Спорт • 11 Қаңтар, 2023

Универсиада алауы тұтанады

347 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертең АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында ХХХ қысқы Дүниежүзілік универсиаданың алауы тұтанады. Жер-жаһанның ең үздік студент-спортшылары бас қосқан жарыста Қазақстанның 78 өрені өнер көрсетеді. Жерлестеріміз биатлон, сноу­борд, шаңғы, тау шаңғысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы, коньки, шаңғымен трамплиннен секіру және шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен бақ сынайды.

Универсиада алауы тұтанады

Жалпы, Қазақстанның спортшылары қысқы Универсиадаға 1993 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. Польшаның Закопане қала­сында өткен алғашқы жарысында жерлестеріміз жалқы күміске қол жеткізген еді. Оны Өскеменнің «Торпедо» клубы ойыншыларынан ғана жасақталған хоккейшілер құрамасы жеңіп алды. Жарыс барысында барлық қарсыласын сыпыра ұтқан Олег Домрачевтің шәкірттері финалда Ресей құрамасына есе жібергені есімізде.

1995 жылы Испанияның Хака­сында шайбалы хоккейші­леріміз қарсылас шақ келтірмеді. Бұл жолы олар ресейліктердің өзін сан соқтырып кетті. Мәнерлеп сырғанаушылар сайысында Ма­рина Халтурина мен Андрей Крюков алдарына жан салмаса, Дмитрий Казарлыга мен Елизавета Стекольникова қолаға қол созды. Олар жұптық сайыстарда өнер көрсетті. Яғни Пиреней түбегінде отандастарымыз 2 алтын мен 1 қоланы иеленді.

1997 жылы Муджу (Оңтүс­тік Корея), 1999 жылы Попрад (Сло­вакия) және 2011 жылы Зако­панеден (Польша) қор­жынымыз бос қайтты. Есесіне одан кейінгі үш дүбірлі додада студенттеріміз керемет көрсеткішке қол жеткізді. Атап айтсақ, 2003 жылы Италияның Тарвизиосында алты жүлдені қоржынға салдық. Апеннин тү­бегінде Николай Чеботько мен Свет­лана Малахова алтын алса, Оксана Яцкая мен Андрей Головко кү­міспен күптелді. Сондай-ақ Дария Старостина эстафта мен жекелей бәсекеде қола медаль еншіледі. Бұл спортшылардың барлығы да – шаңғышылар.

2005 жылы Аустрияның Инс­бургінде табысымыз тіптен керемет болды. Ол кезде отандастарымыз 4 алтын, 1 күміс және 2 қоланы ол­жалады. Бұл жүлделердің бар­лығы да шаңғышылардың ен­шісінде. Тарқатып айтсақ, Е.Кошевая, С.Ма­­лахова, А.Головко, Н.Че­боть­­­ко, М.Однодворцев, Е.Ко­ше­­вой, О.Яцкая, Е.Коломина, С.Ма­­лахова – бірінші, Н. Чеботько – екінші және Е.Коломина мен М.Однодворцев үшінші орындарды иемденді. 2007 жылы Ита­лияның Туринінде 2 алтын, 1 кү­міс және 2 қоланы қанжығаға байладық. Жеңіс тұғырына көте­рілген жерлестеріміздің дені жо­ғарыда есімдері аталған шаңғы­шылар мен шайбалы хоккейшілер командасы еді.

2009 жылы Харбиннен (Қытай) құралақан оралсақ, 2011 жылы Эрзурумде (Түркия) алты жүлде алдық. Анадолы елінде Дарья Рыбалова (биатлон) алтыннан алқа тақса, Д.Моисеев (фристайл), Г.Матвиенко (шаңғы), Д. Волотко (шаңғы), А.Осипов (шаңғы) және эстафетаға қатысқан спортшыларымыз қола медальді мойындарында жарқыратты. 2013 жылы Трентинода (Италия) 2 алтын, 2 күміс және 1 қола бұйырды. Бұл жүлделердің төртеуін шаң­ғы­шы­лар жеңіп алса, тағы біреуін хок­кейшілер еншіледі.

2015 жылы Испанияның Гра­­надасы мен Словакияның Штрбс­ке Плесо қалаларында жалауы жел­біреген жарыста Қазақ­стан құра­масы өз тарихында тұң­ғыш рет жалпыкомандалық есепте үздік үштіктің қатарынан кө­рінді. Бұған дейінгі ең жақсы көр­сеткішіміз 2005 жылы Инс­бурктегі жетінші орын еді. Ал бұл жолы 5 алтын және 6 күміс олжалады. Барлығы – 11 жүлде. Анастасия Слонова (шаңғы) екі мәрте алтын тұғырға көтерілсе, Юлия Галышева (фристаил), Павел Колмаков (фристайл) және Алина Райкова (биатлон) бір-бір реттен дәл сондай құрметке бөленді. А.Слонова, А.Ланчакова (шаңғы), Д.Рейхерд (фристайл) және шайбалы хоккейшілер, шаңғышылар, биатлоншылар құрамасы күміспен күптелді.

2017 жылғы ХХVIII қысқы Дүниежүзілік универсиаданың алауы Алматыда тұтанды. Қа­зақстан тарапынан осындай мәр­тебелі жарысты аса жоғары дең­гейде өткізу үшін қыруар жұмыс атқарылды. Алатау баурайында жарыс жолына 56 мемлекеттен келген 1 604 студент шықты. Олар 12 спорт түрі бойынша 85 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Бақ сынаушылар қатарында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақ спортшылардың да қатары қалың болды. Жалпы есепте Ресей құрамасы (29 алтын+27 күміс және 15 қола) алды­на жан салмады. Қазақстанның өрендері (11+8+17) екінші орынды олжалады. Оң­түстік Корея (11+8+17) үшінші сатыға табан тіреді. Сондай-ақ үз­дік бестіктің қатарына Жапония (6+12+10) мен Польшаның (5+2+5) өкілдері енді.

Қазақстан құрама командасы сапында биатлоншы Галина Вишневская, фристайлшы Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд мол олжаға кенелді. Олардың әр­қайсысы екі алтыннан олжала­ды. Алина Райкова (биатлон), Иван Люфт, Анна Шевченко мен Олжас Климин (шаңғы), Де­нис Тен (мәнерлеп сырғанау), Жан­бота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек (акробатика) сын­ды са­йып­қырандарымыз бір-бір рет­тен Қазақ елінің әнұранын шыр­қатты.

2019 жылғы Универсиаданы Ресейдің Красноярск қаласы қа­былдады. Бұл жарысты жерлес­теріміз 4 күміс және 3 қоламен қо­рытындылады. Әсет Дүйсенов (шаңғы), Павел Колмаков (фристаил), Элизабет Тұрсынбаева (мәнер­леп сырғанау) және шаң­ғыдан Қазақстан құрамасы эста­феталық сайыста екінші орынды еншілесе, Жанбота Алдабергенова мен шорт-тректен еліміздің ерлер және әйелдер командасы үшінші са­­тыға жайғасты. 2021 жылы Швей­­­­царияның Люцерніндегі до­­да Жер-жаһанды жайлаған ко­рона­вирус дертінің салдарынан өтпей қалды.

Міне, қысқаша баяндасақ, Қазақстанның студент спортшыларына қатысты қысқы Дүниежүзілік универсиаданың тарихы осындай.