Себебі сұраным иесінің өтініші және өзге де себептермен қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланбаған.
«Салымшылар өздерінің жинақтарын пайдаланатын мақсаттарды талдай отырып, келесі негізгі бағыттарды атап өтуге болады. Көбінесе (барлық орындалған өтініштердің 35,7%-ы немесе аударылған сомалардың 64,3%-ы) – бұл азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер учаскесі болған жағдайда). Өтініштердің шамамен 21%-ы (және аударылған соманың 8,2%-ы) одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыру мақсатында орындалды. Өтініштердің осы мәнге жақын мөлшері (20,87%) салымшылардың зейнетақы жинақтарын тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша пайдалануы үшін берілген. Бұған барлық аударылған біржолғы төлемдердің шамамен 13%-ы жіберілді. Өтініштердің шамамен 20%-ы (біржолғы төлемдердің шамамен 13%-ы) алғашқы жарнадан бастап қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейінгі ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану мақсатында орындалды», делінген қор хабарламасында.
2022 жылы БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалануға берілген 610 283 өтінішті орындап, арнайы шоттарға 703 млрд теңге аударылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,5 есеге аз. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы да азайған – 1,2 млн теңге. Салыстырар болсақ, 2021 жылы орташа сома 3,4 млн теңге болған.
2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін БЖЗҚ жалпы сомасы 318,9 млрд теңгеге емделуге 401 975 өтінішті орындапты. Ал 2022 жылы емделуге берілген 262 117 өтініш орындалды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. БЖЗҚ денсаулыққа қатысты мәселелерді шешу үшін қазақстандықтардың арнайы шоттарына 192,4 млрд теңге жіберді. 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Емдеуге төленетін орташа сома 2022 жылы 0,7 млн теңгені, 2021 жылы 0,9 млн теңгені құрады.
Көбінесе (өтініштердің 96%-дан астамы) қазақстандықтар өздерінің жинақтарын медициналық мақсатта стоматологиялық қызметтерге пайдаланады. Өтініштердің тек 2,8%-ы офтальмологиялық қызметтерді алу мақсатында орындалды.