыр­шыл­дықтың лебі еседі. Сондай-ақ көрменің «Қаңбақ» деп аталуы да тегін емес. Бұл еңбек қылқалам шеберінің бұған дейінгі тыныс-тіршілігі мен ой-толғаныстарын бір түйіндеп, одан әрі шығар­машылығын дамытуға негіз болған.

Мәдени іс-шараның ашылуында өнертанушы, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық көркемдік сыншылар қауымдастығының (AICA) мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Камилла Ли және тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері сөз алып, көрменің маңызы мен мазмұнына тоқталды.

Сондай-ақ көрме аясында «Суретші және уақыт» атты дөңгелек үстел мәжілісі ұйымдастырылып, оған қатысу­шылар Жәмилә Такеннің шығармашылығы мен қазіргі бейнелеу өнерінің дамуы жайында салмақты ой қозғады.

Айта кетейік, Жәмилә Такен – Ресей Еуразиялық суретшілер одағының «Эмоциялар» халықаралық өнер фестивалінің бірнеше дүркін лауреаты. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі симпозиумдар мен арт-форумдарға қатысып, бірқатар жоғары марапатқа ие болған.