Әдебиет • 11 Қаңтар, 2023

Молдахмет Қаназ, жазушы: Дұрыс қоғам әдебиетті өгейсітпейді

404 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

– Біздің әдебиетіміздегі көптеген жақсы туынды кешегі кеңес өкіметі кезіндегі цензура, саясат деген боран-шашынның ішінде жазылса да, жақсы дүниелер өмірге келді. Ал қазір неге сол белесті бағындыра алмай жатыр­мыз? Жазуға құлық жоқ па, әлде тақы­рып таусылды ма?

– Көзін құртып, түгелдей өртеу керек дегенді құлақ шалған емес, алайда сол кеңестік кезеңдегі шығармалар біздің былайғы өмірімізге жарамсыз деген «Американы қайта ашқан» пікірлерді ести бастағанымызға жиырма жеті жыл, алты ай, он жеті күн... Әдебиет тео­­риясында «қоғамдық сұраныс» деген ұғым бар. Әр қоғамның өз мүддесі бұның сыртында. Қыз малға сатылып, болашақ ана бас еркінен айырылды. Біздің прозаның бастауында тұрған «Қалың мал» романының жазылуы содан. Ресейлік капитализм мүлде шегіне жете шіріп, төңкеріс қажеттілігі шындыққа айналды да қоғам бүлінді. «Ана» романы жазылды. Талантты ақын концлагерьге түсті. «Моабит дәптері» жазылды. Қала 872 күн қоршауда қалып, тұрғындардың бастарына күн туды. «Лениградтық өрендерім» жазылды. Ғасырлар бойы далалық дәстүрмен тір­шілік етіп келе жатқан елге өндіріс келіп, кәдімгі жұмысшы табы пайда бола бастады. «Қарағанды» жазылды.

Молдахмет Қаназ, жазушы: Дұрыс қоғам әдебиетті өгейсітпейді

 

Өз басым осы құрылымның өнімі болғандықтан ғана емес, социализмді қо­ғамдық құрылыс ретінде тәрк ете алман. Бұл құрылысты соншалықты құбыжық деп есептеген емеспін. Социализм талай-талай ғұламалардың зерттеп негіздеуі мен әлеуметтік ахуалдың әбден адам төзбес дәрежеге дейін шіруінен өмірге заңды келген құрылым. Тарихтың талай теперіштерінен сүзіле-сүзіле өмірге келген бұл құрылымның айдың-күннің ­аманында құлай кетуіне осы әп-әдемі үлгіні жаңа заманға бейімдей алма­ған, тақтан тек өлігі шығатын мемлекет басындағы қаусаған қарттар кінәлі. Бұл құрылыс із-түзсіз жоғалмайды. Бір дәуір­лерде теңсіздіктен әбден теперіш көрген адамзат еске алып, қайта оралатын болады. Әрине, жаңғыртылған жаңа үлгіде. Бұл біздің пікір алысуымыздан бөлек әңгіме.

Қай қоғамдық құрылым, қай формада болмасын атам заманнан зардап шегіп келе жатқан қарапайым халық. Біз білерде, жазушы құқығы елене бермейтін, тұрмыс-тіршілігі үнемі кемшін, осы бұқараның – демек, халқының – жоғын жоқтауға парыздар. Социализм болса өз табиғатында себептері әбден пісіп-жетіліп, дүниеге сол бұқара мүддесін қорғау үшін келген. Осы қасиетті мақсат – халықтың арашашысы болу, ал орындалу-орындалмауына келсек, мүлде басқа әңгіме...Ұлы мақсаттарына жете алмай қыршын кеткен айналып қана кетейін сол социализм дәуірінде қазақ халқы­на ғана емес, сырт жұртқа да ұялмай ұсы­нарлық, қиялдың қуаты, сөздің құді­ретімен мүрсіндей мінсіз жазылған шы­ғармалар жетерлік бізде. Жұртына әлі де талай ғасыр қызмет ете алатын қазына бүгіндері трактордың түреніне салып жіберетіндей соншалықты жазықты емес. Ауыз әдебиетінен бастап қай шы­ғармада да өз дәуірінің табы, бей­несі, мұңы болмақ. Онысын жасырған да жоқ, социализм әдебиеті – кедейлердің әде­биеті, бұқара жоғын жоқтаған әде­биет. Кейбір сыншыларды үркітіп отыр­ған әлдеқандай шығармалардың қызыл­көз­деніп ұрандатып тым жалаң саясат­танып, демек қарабайырланып кетуі. Сая­сат­тың әдебиетке бойлай енгендігі рас, «енді қайталамайтын» шығармыз... Есте болар­лық тағы бір жайт – бәзбір сын­шы­лардың шығармашылықтың ішкі жа­йын үстірт пайымдай салатындары бар. Ол – өнер адамының қысымға түскен сайын, жасырған сайын көлегейленген тақырыптарға ынтызарлығы. Көрінеу көз­ге басы ашық жайтты жазу мен ушық­ты да дертті тақырыпты жазудың арасы жер мен көктей. Әдебиет болса ұзақ жол­ға шыққан керуен. Керуен алыс сапарда нар­­дың белін қайыстырып, тізесін тал­­дыратын басы артық жүктерді ала ал­май­ды. Ал мерзімінде өз міндетін орын­­даған шығармалардың бұл күндері аяғы­мызға тұсау болып жатқан ештеңесі жоқ. Керуен-уақыт әлгі талай нәрселерді өз орнына қояды.

Әңгіме болып отырған кезекті шығар­маның шетінен күресінге ысырылып тас­тала алмайтындығының тағы бір себебі – жақсы болсын мейлі, жаман болсын, бұларда халқымыздың өткен жолы, кедір-бұдыр тарихы сайрап жатыр, сіресіп тұр­ған қыруар ұлттық кейіпкерлерді айт­­саңызшы. «Анау жеп кетті, мынау ішіп кет­ті» төңірегінде тақырыпты сырт­тай қарпып жатқан жеңіл-желпі шы­ғармалар бар. Алайда салмақты да, салауатты проза үшін әлі негізгі табиғаты көріне қоймаған, өзінің бет-әлпетін қалыптастырып бола алмай аласұрып жатқан қоғам үшін отыз жылыңыз қам­шының сабындай ғана мерзім. Күнделік­ті тіршілікте болмай тұрмайтын кәкір-шүкір оқиғалар бар да, тақырыптың өміршеңдігі тағы бар. Соңғысы, әри­не, жағдай жасалып, мүмкіндігі болып жатса, проза тәрізді салмақты жанр­дың еншісі. Сіздің меңзеп отырғаныңыз бүгінгі қоғамның дерті көрінсе, талданса деген ой. «Мал көрмеген мал көрсе, қуалап жүріп өлтірер...». Бұрын мұн­дайды көрмеген қазақ көктен түскен осы капитализмнің қызығына тояр емес. Бұл тұрғанда қоғамымыз әрі-сәрі, өзіндік бет-әлпеті қалыптаспаған, қызыққа құ­мартқан тобыр. Үлкен прозаға арқау бо­ларлық қоғамның шынайы бейнесі әлі анықталған жоқ. Бұдан былай бас айналдыратын уағыздар мен әдемі уағдалардың талайы өтеді де, халық еншісінде байлық пен кедейлік қалады. Бұл енді атам заманнан қалыптасып қалған, біз білерде бірімен-бірі оңайлықпен тіл табыса қой­майтын тартыс. Қоғамның қоясын түбегейлі қопару айтуға ғана жеңіл ­шаруа. Саясат – бөлек, талғам – бөлек. Талғамға әмір жүрмейді. Адам бар жерде тақырыптың сарқылуы мүмкін де емес.

– «Чика – Дабылдың баласы», шынын айтсақ, «Менің атым Қожаның» деңгейінде жазылған керемет туынды. Ал бұл шығармаңыздың аты неге жиі аталмайды?

– Өзімнің пайымдауымша, мен бұ­дан да өзге жілігі татитын шығармалар жазған тәріздімін. Алайда шүкірлік айтамын, қалың оқырман мені «Чика – Дабылдың баласы» повесінің авторы ретінде тани­ды. Көбі балалар жазушысы деп есептейді. Шығарманы талай сыншылар оңды бағалаған. Шығарма жария­ланып жүр, көптеген жинаққа еніп, орыс, өзбек тілдеріне аударылып, бірнеше рет жеке кітап болып шықты. Повесть 2013 жылы Мәскеуден «Қазіргі әдебиет антологиясы» сериясымен шыққан үш томдықтың «Домбра и колыбель» жина­ғына енді, бұ­лардың сыртында жуырда Қарағанды облыстық Абай атындағы ба­ла­лар кітапха­­насының ұжымы жыл басында 11-14 жас аралығындағы балалар үшін ­осы повестің мазмұнын бейнелеу­ге ар­нал­ған «Сиқырлы бояулар» атты кітап бе­зен­діруге халықаралық конкурс жария­лаған-тұғын. Сол конкурс мәресіне жетіп, қазан айында Қарағанды облыс­тық С.Сейфуллин атындағы академия­лық драма театрында жеңімпаздар марапатталды. Конкурсқа Қазақстанның он облысын қосқанда, Ресей, Қырғызстан, Франция, Израиль мен Германиядан бас-аяғы 122 жұмыс түскен. Солардың арасынан 13 сурет іріктеліп алынып, ма­рапатталды. Балалардың шығарманы түсініп бейнелеулері сан алуан әрі өте қызықты.

Балаларға арналған үздік шығарма­лардың жабық бәйгесі жарияланбағанда «Чика...» жазылмас еді. Менде балаларға жазамын-ау деген ой мүлде болған емес. Бәйге жасырын болған соң бақ сынау үшін өзімнің балалық дәуірімді қопарып, оқырманға керектілерін сұрыптап барып жазғам. Повесть жұртшылық тарапынан оң баға алғаннан кейін онсыз да шағын шығарманы жалғызсырат­пау үшін соңынан осы желіге сабақтас үш повесть дүниеге келді, оларға тағы екі ертегі қосылған. Одан әрі жазу­ға мәжбүрлеген «Чика..». Сөйтіп, бала­ларға арналған бір кітап қарайып қал­ды. Жаңа озық шағармалар мен жас қалам­герлердің өмірге келуі үшін әр­түрлі жа­бық бәйгелердің үздік-үздік ұйым­дас­тырылып тұруын құп көремін, тек жалпақшешейлікке салынып, бәйгенің құнын түсіріп алмау ләзім. Қашанда көркем шығармаға деген талаптың биік болғаны жөн. Ал «аты жиі аталмай» жату біздің шаруаға жатпайды.

– Сіз көбінесе ауыл өмірі, ондағы балалар туралы қалам тербедіңіз, жалпы қазақ баласын қандай тақырыптағы кітаптар қызықтырады?

– Ауыл – менің тағдырым, көріп-білгендерім, түйсінгендерім, сан қилы кейіпкерлер, жаныма жақын орта, қилы-қилы мінездер. Бұл тақырып мен үшін сенімділеу. Өртеніп тұрған алапат соғыс кезінде дүниеге келіп, одан кейін буының бекімей жатып айналаңдағы қаптаған қасірет атаулыны өз көзіңмен көріп, түйсініп, санаға сіңіріп өскен біз үшін сол аш-жалаңаш балалық шақты бүгінгі жас оқырманға жеткізбеу мүмкін емес. ...Қара қағаз, мезгілсіз кездегі әр үйдегі төбе құйқаңды шымырлатқан зарлы жоқтау, құлаған шаңырақ, шашын жұлып жесір қалған жап-жас келіншек, ата-аналарымыздың таңның атуынан күннің батуына дейінгі колхоздағы сылпыл ең­бек­тері бұлардың сыртында.

Санада таңбаланып қалған сол жайт­тар әйтеуір сәті келіп қағазға түсті. Аманат есебінде... Мойындағы біраз жүк­­­тен арылғандай сезінемін. Ол кездегі біз­­дің балалық пен бүгінгі балалықтың ара­лары жер мен көктей. Тай-құлындай тебісіп өскен сол балалардың қилы-қилы қылықтары да, қыңыр-қыңыр мінездері де өзіме етене. Бүгінгі балалармен араласым жоқ, араласпаған соң түсіне алмаймын, демек, жаза да алмаймын. Аңғараты­ным, шетелдік әдебиет пен компьютердің әсерінен бүгіннің балалары атыс-ша­бысты, шытырман оқиғалы шығармалар­ға пейілді тәрізді. Арғы жақтың «тойып секірген» жас оқырмандары қума детективті ұнатады екен деп, өз шаруамызды бетімен жіберуге болмас. Білек сыбанып кірісер болса, жағдай жасалса, оқиғалы шығармаға арқау боларлық тақырыптар бізде де тіреліп тұр. Біздегі мол нәрсенің бірі – оқиға. Реалист жазушы ретінде жазған-сызғандарың сенімді шығуы үшін көз көрген, көңілге түйген тақырыптарға үйірсек екендігіміз рас. Бұл жақта да жарыққа шығуға ұмсынып тұрған ушықты мәселелер мен халқына көрінгісі-ақ келіп тұрған кейіпкерлер жетерлік.

– «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүргенде сіздің «О дүниеге хат» деген жаз­­баңызды оқығанмын. Ғабит Мүсі­ре­повке жазған «хатыңыз» біраз жайттан хабар берді. Бұл хатты жазуға не себеп?

– Қызық көреді-ау деймін, менен осы жайттың мән-жайын сұраушылар көп. Ол хаттың жазылу себебі былай: 1984 жылдың желтоқсанында Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің көркем тілі тақырыбында пленум өткізді. Мәселе орынды. Баяндама­шы беделді ақсақалымыз Ғ.Мүсірепов болғандықтан зал лық толы. Баяндама оқыла келе, біздің де атымыз шыға келді. Сыншының дәйекке келтіріп тұрған тіркестері маған бейтаныс, құлаққа түр­підей тиеді. Біз жазбаған бөтен сөз: «Апам да таң, мен де таң». Үйге келе сала сыналып тұрған сол «Саяқ» әңгімесі жарық көрген «Жұл­дызды» оқып кеп қалсам, қате де­генің күпінің битіндей. Қолымда қате­лері көр­се­тілген журнал, ертеңіне-ақ жауапты хатшы Ахат Жақсыбаевқа бардым. Аға­мыздың сөзіне бақсақ, кеше ғана жа­рық көрген шығармалардың қол­жаз­балары сақталмайды екен. Төшкі. Одан шығып баяндамашының сыни мақалалар жинағын дайындап жат­қан «Жазушы» баспасындағы Мағзом Сүндетовке барғам. Ағайым Ғабеңнің қолынан жазбаша хат әкелесің деп тұр. Сол журналмен қатар жарық көрген, ішінде «Саяқ» та бар, «Құм қойнау» кітабын қосып, қателерді мұрнынан тізіп, Ғабеңе хат жазайын. Жауап жоқ. Тым-тырыс.

Із-түзсіз кетіп бара жатқан соң үйіне хабарлассам, өзі телефонға келмей, зайыбы арқылы «кейін хабарлассын» деген сәлем жетті. Араға біршама уақыт салып, кейіні бітті-ау деген шамада тағы телефондасам, ақсақал ыңыранып тұрып мені қабылдауды келесі аптаға ысырды. Келесі аптаға да есен-аман жетіп, ойланып-ойланып тұрып, ақыры келіскен. Сол кездесудің жай-жапсары «О дүниеге хат» тақырыбымен «Қазақ әдебиеті» газетінің 2020 жылғы №24-25 сандарында тұр. Істің мәніне келсек, жиырма беттік әңгіменің 49 жерінде әріп қатесінен сөз мағынасы бұзылған, 89 жерде сөз түгелдей түсіп қалған, 11 жерде сөз алмасқан, 2 сөй­лемнің жартысы жоқ, 1 жерде мүлде тіркес алмасқан, 11 жерде тыныс белгілік қате тұр. Көңілі түзу сауатты адам бірлі-жарым да емес, осы орман қателердің ортасынан жүріп келе жатып сезік алмас па? Жоқ. Сыншы олай етпейді, қайта «ашқан аузын соза сермеді» тәрізді көрінеу көз оғаш сөйлемді жалғанның жалпағына жар салады. Біз пақыр­дың пайымдауында ақсақал кісіге жараспайтын шаруа. Тағы да бұлардың сыр­тында о заман да бұ заман шығармада­ғы тайға таңба басқандай таңбаланып тұрған сөйлемдерді өз ыңғайына қа­рай мағынасын бұзып сынаған сыншыны көріп пе едіңіз? Ес­тіп пе едіңіз? Біз есіттік әм көрдік. Шығарманың мақсат-мүддесін түсіне ме, түсінбей ме, түсінгісі келе ме, келмей ме, ол әркімнің өз шаруасы. Кім болса да түсінгісі келмей шегіншектеп отырған адамның жонына жарып тыға алмайсың. «Бұл әңгімені ұмыт», – деді. Жарайды. «Ұмытам ба, ұмытпаймын ба. Оны өзім білемін». Шығарманың мақсатына келгенде біз тараптан, ағасы, ол олай емес, бұлай еді ғой, деген титімдей де ымыра болған емес. Өйткені көзімнің анық жеткені Ғабең өмірбақи тура жазудың адамы, ақ – ақ, қара – қара. Кейінгі кезде кеңестік кезең мәжбүрлеген көркем шығармаға деген қысым биттей бірдеңеден бәле тапқан цензура шығарманың сырт кісіге елене бермейтін астары, ымырасы бо­лады-ау деген әдісті мүлде қақпайды. Жазу­шының мектебі бөлек, ондай қораға бас сұғып көрген емес. Арнайы алдына келгендегі бұйымым тайға таңба бас­қандай андағайлап тұрған қателер жайында ғана. Міне – журнал, міне – кітап. Қарап отырсақ, біз пір тұтып жүрген Ғабең тәрізді үлкен кісінің сөзіне мүлде ұқса­майды, санама енгізе алмаймын. Бай­қауымша, жазушының қолтығының астында авторға теріс пейілді біреу отырған тәрізді. Әңгіме көзбе-көз, алайда жазып берген пәленше еді, бүлдірген сол найсап болды-ау деуге биік дәрежесі тағы жібермейді. Ағамыз екі сөйлеуге жоқ. Айтылған сөз – атылған оқ. Оның үстіне, бізде бұндай атақты кісілердің лепесіне күмән болмайды. Марқұмның жазғандарына қол тигізуге ешкімнің құқы­ғы жоқ, сол таңбаланған күйі қалады. Ғабеңнің аталған баяндамасы болашақта талай қайта басылып, кітаптан кітапқа көше береді. Біздікі бұлтаруға келмейтін шындық кейін құдайына қарағандардың көздеріне түсіп қалар-ау деген үміт. Хат­тың жазылу себебі сол.

– Сіз бүгінде әдебиетіміздегі ақса­қал­дардың бірісіз, ал өзіңіз кезінде аға буын жазушылардан не үйрене алдыңыз?

– Қалың қазақ ортасында өскендіктен біздің әу басқы үлгіміз өзімізге таныстау жайттарды ана тілінде жазатын жазушылар, алдымыздағы ағаларымыз.

Мектепте жүргенде-ақ қолға алған Әбдіжәміл Нұрпейісов әу бастан-ақ со­ғыстан «қолы босау» бойына ел­дің сон­шалық аш-жалаңаштығына қара­мас­­­тан, шығар­машылыққа алаңсыз отырды. Аса зор ерлік. Және осы дәстүрден өле-өлгенше тайған емес. Таласы жоқ, үлгі аларлық қасиет. Таланты ешкімнен кем емес Тахауи Ахтановтың нағыз орда бұзар шағы да сол сұрапылда өткен. Жылылық лебі сезілгенде шау тартып қалды. Өмір бойы аттан түспеген Әбіш Кекілбаевтың қарқыны мен еңбек өнімділігі жойқын, жазу столында бір адам емес, құдды бір бригада отырғандай жапырып тастайтын. Тіл қордалы. Кейіпкерді даралауға келгенде мәттақам Қалихан Ысқақов пен лирик Сайын Мұратбековтің ғұмырлары өткен Шығыс Қазақстан мен Жетісу өңірлері аласапыран оқиғаларға бай болғанымен екеуі де сүйекті шығармаларға отырған жоқ. Асқар Сүлейменов болса заманынан тым ерте туған. Оның жазу үрдісінен үйренуге болар-ау деп ойлаудың өзі әбес­тік, бүгіндері бұл жазушының бірде­бір ізбасарын көріп отырғаным жоқ. Бұл тағдыр дегенге сөзің жүрмейді, сараң лирик, кірпияз Тәкен Әлімқұловтың шығармашылық ғұмыры, біз болжарда, отбасылық кикілжіңдермен өткен тәрізді.

Бұлардың ат үстіндегі нағыз қайрат көрсетер шақтарында айтарлықтай ер­кіндік болған жоқ, анығы саясат бол­дырған емес. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі». Олай барсаң өгіз өліп, былай барсаң арба сынатын. Көрінбейтін әлде­қандай құрсау сезілетін де тұратын. Біз­дің негізгі мектебіміз осы ағаларымыз. Жасы­ратын ештеңесі жоқ, тақырып шек­теулі. Бірінде бары екіншісінде жоқ, бірінде бар қайсарлық екіншісінде кем­шін, тағы бірі ұнағанмен дәл солай жазу, солай бола қалу мүлде қолдан кел­мейді. Сонда «мына ағамның аузы­нан түсе қалғанмын» деуге келмес, әрқай­сысынан бір-бір шымшым болса болар... Ағаларымызды құрметтеп оқып өстік. Мәселенің анығын сыншылар біледі.

– Жазушының қоғам алдындағы жа­уап­кершілігі қандай, ал қоғам-­
ның ше?

– Бұныңыз бір басы қазандай ғалымға қойылатын сауал екен... Әдебиеттің әу басқы бастау тұмасы – адамның көңіл күйі, іс-әрекет үстіндегі түйгені, одан ән, одан әрі бесік жыры, ең бастысы, тір­шілік барысында туындаған әрқилы мұң болар-ау деп бағамдаймын. Сөз, ән арқылы өзгелермен қайғы-мұңын бөлісу адамзатты хайуаннан бөлді. Тілдесе білу мен әуен адамды алғашқы қоғамның жабайылығынан саналы адам дәрежесіне көтерді. Тіршілік барысында қолдана келе мұңдасу, пікір алысу, бірінен-бірі үйрену рухани мұқтаждыққа өтті, біртекті рухты арқау қауымдаса тіршілік етуге алып келді. Әдебиеттің түп-төркінінде жатқан қай­ғы-мұң, адамның өзге тұрғыластарымен мұңдасу мұқтаждығы. Адам санаға өтерде бір-бірімен мұң бөлісу арқылы өзіне де, жанына да тірек таппақ. Бұл көзбен көріп, қолға ұстауға келмейтін, бірақ жан дүниеде берік орын алған рухани тірек. Ақыр соңы әдебиетке алып келген саға индивидтің осы рухқа, жан дүние тірегіне зәрулігі заманалар оза небір өткелектерден өте келе ортақтан­ған тұтас рух белгілі бір қоғамның сипатына айналды. Демек, мұң – саналы адамның рухани мұқтаждығы. Сол мұң әдебиеттен әлі ажырамай, оның негізгі арқауы болып қалды. Талай-талай аласапыран заманалар тезінен өтіп, өмірге жазу еніп, есейген әдебиет болса ұлт болып қалыптасқан белгілі біртекті тай­палардың ортақ қуаныш-қайғысы, тәжірибесі, рухы, болашақ ұрпаққа аманаты. Біздің замандағы есейген әдебиеттің тағы бір сипаты – айна. Қоғам осы айнаға мезгіл-мезгіл қарап, өзінің кеміс-құтығын көріп бой түзеп тұруға тиіс. Қоғам өз мінін алдын ала көріп-біліп қана әлемдік қауымдастыққа ілесе алады. Ұлттың рухани тұтастығын қамтамасыз еткен саналы әдебиет болмаған жағдайда сол ұлт түптің-түбі шілдің құмалағын­дай шашырап, кім көрінгеннің шылауында кетіп, ұлт есебінде жер бетінен жоғалады. Тәжірибеден көрініп түр, бұған әулиеліктің керегі шамалы. Салауатты да саналы әдебиет қана екпіндеп келе жатқан жаһандану үрдісіне төтеп бере алмақ, демек қоғам, қала, мейлің қала­ма, дұрыс қоғам  немесе мемлекет болып қалғысы келер болса, әдебиетті өгей бала санамайды. Өзін дүниеге алып келіп, өсіп-өндірген жазушының мойнында сол қоғамның хақы бар екендігін тәптіштеп жатудың қажеті бола қоймас. Талай ғасырлық дәстүрі бар төрт құбыласы түгел мемлекеттердің өзі болдық-толдық демей, әдеби үрдісті әртүрлі амалдармен демеп, қолдап отыр. Өйткені ол – ұлт­тың ұйытқысы, мемлекеттіліктің негізгі шарты әм дүниежүзілік қауымдастық алдындағы беделі. Айтылмай жүрген жоқ, ғасырлар бойы бодандықтың астында тұншыққан біздің қауым алдында жаһандануға төтеп бере алатын өзіндік қайрат-күші мен мінез-құлқы, бет-әлпеті айқын ұлт есебінде қалыптасып түлеу міндеті тұр. Бізге пәленшеден асып кетелік деп, ұрандай берудің түк қажеті жоқ. Қарапайым да тиімді мақсат – қатарға қосылу. Ең қасиетті парыз – ұлттық болмысты жаңғыртып, еркін де өр, сананы қалыптастыру. Теперіш көріп келген ұлт үшін рух бостандығы ауадай қажет. Рухы бостан тұлға ғана дүниежүзілік қауымдастықтан өз орнын ала алады. Дәл қазіргі кезең осындай сілкініске зәру. Көзге көрінбейтін, қолға ұстатпайтын бұл ұлттық рух деген қастерлі қасиет отбасы, ошақ қасындағы Жұмабайдан бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Жұмабайға дейін зәру қасиет. Бұл қызыл сөз де, ермек те емес, ұлттық, демек мемлекеттік мүдде. Мойнына ұлт рухын қалыптастыру міндеті жүктелген әдебиетке немқұрайды қараудың зардаптары көп күттірмейді, әсіресе екпіндеп келе жатқан жаһандану дәуірінде қауіп қыр астында тұр. Сан ­алуан қауіптерді былай қойғанда, көз алдымызда өтіп жатқан талай оқиғалар біздің ұлтшылдығымыз мен мемлекеттілігіміз­­де опырылып тұрған олқылықтар жеткі­лік­ті екендігін көрсетті емес пе? Менің қарабайыр түсінігімде, жаһандану деген ұлы шаңырақ астына әркім өмірде сыналған ұлттық қасиеттерімен енсе, әлі­гі шаңырақтың шалабын шайқамайтын тәрізді. Ағылшын – ағылшын, жапон – жапон, қазақ қазақ боп...

Жазу бейнетін жазушылар біледі. Ол пақыр қу тіршілік қумай, ештеңеге алаң­дамай омалып отыруға тиіс, жылдар бойы мұрағат қуалар, бөксесі стол басында ойылар. Әсіресе бас бермей тұр­ған мына нарық кезінде ертең ұлт мүд­десін ұстайтын құрамы да шектеулі жас талант пен жазу әдісі қалыптасқан қалам қуаты бар санаулы ғана егде жазу­шылардың жағдайын жасау керек екен­дігі бесенеден белгілі. Пейіл болса, әде­биет жасап жатқан қалам иелерін демеу­дің, «жұмысқа жегудің» жолдары жет­кілікті, қазынаны соншалық опырып та тас­тамайтын тәрізді. Қоғам алдындағы жауап­кершілікті мойнына алған жазушы ұлт­тың ушықты мәселелерін тәрк ете алмаса керек. Қашанда «сойылдың жуын басы сор­лыға тиетіні» тағы шындық, демек қазақ­тың болашақ Достоевскийлері мен Бул­гаковтарын қыруар бейнет күтіп тұр. Қалай дегенде де әдебиет қоғам үшін біз­дің әдебиет сол қоғамның қолдауына мұқтаж.

 

Әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»