Қоғам • 10 Қаңтар, 2023

Қазақстан азаматтығын алғандар саны қанша?

401 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қалалық полиция департаментіне қарасты Көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан азаматтығын алған адамдар жайлы жаңа деректерді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан азаматтығын алғандар саны қанша?

«Қазақстан азаматтығын 1281 адам алды. Оның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен – 157 адам, оңайлатылған тәртіп арқылы – 1124 адам Қазақстан азаматтығын алды, оның ішінде 892 адам - этникалық қазақтар, 389 адам - басқа ұлт өкілдері. 2022 жылы Қазақстан азаматтығынан шығуға өтініш білдіргендер болған жоқ», деді Көші-қон қызметі бастығының орынбасары Анар Жомартова.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қос азаматтықпен күрес нәтижесінде 753 адам Қазақстан азаматтығынан айырылса, Қазақстан Республикасының бұрынғы 43 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Көші-қон қызметі заңсыз көші-қонмен күресумен қатар, мемлекеттік қызметтің 11 түрін көрсетеді, бүгінгі таңда оның 85%-дан астамы автоматтандырылған. Мәселен, 2022 жылы 635 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 356 мыңы Мемлекеттік корпорация арқылы; 42 мыңы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы; 16 мыңы қағаз түрінде жүзеге асырылды», деді Анар Жомартова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылдың соңында Астанада 42 762 адамды құрайтын уақытша тіркелген шетел азаматтарының жоғары серпіні байқалды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық.