11 Маусым, 2014

Ашаршылық күнін еске алды

331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кония қаласында Қазақ жастары бірлестігі мен Түрік ошағы жастар ұйымының ұйымдастыруымен қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шара өтті. Іс-шара қуғын-сүргін құр­бан­дарының рухына Құран бағыш­таумен басталып, XX ғасырдың басында қазақ халқының басынан өткен ұлы нәубет туралы баяндамамен жалғасын тапты. Ашаршылықтың себептері, салдары және қорытындысы жайлы жиналған жұртқа мәлімет берілді. Қуғын-сүргінге ұшыраған, ату жазасына кесілген Алаш арыстарының қысқаша өмірбаяны көрсетіліп, Алаш ұраны оқылды. Бұл шараны қазақ студенттері Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай алғаш рет ұйымдастырды. Оның мақсаты – алыста жүрген қандастарымызға, түрік еліне қазақ халқының тарихын, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін насихаттау. Шара соңында түрік жастары орны толмас қазаға қайғырып, әрқашан бауырлас қазақ халқы­ның жанынан табылатындарын мәлімдеп, өз тілектерін білдірді. Әйгерім САРПЕКОВА.