Аймақтар • 10 Қаңтар, 2023

Абай облысының көрікті жерлері туралы кітап-альбом жарыққа шықты

602 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қала тұрғындары мен қонақтарына  арналған кітапта Абай облысындағы   тарихи жерлер, фотосурет, деректер мен ескерткіштер туралы мәліметтер жинақталған. «Киелі Абай елі»  кітап-альбомы  1000 даннамен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде  жарыққа шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысының көрікті жерлері туралы кітап-альбом жарыққа шықты

«Семей өткен ғасырдың басында қазақ руханиятының астанасы саналды. Абайдан бастау алып, Алаш қайраткерлерімен жалғасқан ұлы жол халқымызды жаңа деңгейге көтерді. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Семейдің еліміздің тарихи орталығы мәртебесін алуы кездейсоқ құбылыс емес еді. 2022 жылы жаңа, дербес аймақ - Абай облысының құрылуы әділдік көшінің жалғасына айналды. Бұл жер - тарихтың қайнар көзі. Сәулет пен мемориалдық құрылыс, тарих пен ғылым, мәдениет пен білім беру, инженерлік технологиялар мен өзге сала нысандары маңызды оқиғалардың куәсіндей, бүгінге дейін өткен күннен сыр шертеді. Тарихты біліп, түсінуде - келешек дамуымызды айқындайтын даңғыл жол бар», деп жазылған облыс әкімі  Нұрлан Ұранхаевтың алғысөзінде. 

Белгілі  журналист Алла Белякина бұл кітап Абай облысындағы бірінші шығарылған кітап және мұқабасындағы түс жаңадан құрылған өңірдің жаңашылдығын, алға ұмтылысын  білдіреді деген пікірімен бөлісті. 

Кітаптың бірінші бөлігінде «Абай жолына» арналып ұлы тұлғаның  өмірінен деректер келтіріліп, шығармашылығы баяндалады. Мұхтар Әуезовтың роман-эпопеясының негізінде географиялық және сакралды жерлер туралы білуге болады. Бұл бөлімде Абай Құнанбайұлының есімімен байланысты ескерткіштермен және мұражайлармен танысуға болады. 

Екінші бөлімде облыстың  әкімшілік  орталығы Семей қаласы туралы баяндалады.  Тарихи  мұраға бай қалада ең бірінші телеграф, су жүйелері, телефон, кинематография  ғимараты ашылып, өркениеттің жетістіктері халық игілігіне берілген. 

Үшінші бөлімде Абай облысының қонақжайлығы, халық жиі баратын киелі  жерлер туралы айтылады. Бүгінде еліміздің мақтанышы ел тұрғындары мен туристер көп келетін  Алакөл, киелі өлке «Қоңыр әулие» үңгірі, суы шипалы Шошқалы көлі туралы жан-жақты қызықты ақпараттар жарияланған. 

«Кітапты баспаға дайындау барысында өзіндік қиындықтар болды. Себебі бүкіл облысты айтпағанда қаланың өзінде қызықты, тарихи құнды деректер көп. Оларды таңдау бізге өте қиын болды. Жалпы облысымыздағы аудандар да тарихи құнды деректерге бай», дейді Алла Белякина. 

Жаңа кітап-альбомдағы  фотосуреттер  оқырманға  өңір тарихы туралы  кеңінен мағлұмат береді.