Мысал келтірсек, былтыр Павлодар облысында көптеген ірі заң бұзушылыққа қатысы бар 7 адамнан құрылған әккі топ құрықталған-ды. Олар базарда ресми түрде ет сатумен айналысқандықтан әу баста күдік тудырмаған. Кейін жымысқы әрекеттері әшкере болып, қолға түсіп отыр. Белгілі болғандай, қылмыстық топ әр апта сайын жергілікті ірі шаруа қожалықтарынан 1-2 қараны ұрлауды әдетке айналдырған. Олардың 8 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Былтыр 22 сәуірде сол Павлодар облысында құрамында 5 адам бар өңіраралық қылмыстық топ құрықталған еді. Олардың қатысуымен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының аумағында мал ұрлығының 6 фактісі жасалғаны анықталды. Пысықайлар барлығы 167 бас мал ұрлап, жалпы шығын сомасы 77 млн теңгеден асқан.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы шеңберінде қабылданған шаралар өзінің профилактикалық нәтижесін көрсетіп отыр.
– Бұрындары мал ұрлығы жалғыз учаскелік полиция қызметкерінің жұмысы сияқты қаралатын. Бүгінде Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министрліктері ветеринарлық қызмет және жергілікті әкімдік мамандарымен бірлесіп, кешенді жұмыс атқарып жатыр. Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізіліп, дүние-мүлкін тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Әрине, жазаның күшейтілуі қылмыстың азаюына сеп болатыны түсінікті. Мал ұрлығымен айналысатындар жалғыз жүрмейді. Қылмыстық топ құрып, айласын асыруға тырысады. Әр ауылда сыбайластары бар болуы мүмкін. Оларды құрықтау мақсатында жедел алдын алу іс-шаралары жиі ұйымдастырылады. Тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары әрдайым базарларды, мал соятын орындарды, бұрын мал ұрлығына қатысы болған азаматтарды бақылауда ұстап отыр. Мал ұстаған ағайынның бәрі бірдей GPS-трекер орнатуға шамасы жетпес. Десе де заманауи құрылғылардың ұрлықтың алдын алуға көмегі көп екені дәлелденіп отыр. Малды сырғалау жұмыстары да жүйелі атқарылуға тиіс, – дейді министр.
Жоғарыда мал ұрлығының басты себебі қараусыз қалған төрт түлік екенін жаздық. Қараусыз қалған төрт түлік жол-көлік оқиғаларының тіркелуіне де себеп екенін ұмытпаңыз. Мұндай жол-көлік оқиғалары Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының тас жолдарында азаймай тұр. Жайылым жерлердің құнарсыз топыраққа айналғаны төрт-түліктің шөп іздеп, жолды әрі-бері кесіп өтуіне алып келеді. Бақташының жоқтығы да үлкен проблемаға айналып отыр.
Соңғы жылдары Атырау өңірінде ірі қара малы бар тұрғындарға жарық шағылыстырғыш ленталар таратылған. Көлік жүргізушісінің дер кезінде жол апатынан сақтануына малға тағылған жарық шағылыстырғыштың көмегі көп. Мұндай жабдықтар Атырау-Доссор-Құлсары-Бейнеу республикалық маңыздағы автокөлік жолының Жылыой ауданы тұсындағы, автокөлік жолына жақын орналасқан және үй жануарларының жолға шығу қаупі бар деген 4 шаруа қожалығы иелеріне үлестіріліпті.
Малды қараусыз жіберген тұрғындардың кінәлі екені түсінікті. Дей тұрғанмен көлік иелері жылдамдықты шамадан тыс арттырмаса, апаттың алдын алуға болатыны сөзсіз. Бұл ретте, Атырауда республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда автоматты жылдамдық өлшегіштер жұмыс істейді. Облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қала сыртындағы республикалық Ақтөбе-Атырау-Астрахан, Атырау-Орал және облыстық маңызы бар Атырау-Индер тас жолдарына «Кордон» автоматты жылдамдық өлшегіш құралдары орнатылған. Аталған құрылғылардың негізгі міндеті – жылдамдықты шамадан тыс арттырған көліктерді анықтап, сол арқылы жүргізушілерді заңда көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту.