Қоғам • 11 Қаңтар, 2023

Қараусыз мал – қауіптің басы

151 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылдарда жұмыссыз отырған жандардың басты байлығы да, сенері де – төрт түлігі. Алайда мал санын көбейту бір бөлек, оны бағуды да дұрыс ұйымдастыра білу де маңызды. Мұны айтып отырғанымыз, тәртіп сақшылары мал ұрлығының басты себебі қараусыз қалған төрт түлік екенін айтады. Соңғы жылдары мал ұрлығы ұйымдасқан қылмыстың бір түріне айналып, «кәсіпке» айналғаны жасырын емес.

Қараусыз мал – қауіптің басы

Мысал келтірсек, былтыр Пав­лодар облысында көптеген ірі заң бұзу­шы­лыққа қатысы бар 7 адамнан құрылған әккі топ құрықталған-ды. Олар базарда ресми түрде ет сатумен айналысқандықтан әу баста күдік тудырмаған. Кейін жымысқы әрекеттері әшкере болып, қолға түсіп отыр. Белгілі болғандай, қылмыстық топ әр апта сайын жергілікті ірі шаруа қожалықтарынан 1-2 қараны ұрлауды әдетке айналдырған. Олар­дың 8 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Былтыр 22 сәуірде сол Павлодар облысында құ­ра­­­мын­да 5 адам бар өңіраралық қыл­­мыс­тық топ құрықталған еді. Олар­дың қатысуымен Павлодар, Шығыс Қа­зақстан және Қарағанды облыс­та­рының аумағында мал ұрлығының 6 фактісі жасалғаны анықталды. Пысықайлар барлығы 167 бас мал ұрлап, жалпы шығын сомасы 77 млн теңгеден асқан.

Ішкі істер министрі Марат Ахмет­жа­новтың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы шеңберінде қабылданған шаралар өзінің профилактикалық нәтижесін көрсетіп отыр.

– Бұрындары мал ұрлығы жалғыз учаскелік полиция қызметкерінің жұмысы сияқты қаралатын. Бүгінде Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министрліктері ветеринарлық қызмет және жергілікті әкімдік мамандарымен бірлесіп, кешенді жұмыс атқарып жатыр. Қылмыстық кодекс­­­ке «Мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізіліп, дүние-мүлкін тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Әрине, жазаның күшейтілуі қылмыстың азаюына сеп болатыны түсінікті. Мал ұрлығымен айналысатындар жалғыз жүрмейді. Қылмыстық топ құрып, айласын асыруға тырысады. Әр ауылда сыбайластары бар болуы мүмкін. Оларды құрықтау мақсатында жедел алдын алу іс-шаралары жиі ұйымдастырылады. Тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары әрдайым базарларды, мал соятын орындарды, бұрын мал ұрлығына қатысы болған азаматтарды бақы­лау­да ұстап отыр. Мал ұстаған аға­йынның бәрі бірдей GPS-трекер орнатуға шамасы жетпес. Десе де заманауи құрылғылардың ұрлықтың алдын алуға көмегі көп екені дәлелденіп отыр. Малды сырғалау жұмыстары да жүйелі атқарылуға тиіс, – дейді министр.

Жоғарыда мал ұрлығының басты себебі қараусыз қалған төрт түлік еке­нін жаздық. Қараусыз қалған төрт түлік жол-көлік оқиғаларының тір­­келуіне де себеп екенін ұмыт­паңыз. Мұндай жол-көлік оқи­ға­ла­ры Батыс Қазақстан мен Аты­рау облыс­та­рының тас жолдарында азаймай тұр. Жайылым жер­лердің құнарсыз топыраққа айналғаны төрт-түліктің шөп іздеп, жолды әрі-бері кесіп өтуіне алып келеді. Бақ­та­шы­ның жоқтығы да үлкен проблемаға айналып отыр.

Соңғы жылдары Атырау өңірінде ірі қара малы бар тұрғындарға жарық ша­ғылыстырғыш ленталар тара­тылған. Көлік жүргізушісінің дер кезінде жол апатынан сақта­нуы­на малға тағылған жарық шағы­лыс­тырғыштың көмегі көп. Мұндай жабдықтар Атырау-Доссор-Құлсары-Бейнеу республикалық маңыздағы автокөлік жолының Жылыой ауданы тұсындағы, автокөлік жолына жақын орналасқан және үй жануарларының жолға шығу қаупі бар деген 4 шаруа қожалығы иелеріне үлестіріліпті.

Малды қараусыз жіберген тұрғын­дар­дың кінәлі екені түсінікті. Дей тұрғанмен көлік иелері жылдамдықты шамадан тыс арттырмаса, апаттың алдын алуға болатыны сөзсіз. Бұл ретте, Атырауда республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда авто­матты жылдамдық өлшегіштер жұмыс істейді. Облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қала сыртындағы рес­публикалық Ақтөбе-Атырау-Астрахан, Атырау-Орал және об­лыс­тық маңызы бар Атырау-Индер тас жолдарына «Кордон» автоматты жылдамдық өлшегіш құралдары орнатылған. Аталған құрылғылардың негізгі міндеті – жылдамдықты шамадан тыс арттырған көліктерді анықтап, сол арқылы жүргізушілерді заңда көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту.