Экономика • 11 Қаңтар, 2023

Елімізде транзиттік контейнерлік тасымалдар 6%-ға ұлғайды

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде транзиттік контейнерлік тасымалдар 6%-ға ұлғайды

Алдымен ведомство басшысы Премьер-министр Әлихан Смайыловқа министрліктің 2022 жылда атқарған жұмыстары жөнінде жеткізіп, негізгі салалар бойынша оң динамика сақталып отырғанын айтты.

Мәселен, өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторында жағымды үрдіс байқалып, жиынтық көрсеткіш 103,4%-ға жетті.

Машина жасау саласында автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелерді (+19,1%), электр жабдықтарды (+22,2%), машиналар мен өзге де жабдықтарды (+22,6%) шығарумен, сондай-ақ осы сегментттегі басқа да салалар есебінен тұрақты өсім 9,4% деңгейінде сақталып отыр.

Түсті металлургияда өндірістік көрсеткіш – 105,5%-ға жетті. Бұл өсім тазартылған мыс, құйма алтын, түйіршіктелген және тазартылған күміс, катодты мыс пен тазартылған алтынды өндіру есебінен тіркелді.

Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 10,2% деңгейінде байқалды. Айталық, көміртегі диоксидінің, хлор мен тұз қышқылының, сондай-ақ күкірт қышқылы мен сұйық аммиактың өндірісі артқан.

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі тоқыма бұйымдары, киім және былғары өнімдер өндірісінің есебінен 6%-ға өсіп отыр. Құрылыс материалдарының өндірісі гипс, құрылыс ерітіндісі және кірпіш өнімдерін шығарудың нәтижесінде 1,3%-ға ұлғайды.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба іске асырылып, олар экспорттық әлеуетті нығайтып, өндеуші өнеркәсіп салаларындағы өндіріс көлемін одан әрі арттыруға жол ашады», деді Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, былтыр көлік және құрылыс саласында да жақсы көрсеткіштер тіркелді. Бұл бағытта өндірістік динамика 103,9%-ға және 109,4%-ға жеткен. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 15,4 млн шаршы метр (негізгі жоспарлы көрсеткіш 15,1 млн шаршы метр болатын) тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 0,3 млн шаршы метрге көп. Қазір елімізде пайдалануға берілген баспананың көлемі – 130 686 (оның ішінде – 38 247 жеке үй).

Бұдан басқа транзиттік контейнерлік тасымалдар 6%-ға ұлғайтылып, жиырма фунттық мөлшерде оның көлемі 1 млн 129 мың контейнерге жетіп отыр. Тұтастай алғанда, Қазақстан аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүктердің өсу қарқыны 26,8 млн тоннаға немесе 12,6%-ға артқан.

Жолаушылар тасымалында да оң динамика байқалады. Өсім қарқыны 2,3%-ды көрсетіп отыр.

«Былтыр қарашада отандық теміржол саласындағы ірі жобалардың бірі – «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы қолға алынғаны мәлім. Осы жобаны іске асыру аталған теміржол учаскесі арқылы пойыздардың өтуін 5 есеге, яғни жылжымалы құрамда 12-ден 60-қа дейін арттыруға септігін тигізеді. Биыл Алматы стансасында айналма теміржол желілерінің құрылысы басталады деп жоспарланып отыр», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.