Оқиға • 09 Қаңтар, 2023

Балконнан құлаған қызды құтқарып қалды

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқалық қаласында бес қабатты тұрғын үйдің ең жоғары қабатынан құлап кеткен қызды патрульдік полиция қыз­меткері құтқарып қалды. Бесінші қабаттан құлап келе жатқан қызды қағып алмақ болып, құшақ жайып, кеудесін төсеген полицей аяғы зақымданып, бірнеше жерінен жарақат алған. Ал биіктен құлдилаған қалпы тәртіп сақшысының үстіне құлаған қыз аман-есен.

Балконнан құлаған қызды құтқарып қалды

Суыт хабар қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына жетінші қаңтар күні таңғы сағат 05:30-да келіп түскен. Оқиға болған үйдің тұсынан өтіп бара жатқан тұрғындардың бірі бейтаныс қыздың бесінші қабаттан құлап бара жатып, балконның темір қоршауынан ұстап үлгергенін хабарлайды.

Осылайша, оқиға орнына патруль­дік полиция қызмет­керлері Алмат Әмірхан мен Рус­лан Қапсаматов шұғыл жетеді. Алмат Әмірхан сыртта қалып, әріптесі дереу бесінші қабатқа қарай жүгіре жөнеледі. Бар ойы – жедел қимылдап балконға ілініп тұрған қызды құтқарып қалу.

Алайда қары талып, нәзік саусақтары жазыла берген қыз дәл осы сәтте жерге қарай құлдилай жөнелген. Төменнен көз жазбай қарап тұрған Алмат Әмірхан құлап келе жатқан қыз­ды қапсыра құшақтап, ұстап қал­маққа ұмтылады. Алайда 10-11 метрлік биіктен құлаған адамды қағып алу оңай ма, ажалға қарсы төсін төсеген полицей қызды құ­шақтай жерге құлайды. Руслан 29 жастағы қала тұрғынын ажалдан осылай арашалап қалды.

Жоғары қабаттан құлаған қыз­дың он екі мүшесі сау, еш жері зақым­данбаған. Ал бірнеше жер­ден жарақат алған патрульдік поли­ция қызметкері Алмат Әмір­ханға дәрігерлер көмек көрсетті.

 

Қостанай облысы