Өнер • 10 Қаңтар, 2023

Астанадағы Вена фестивалі

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының көрермендері үшін қаңтар айы қызыққа толы болмақ. Бір ай бойы мұнда Вена классикалық шығармаларының фестивалі өтеді. Оған Жапония, Моңғолия, Израиль, Эстониядан шақырылған музыканттар мен аталған өнер ордасының шығармашылық ұжымы қатысып, классицизм дәуірінің жауһарларын орындайды.

Астанадағы Вена фестивалі

Фестивальдің көркемдік жетекшісі, белгілі дирижер Абзал Мұхитдиннің айтуынша, мәдени іс-шараға әлемге танымал жас таланттар қатысады.

– Мәселен, жапониялық дирижер Вена консерваториясын тәмамдап, Музикферайн концерт залында филармониялық оркестрге дирижерлік етсе, Эстониядан келетін маэстро «Травиатаға» дирижер болды. Осыдан-ақ олардың кәсіби шеберлігі жоғары маман екенін білесіз. Біз фестиваль репертуарын увертюра стилі тұрғысында және танымал симфониялар мен концерттер қағидаты бойынша таңдадық. Ал аспаптық концерттерді біздің театрдың үз­дік музыканттары орындайды, – деді ол.

XVIII ғасырда Аустрия ас­танасында классикалық музыка шарықтау кезеңін бастан кешті. Әсіресе Вена мектебінен шыққан ұлы композиторлар – Гайднның бекзат әсемдігі, Моцарттың таңғаларлық әуе­ні, Бетховеннің қуатты қолтаң­басы тыңдармандарын ерекше әсерге бөледі. Бүгінде Вена классицизмінің таңдаулы музыкалары ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Айта кетейік, бас қала тө­рінде салтанат құратын Ве­на клас­сикасының фести­валі К.Байсейітова атындағы Каме­ралық залда 13 қаңтарда бас­талады. Бұл кеште театрдың симфониялық оркестрі моңғо­лиялық дирижер Мунх­баяр Эрдэнэбаатардың жетекші­лігімен өнер көрсетеді. Солист – «Астана Операның» бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов. 19 қаңтарда театр оркестрінің музыканттары эстониялық маэс­тро Ханно Мёлдеркивидің же­текшілігімен сахнаға шы­ғады. Мұнда Дамиля Мах­пирова гобойда жеке орындайды. Сондай-ақ 25 қаңтар­да «Астана Операның» Үлкен залында театрдың сим­­фо­ния­лық оркестрі мен хоры дирижер Абзал Мұхит­диннің же­текшілігімен В.А.Мо­царт­тың шұрайлы шы­ғар­ма­лары – №40 симфония мен Реквиемді ұсынады. Жеке партияларды орындайтын­дар: сопрано – Жәмила Жар­қымбаева, альт – Салтанат Мұратбекова, тенор – Рамзат Балакишиев, бас – Шыңғыс Ра­сылхан. Бас хормейстер Ержан Дәуітов. 31 қаңтарда Израильден келген дирижер Арик Гольдштейн, солист – пианист Долорес Үмбетәлиева оркестр әртістерімен мазмұн­ды бағдарлама тарту етеді. Ал 7 ақпандағы фестивальдің қорытынды концертінде маэс­тро Коки Гонгуй Янг (Жапо­ния-Қытай) қонақ болады. Ол сол күнгі кеште елордалық театр­дың симфониялық оркес­тріне жетекшілік жасайды.