Қаржы • 11 Қаңтар, 2023

Жеке тұлға банкроттығы: себебі мен салдары

975 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл 3 наурыздан бастап елімізде жеке тұлға банкрот болуға өтініш бере алады. Азаматтар «жеке тұлғаның банкроттығын» қолдану үшін үш түрлі нұсқаның бірін таңдай алады – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. 2022 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға (Банкроттық туралы заң) қол қойды. Бірақ ол ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң әрекет ете бастайды.

Жеке тұлға банкроттығы: себебі мен салдары

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Соттан тыс банкроттық

Егер банк, микроқаржы ұйымы, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1 600 АЕК-тен аспаса (5 млн 520 мың теңге), жеке тұлға соттан тыс банкроттықты пайдалана алады. Бұл үшін қарыз алушы мына талаптарды сақтауға тиіс:

– Атына тіркелген, ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек;

– Өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлар мен кол­лек­торлардың алдындағы міндет­те­ме­лері бойынша төлем жасамаған бо­луға тиіс;

– Мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуға тиіс.

 

Өтінішті қалай береді?

Соттан тыс банкроттыққа өтінішті жеке тұлғалар 2023 жылғы 3 наурыздан бастап egov порталы арқылы бере алады.

Өтінішке кредиторлардың атауын, берешек сомасын, орна­лас­қан жерін көрсете отырып кредиторлардың тізімі; борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу және (немесе) өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

 

Сот банкроттығы

Бұл рәсімді қарызы 1 600 АЕК-тен (5 млн 520 мың теңге) аса­тын азаматтар қолданады (кре­дитор алдындағы борыш­тың барлық түрі бойынша). Сот арқылы банкроттықты таң­да­ған борышкерге тиесілі мү­лік сауда-саттық кезеңінде саты­лады. Егер борышкердің жал­ғыз баспанасы кепіл нысана­сы болып саналса, онда кредитор оны алып қоя ала­ды. Өтелмеген соманың қалғаны есеп­тен шығарылады, яғни жойы­лады. Бұл ретте мүлікті немесе ол жайлы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат ұсыну тіркелмеуге тиіс.

 

Өтінішті қалай береді?

Азаматтар өтінішті 2023 жыл­дың наурыз айында тұрғы­лықты жері бойынша сот органына береді.

Банкроттықты өткізу мерзімі – 6 ай, оны тағы 6 айға ұзарту мүмкіндігі бар. Өтінішке:

– Берешек сомасы мен олар­­­дың туындаған күні;

– Тұрғылықты жерінің немесе орналасқан жерінің мекенжайы;

–Кейін хабарлау үшін элект­рондық мекенжайлары және байланыс телефондардың нөмірлері;

– Барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі;

– Банкрот деп тану туралы өтінішпен жүгінуден алты ай бұрын жасалған бағалау туралы есепті (ол болған кезде) қоса беру арқылы борышкер мүлкінің тізімдемесі;

–Борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокре­дит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу шараларын қабылдағанын растайтын құ­жаттың көшірмесі қоса беріледі.

1

 

Салдар

– Соттан тыс және сот бан­крот­тығын қабылдаған азаматтар 5 жыл бойы несие қарызын және микронесие рәсімдей алмайды.

– Тек 7 жыл өткеннен кейін ғана қайта банкрот болуға өті­ніш беруге құқылы.

– Банкрот болған азаматтың қаржылық хал-ахуалына 3 жыл бойы арнайы мониторинг жасалады.

 

Төлем қабілетін қалпына келтіру

Бұл рәсімді қолданушылар толық банкрот болмайды. Жеке тұлға қаржы ұйымы ал­дын­дағы берешегін бес жыл мер­зімге бөліп төлеп, төлем қабі­летін қалпына келтіре алады. Үдеріс сот арқылы жүзеге асады.

Төлем қабілеттілігін қалпы­на келтіруге өтініш беруді жос­парлап отырған борышкер үшін жалғыз ғана шарт бар – борыш мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек.

Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.

Қалпына келтіру шаралары:

– Мүліктің бір бөлігін сатуды;

– Мүлікті жалға беруді;

– Жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сатуды;

– Құны төмен тұрғын үйге айырбастауды және басқаны қамтиды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл екінші деңгейлі банк­терге аса ұнай қоятын үдеріс емес. Сондықтан заң қалай қабылданса, солай жұмыс істеп кете қоярына күмән бар.

«Бұл заңның қабылдануын ұзақ күттік. Банк лоббиі мұн­дай заңның пайда болмауы үшін көп күш салды. Тіпті қаң­тарда Президент айтқан кез­дің өзінде қабылдана қоярына күмәнданғандар көп болды. Бірақ Мемлекет басшысы бұл заң туралы бірнеше рет айтты және солай ұдайы тапсырма берудің тікелей әсері болды деп ойлаймыз. Екінші деңгейлі банктердегі кейбір әріптестеріміз заң 2023 жылдың соңында қабылданады, соған орай банкирлер заң жобасына біраз өзгерістер енгізіп, банкроттық процедурасына өтініш беретін тұлғалардың қарсы міндеттемелерін күшей­тіп үлгереді деп үміттенді. Біз банк лоббиі қанша күш салғанымен, заң қабылдау проце­сінің жолын кесе алма­ға­нына қуаныштымыз. Дегенмен, бұл заң әу баста көз­дел­гендей жұмыс істейді де­ген­ді білдірмейді. Банктерде мық­ты заңгерлер бар және олар құқық қолдану тәжірибесі бастапқы идеядан өзгеше болуы үшін барлығын жасайды, өйткені заңда біз әлі білмейтін көлеңкелі тұстар болуы мүмкін», деп пікір білдіреді телеграмдағы RiskTakers KZ арнасы.