Қоғам • 11 Қаңтар, 2023

Балағаттау заңмен жазаланады

2603 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көптің көзінше түкірмеуді әдетке айналдырған боларсыз, енді қоғамдық орында балағат сөз айтудан тыйылуға тура келеді. Әйтпесе, 69 мың теңге айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін. Болмаса бұл құқық бұзушылық үшін 30 тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған. Қоғамның қызу талқысына түскен заңдағы бұл өзгеріс – бюджет бүйірін толтыру ма, әлде мәдениетті қоғам қалыптастыру қадамы ма?

Балағаттау заңмен жазаланады

Естеріңізге сала кетейік, заңнамада қоғамдық орында балағаттағанға жаза бұған дейін де болған. Бірақ халықтың дені айыппұл мөлшерінің аз болуы себебінен бұл нормаға мән бере қоймаған секілді. Шын мәнінде тәртіп сақшылары заңның орындалуын шындап талап етпегенінен болуы мүмкін дейді сарапшылар. Полиция қызметкері қоғамдық жерде «кім бейәдеп сөз айтады?» деп аңдып жүрмесі анық. Көп жағдайда балағаттан басталған әңгіменің соңы төбелеске ұласып, хаттамаға басқаша тіркелетіні айтпаса да түсінікті.

Бұған дейін қоғамдық жерде балағаттағандарға 5 АЕК (17 250 теңге) көлеміндегі айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалатын. Ендігі жерде айыппұл мөлшері – 20 АЕК (69 мың теңге). Ал қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін көбеймек. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаевтың айтуынша, түзетулер алғаш ресми түрде жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни 2023 жылғы наурыз айынан бастап күшіне енеді.

«Жаңа редакцияда қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау, ғима­рат­тарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қо­ғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орын­дардағы мүлікті қасақана бүлдіру бұзақылық ретінде қарас­тырылады. Жалпы, қабылданған нормалар азамат­тардың конституциялық құқықтарын сақтауды күшейтеді. Қоғамдағы азаматтық тәрбиені арттырып, мәдениеттілік деңгейін жоғарылатады деген ойдамыз», дейді А.Құрымбаев.

Құзырлы орган басшылығы қоғамдық орында ба­лағат сөз айту фактісін қалай айғақтауға болатынын түсін­діріп берді.

– Қоғамдық орынға көлік, көше, дүкендерді жат­қы­замыз. Балағат сөз айтылғанын аудио және бейнежазба арқылы, сондай-ақ куәгерлердің көмегімен дәлелдеуге болады. Ешкім балағаттау фактісін растай алмаса да, істің мән-жайын анық­тау үшін полицияға жү­гінуге мүмкіндік бар. Ұсақ бұзақылық фактісі бо­йынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Тиісті өзгерістер Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекс­те­рінің, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзу­шылық тура­лы кодекстің бірқатар бабына енгізіледі, – дейді министрліктің ресми өкілі.

Қоғамдық орындардың барлығы бейнекамералармен жабдықталса да, алыстағы екеудің боғауыз сөзбен жаға жыртысып жатқанын дәлелдей алмас. Жалғыз жүрген адам өзгенің боқтағанын қалай дәлелдейді? Сонда «қарсыласының» боқтағанын дәлелдеу үшін диктофон ұстап жүру керек пе? Әлде телефонның бейнекамерасын қосқаннан кейін ұрыса ма? Басқа-басқа, бұл заң жобасы тырнақ астынан кір іздеп, жек көретін адамынан өш алуға тырысқандарға майдай жаққан болуы керек. Тұрғындардың басым бөлігінің пікірі осыған саяды.

Заңдағы бұл өзгеріс қоғамда түрлі пікір қалыптас­ты­рып үлгерді. Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских өзгерісті құп­тай­тынын жеткізді.

– Біз мәдениетті қоғам қалыптастырғымыз келеді. Бұл ретте, аялдама сияқты қоғамдық орындарда аузы­мыздан ақ ит кіріп, көк ит шық­қаны дұрыс емес. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, осындай заң жо­ба­лардың енгізілуі қажет-ақ. Десе де, шаш ал десе, бас алмай, әуелі ескерту жасалуы керек деп есептеймін. Жалпы, қазірдің өзінде қоғамдық орындарда қандай да бір ұсақ құқық бұзушылық тіркелсе, айыппұл қарастырылғаны белгілі. Яғни адамдар қоғамдық орындарда өзін онсыз да мәдениетті ұстауға тырысады. Сондықтан да жаңашылдықтан үркудің қажеті шамалы. Тағы бір атап өтерлігі, Парламент Мәжілісінің жанынан арнайы қоғамдық палата құрылған болатын. Оның құрамында сарапшылар, депутаттар, түрлі сала өкілдері бар. Айт­па­ғым, министрлік жариялады екен деп жаңа заң бірден қабылданбайды. Алдағы уақытта қо­ғамның қызу талқысына түседі. Түсіп те жатыр. Ұсы­ныстар ескеріліп, нақты шешім қабылданады деп есеп­теймін, – дейді Геннадий Шиповских.

Кейбір өңірлерде бейәдеп сөз күнделікті қарым-қатынас құралына айналған. Ол үшін бір-біріне ренжімейді де. «Тұқымың құрғыр» деген сияқты қарғыс сөздер тағы бар. Бейәдеп сөздерге нақты не кіретіні Ішкі істер министрлігі әзірлеп жатқан заң жобасында айқындалуға тиіс, дейді сарапшылар.

Танымал адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, мұндай заң жобасының әзірленуі қоғам мәдениетінің әлсіздігін көрсетеді.

– Заң жобасының қоғамдағы мәдениетті қалып­тас­тыруға әсері болатыны сөзсіз. Бірақ мә­дениет­тілікке баулу әр отбасыдан бастау алғаны дұрыс. Жа­сы­ратыны жоқ, көшеде келе жатып балағат сөздерді көп естиміз. Әбден қажыдық. Бұл ретте, мұндай заң қажет те шығар. Бірақ сотқа материал көп түседі деп ойламаймын. Мән-жайды дәлелдеу керек, ал ол ұзаққа созылатын үдеріс. Сондықтан да айыппұл салу арқылы бюджеттің бүйірі толады дегенге келісе қоймаймын. Таяқтың екінші ұшы да бар. Түкіруді, боқтауды шектедік. Мұндай шектеу­лер жалғаса берсе, сөз бостандығы мәселесі алдан шығуы мүмкін. Осы уақытқа дейін «боқтауды шектеді» деген ешқандай мемлекетті естімеппін. Не десек те, заң жобасы әбден пісіп, содан кейін ғана қабылданғаны дұрыс, – дейді Б.Азанов.

Қоғам белсендісі Оңғар Қабден мұндай заңды сахнада жүрген әншілерге де қолдану керек деп есептейді. Қала берді, соңғы уақытта «Youtube» желісінде жиі жарияланатын отандық фильмдердегі анайы сөздерді тыю мәселесін назарға алу керектігін айтады.

– Иә, қоғамдық орындар мен әлеуметтік желіде боқтауға тыйым салынуы керек. Бірақ қара халыққа ғана жұмыс істейтін заң керек емес. «Youtube» же­лі­сіндегі боғауыз әншілер мен әртістерге де қол­да­нылсын. Қанша жерден жұлдыз болса да қара жерді басып жүр. Қара­пайым таксист 69 мың төлеп, «жұл­дыз­дар» айып­пұл төлемесе, ондай заңның керегі жоқ, – дейді қоғам белсендісі.

Еліміздің әр өңірінде қалыптасқан сөйлесу мәнері бар. Қарапайым мысал, шығыстықтардың әкеден боқ­тағаны шымкенттіктердің намысына тиеді, шым­кент­тіктердің шешеден боқтағанын шығыстықтар көтере алмайды. Аяғы – қан-жоса төбелес. Бір ауыз боқтықтың соңы адам өлімімен аяқталып жатады. Айыппұл талай адамның өмірін сақтап қалар. Себебі көшеде, кафе, барда пышақтау, шабуыл жасау сияқты қылмыстар көбіне сөзге келіп, ерегісіп, анайы сөз айтқанның салдарынан екені жасырын емес.

Қоғамды тәрбиелеудің бірден бір жолы – қатаң заң мен тәртіп. Бұл – өркениетті елдердің тәжірибесі. Ен­ді­гі жерде заң жобасы қоғамның қызу талқысына тү­сіп, ұсыныстар назарға алынғаннан кейін қабылданса деген көпшіліктің тілегі бар.