Қаржы • 11 Қаңтар, 2023

Инвесторлардың ниеті түзу

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың қаңтар-қазан айларында мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру салаларына салынған инвестиция 93,3 млрд теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,4 есе асып түскен.

Инвесторлардың ниеті түзу

Өңірлік бөліністе сектор­дағы инвестицияның басым бөлігі Түркістан облысына тиесілі болып шықты: 24,5 млрд теңге, жылдық ақшалай өсім – 5,4 есе көп. Көш басында 23,3 млрд теңге инвестицияны иеленген (жылдық өсім – 2,4 есе) елорда мен бір жылда 15,9 млрд теңге қаржы құйылған Алматы қаласы (жылдық өсім – 4,3 есе) бар. Ең төмен көрсеткіш былтыр ғана құрылған Ұлытау облысында – 16,7 млн теңге. 

Қаржыландыру көзі бөліні­сіне келер болсақ, күрделі салымдардың 62,1 пайызы республикалық бюджет есебінен берілсе, 28,4 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, 5,6 млрд теңге – банктік емес қаражаттан, 1,4 млрд теңге кәсіпорынның жеке қара­жатынан түскен.

Экономиканың өркен­деуінде тікелей шетелдік ин­вес­тицияның үлесі де жоғары. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2005-2010 жылдары тікелей шетелдік инвестицияның 70 пайызы мұнай-газ саласына құйылған. Ал соңғы үш жылда үрдіс өзгеріп, мұнай-газ саласына жіберілген инвестиция көлемі 45 пайызды құрап отыр. Оның есесіне инвестиция үшін талас­та сауда, ақпарат, байла­ныс, өңдеуші сектор алға шыға бастады. Қазақстанға инвес­тиция салып отырған үздік 10 ел қатарына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания және Ресей кіретінін де айта кетейік.

«Инвестициялық саясатты жү­зеге асыру туралы айтар бол­сақ, біз инвестиция тартуға қа­тыс­­­ты үш деңгейлі жүйе бо­йын­­­ша жұмыс атқарамыз. Шет ел­­дерде біздің 108 институтымыз эко­номикалық дипломатия сая­­сатын жүргізеді. Жыл қоры­тын­дысы бойынша 3 мыңнан астам жаңа компаниямен жұмыс жүргіздік», дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.

Жалпы алғанда, былтыр жыл басында болған қаңтар оқиға­сына, оған іле-шала басталған ауқымды геосаяси дағдарысқа қарамастан инвесторлардың Қазақстанға қатысты ниеті түзу. 2021 жылмен салыстырғанда тікелей шетелдік инвестиция көлемі 28 пайызға өскен. Тартылған сома көлемі – 23,7 млрд доллар. Мемлекет басшысы алдағы 7 жылда 150 млрд доллар инвестиция тартуды Үкімет алдына үлкен тапсырма етіп қойып отыр.