Қазақстан • 11 Қаңтар, 2023

Қазақстан мен Чехия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Чехия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды

Осы атаулы күнге орай Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Чехияның Қазақстандағы Елшісі Рудолф Гикл екі мемлекет басшыларының және сыртқы істер министрлерінің атынан құттықтау хаттарымен алмасудың салтанатты рәсімін өткізді.

«Чехия мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастар ежелден келе жатқан достық сипатқа ие, көпжақты салалардағы ынтымақтастық табысты дамып келе жатыр», деп атап өтті Чех Республикасының Президенті Милош Земан құттықтау хатында.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат үш онжылдық ішінде қос елдің ынтымақтастығы серпінді дамып, өзара тиімді әріптестікке айналғанына қанағаттанушылығын білдірді.

Екіжақты қатынастар делегациялардың тұрақты алмасуымен сипатталады, екі елдің өзара іс-қимылын дамытудың тиімді және пәрменді тетіктерінің бірі экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия болып саналады. Бүгінгі таңда инвестициялар, көлік және логистика, IT технологиялар, ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық сақтау, мәдениет және білім беру сияқты салаларда өзара іс-қимылдың нақты перспективалары бар екендігі атап өтілді.

Қазақстан-Чехия арасындағы мықты саяси қарым-қатынастар мен жан-жақты шарт-құқықтық база сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы әлеуетті іске асыру үшін қолайлы негіз қалады.

Чехия - Еуропалық одағындағы елдер арасында Қазақстанның маңызды сауда әріптестерінің бірі. 2022 жылдың 11 айында екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,7%-ға ұлғайып, 370,9 млн АҚШ долларына бағаланған. 2022 жылдың екі тоқсанында ҚР-дағы ТШИ-дің жалпы ағыны 15,3 млн АҚШ долларға жеткен. Қазіргі уақытта Қазақстанда 138 чех компаниясы өз қызметін жүзеге асырып келеді.

Р.Василенко мен Р.Гикл сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге мүдделілігін растады.