11 Маусым, 2014

Ленинград. 1941 жылғы 6 қыркүйек. «Окно ТАСС» плакатындағы Жамбыл бейнесі

1989 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
ЖамбылСурет... Иә, кәдімгі сурет. Бы­лайша қарағанда онда айтар­лықтай ештеңе жоқ сияқты. Бұл – XX ғасыр Гомері Жамбыл­­­­дың бейнесі. Оны қазір ақынның жыр жинақтарынан ешбір қиналмай тауып алуға болады. Тоқ етерін айтқанда, ол өзіміз көріп, біліп жүрген жұртқа танымал фотолардың бірі. Дей тұрсақ та, көзі жіті, көңілі зерек кейбір жандар қазіргі тұрған мына нұсқадағы «Окно ТАСС. Ленинград», «Пос­ледние известия». «Послание народного поэта Казахской ССР трудящимся города Ленина» деген сурет төңірегіндегі жазуларды оқып, ойланып қалары анық. Сонда бұл не? Кітап мұқабасы ма, әлде ақын шығармашылығы жайлы кездесуге шақырған жарнама ма? Жоқ. Бұл екеуі де емес. Ол – плакат. Оның ерекшелігі – ақсақалдың осындай кең-мол пішілген қарапа­йым отырысымен-ақ, Ұлы Отан соғысындағы патриоттық тақы­рып­қа қалам тартқан кез келген ақынның туындысына беріле бермеген мүмкіндікке ие болған­дығында. Оның құдіреттілігі – сурет астындағы өлең жолдарының  Ленинград қорғаушыларының рухына рух қосып, қиын жағдайда қалған оларды ғажап жігер­ мен әсерге бөлегендігінде. Мұны біз тектен-тек айтып отырған жоқ­пыз. Оның өзіндік себептері де­ бар. Сондықтан да: «Ал оның тари­­хы қандай? Бұл өзі қалай болып­ еді?» деген сұраққа жауап берейік. 1941 жылдың шілде-тамыз айларында жау екі бағытта шабуылға шығып, Ленинград пен Мәскеуді басып алуға жанталасып бақты. Осындай қиын-қыстау күндерде бүкіл адал ниетті адам баласы КСРО тағдырына қауіптене көз тікті. Майдандағы жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің осы шайқас оқиғаларын баяндайтын Совинформбюро хабары десе, шығарда жаны басқа еді. Жаз өтіп, күз келсе де, жағдай өзгермеді, қайта қиындай түсті. 4 қыркүйек күні Ленинград аспанынан әуе дабылы қағылды. 5 қыркүйектің түс мезгілінде қала сыртынан артиллерияның боздаған жойқын үні естілді. Ал 6 қыркүйекте шаһар­дың орталық көшелеріне фашис­тердің жіберген алғашқы снаряд, бомбалары келіп жарылды. Бұл – жау Ленинград іргесіне келіп жетті, қаланы қорғаушылар мен оның тұрғындарының нағыз қиындықта сыналар шағы туды деген сөз еді. «Ленинградты қорғаушы жа­уынгерлердің рухын көтерейік!». «Құрсауда қалған қаһарман қала тұрғындарының тағдырына сүйеніш бола білейік!». Қиын-қыстау күн туған шақта, Үкімет халыққа, міне, осылай деп ұран тастады. Оны сан миллиондаған адамдар қолдап әкетіп, сондағы тұрғындар үшін вагон-вагон сәлемдемелер, жігер беретін хаттар жөнелтіп жатты. Атақты «Ленинградтық өренім!» өлеңі осы кезде туған еді. 0015-033-Edinstvennyj-v-Leningrade-simfonicheskij-orkestr-radiokomiteta-dal-za Өлең қалай жазылды, ақын бұл жырды жазу кезінде қандай толғанысты бастан кешірді, бұл қазір бізге беймәлім. Дегенмен, бір жайдың басы ашық. Жәкеңді бұл тақырып жау Ленинград қақпасы түбіне келуден бұрын-ақ толғандырған. Бұған біз сөз етпек болып отырған патриоттық жыр қыркүйектің 4-іне дейін қазақстандық ақын Павел Кузне­цовтің аудармасымен екі тілде жазылып дайын тұрғанын айтсақ та жеткілікті. 5 қыркүйекте ол республикалық «Социалистік Қазақстан», орталық «Правда» газетінде бір мезгілде жарық көрген. 6 қыркүйек күні «Ленинградтық өренім!» өлеңін «Ленинградская правда» газеті басқан. Сол күннің кешінде оны диктор М.Меланед эфир арқылы оқып, бүкіл елге таратады. Мұнымен бір мезетте аталмыш өлең сан мыңдаған данамен плакат етіліп шығарылып, Солтүстік-Батыс майдандағы барлық қалалар мен елді мекендерге жөнелтіледі. Өлең жарық көрді. Ал оның әсері қандай болған еді? Бұл сұраққа көзбен көрген куәгерлердің естеліктері арқылы жауап берген жөн сияқты. Көрнекті ақын, Ленинградты қорғауға белсене қатысқан А.Про­кофьев былай деп еске алады: «Жамбылдың «Ленинградтық өренім!» деген жыры Ленинград қаласына қатер төнген, сондай бір аса ауыр шақта жарияланды. Халықтың рухын ерекше көтерген бұл жыр Ленинград радиосы арқылы күніне әлденеше рет оқылып тұрды. Жыр ірі әріптермен теріліп, көшелерге плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелеп оқып, көзінен жасы сорғалаған талай адамды көрдім». А.Прокофьев өз естелігінде Жәкеңнің бұл өлеңінің Ленинград халқын, оның жауынгерлерін жігерлендіруде өте зор рөл атқар­ғанын ерекше тебіреніспен баян­дайды. Мұндай пікірді көрнекті жазушы Вс.Вишневский де айтқан. Бүкіл өмірі мен шығар­машылығы осы қаламен тығыз байланысты болған, «Біз Кронш­тадтанбыз!», «Оптимистік трагедия» сияқты атақты туындылардың авторы ол «Правда» газетінде басылған есте­лігінде: «Плакаттан Жамбылдың «Ленинградтық өренім!» деген өлеңін оқығанда, барлығымыз көзі­мізге жас алдық, жылап тұрып оқы­дық, сонда қазақ халқының достығы мен сүйіспеншілігіне шексіз риза болдық», – деп ағынан жарылған. Осы арада ескерте кетелік, бұлар қызыл сөзді оңды-солды үйіп-төгетін, мақтау, қолпаш пікірді, әйтеуір, көңіл үшін айта салатын көптің бірі емес. Олар – сол кездегі кеңес әдебиеті мен өнеріндегі өзіндік орны бар, қандай нәрсе болмасын оның анық-қанығына жетіп барып пікір білдіретін кемел ойлы жандар. Сондықтан да жоғарыдағы жүрекжарды сөздерді «Ленинградтық өренім!» өлеңіне берілген нақты анықтама, әділ баға деп айтуға толық негіз бар. Осы ойды кеңес әдебиеті ақсақал­дарының соқталы өкілі Н.Тихонов­­­тың лебізі жандандыра түскен­­дей. Үлкен сөз зергерінің «Замана саңлақтары» кітабына кірген «Ақын­дар атасы» деген толғанысы А.Про­кофьев, Вс.Виш­невский пікірлеріне қара­ғанда, тіпті өзгеше. Онда өзіміз сөз етіп отырған өлеңнің ленин­град­тықтарға қалай әсер еткені жанды қимылмен, сол кездегі өмірден ойьп алынған нақты суретпен әрі егжей-тегжейлі баяндаумен берілген. «Мен Петроградты 1917 жыл­ғы­ Юде­ничтен қорғап, аштық-­жа­ла­ңаштықтың зардабын тартқан­­дарды да көрдім. Петро­град, про­ле­тариатының тап жауына деген ызасы олардың түр­лерінен-ақ байқалатын, – дейді ол. – Енді, міне, менің төңірегімде Ұлы Отан соғысындағы Ленинградты қорғаушылар. Осылардың бәрі де қалай тез күнделікті істерінің қамын ойлау­дан босағандарына таңғаламын. Осылардың әрқайсысында қандай жігер, мақтаныш, өмірді сүюшілік бар десеңізші! Бұлар соншалық топырлап не қарап тұр екен? Ай­барлы, ызалы түрлері кейде жылы ұшырай түсіп, не көріп тұр екен? Көшенің бұрышындағы қоңыр­қай бір тақтайға қалың сұр қағаз жапсырылыпты. Ол қағазға үлкен әріптермен бірнеше өлең шу­мақтары жазылған, қасынан көңіл қоймай өту мүмкін емес. Ол жазылған жолдар – саған кенет үн қатқан, бала күніңнен таныс, көшеде кездестіремін деп ойламаған досыңның даусы. Мен: «Ленинградтық өренім! Мақ­танышым сен едің! Нева өзені сүйкімді. Бұлағымдай көремін!» – деген өлең жолдарын оқыдым. Мен қабағы тұнжырап, түнгі қорқыныш дабылдарынан ұйқысы қанбаған жандардың ортасында тұрмын. Бұл жерде солдаттар, офицерлер, теңізшілер, үстерінде көк комбинезондары бар, противогаз асынған қыздар бар. Солардың барлығы Жамбылдың өлеңін өміріндегі ең бір ауыр жағдайда демеу боларлықтай туыс адамнан келген хат сияқты оқып өтіп жатыр. Сол күні әскери тапсырмамен қайда барсам да, әлгі өлең жолдары ойымнан кетпей-ақ қойды. Ол өлең бүкіл қалаға таралып ілінген болатын, Ленинградтың әр үйіндегі радиодан саңқылдай естіліп жатты. Бұл өлеңді радио майданға да жеткізді. Бұл өлең жолдары әрбір окопқа, Ленинградтың тағдыры шешіліп жатқан майданның алғы шебіне де жетіп үлгерді. Қаланың соғысқа қалай да­йындалғанын, тіпті көшелер мен алаңдарда, үйлер мен бақтың іш­терінде доттар салынғанын, бұрыш­тағы әр үйге пулемет орна­тылғанын, баррикадалар құрылып, жер қазылып, бомбадан сақтанатын бекіністердің жөнделіп жатқанын көргенімде, мен тарих демін, қайғылы тағдыр қадамын сезіндім. ...Мен өз үйімнің балконында тү­­­нерген қалаға көз салып тұрдым. Түн. Мен Жамбылдың: «Қайтып ұйқы көремін! Жетсін деймін сендерге, Жыл құсындай өлеңім. Қаласындағы Лениннің, Сайыпқыран өренім!» – деген сөздерін қайталадым. Жамбылға қариялық даналықты берген уақыт, оған келешекті сезі­нуді де берді. Алғашқыда мен оның басынан өткен дәуірді өте ұзақ,­ сондықтан бүгінгі күнді эпос ретін­де, өнердің келесі бір беті деп сезіне­ді ғой деп ойладым. Енді маған Жамбыл Ленинградтың қорғау­шылары сияқты ұйқысы бұзылған, күзгі сардалаға жеткен алыстағы Балтық теңізінің мазасыз, ауыр лебін сезіп тұрғандай болып елестеді. Мен көз алдыма төбе басын­да отырған ақындар атасын елес­теттім. Ол отырған төбенің үстінен күзге қарай өзінің қанатты достарын жинаған тырналар қиқу салып, алысқа ұшып барады. Оның маңында ұшып жүрген құстардың даусы қауіптің хабаршысындай. Даладан көтерілген шаң алыстағы өрттің түтініндей. Бөктердегі қырғилар мен қаршығалар әуе соғысына әзірлен­гендей түйіліп ұшып жүр. Осы кезде қартқа дана сөзді талап ететін дауыл дабылының таянған сезімі өсе бастады. Сөйтіп, ол алыстағы балаларына үндеу қатқандай. Өйт­кені, онда әкелік сезім лау­лай түскен еді. Міне, дәл осы кезде ол жан толқынысын тек:  «Ленин­град­тық өренім!» деп бас­тай алды. Ленинградтың түнін прожекторлар сәулесі кесіп өтті. Ұлы қала Жамбылдың өлеңіне жарық сем­­серімен салют бергендей болды!». Міне, XX ғасырдың Гомері – Жамбыл жайлы, оның «Ленин­градтық өренім!» деген өлеңі туралы Ресейдің атағына сай құдіретті талант иелерінің бірі, үлкен қоғам қайраткері Николай Тихонов осылай толғанған, осылай тебіренген. Сөз орайында оқырмандарды мына бір фактімен де таныстыра кетудің еш артықшылығы жоқ қой деп ойлаймыз. Мәселен, сол кезде Нева жағалауында аспирант болып жүрген көрнекті қазақ ғалымы Кәрім Мыңбаев қаһарман қаланы қорғау үшін, Ленинградтағы халық жасағының мүшесі болған еді. Жәкеңнің өлеңі плакат болып шығып, қала көшелеріне ілінгенде, ол жыр атасына былай деп хат жазды: «Қымбатты Жәке! Сіздің үніңізді бүкіл Ленинград естіді. Өз халқыма, өз ақыныма деген мақтаныш сезімі менің жүрегімді кернеді, сіздің сөздеріңіз біздің ленинградтықтардың бәрін жаңа ерлікке жігерлендірді». Бір кездегі Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург тұрғындары, ондағы жас ұрпақ Жамбыл есімін біле ме? Білсе, оны неден көріп байқауға, аңғаруға болады? Біздің ойымызға, кейінгі жылдары міне, осындай сұрақтардың оралғаны бар. Оны осы қаламен көптен бері байланысы болған, «Ленинград және Жамбыл» тақырыбын үзбей зерттеп келген филология ғылымдарының докторы Сұлтанғали Садырбаевтан көзі тірісінде сұрағанбыз. – Қаладағы біз сияқты көнекөз мәдениет өкілдері Жәкеңді өз ақындарына балайды, – деген еді 2009 жылы Астанадағы редакцияға бас сұққан кезінде Сұлтекең. – Оны сондағы ғалымдардың Жам­­был твор­чествосына деген ерек­ше құрмет, ілтипатынан көре­міз. Мәселен, 1998 жылға дейін Жә­кеңнің ондағы әдеби мұралары екі салада топтасқанын жақсы білемін. Біріншісі – Жамбылдың өз өлеңдері, екіншісі, Жамбыл туралы жазылған мағлұматтар мен ғылыми-зерттеулер. Оларды Салтыков-Щедрин атындағы кітапхана мен қаланың Воинов көшесіндегі №34 үйдегі әдебиет және көркемөнерге арналған мемлекеттік архивтен табуға болады. Онда ақынның шетелде шыққан өлеңдері, ол туралы басқа ұлт республикаларында жарияланған мақалалар, монографиялар, жинақтар, басқа да қызықты мәліметтер жинақталған. Тағы бір айтатын нәрсе, Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбылдың плакат болып шыққан өлеңі. Кезінде ол қаланың орталық алаңдарына, Эрмитаждың қабырғаларына, азық-түлік дүкендерінің терезелеріне, әскери кемелер мен бекіністерге ілінген екен. Қазір сол плакатты ленинградтықтар қасиетті тұмардай сақтап отыр. Мәселен, соның біреуі қаланың тарихи мемлекеттік музейінің орталық бөлімі – Петропавлов қамалында ілулі тұр. Жәкеңнің тарих алдындағы биік парасаты қала тұрғындары үшін есте қалдырылған. Оны Санкт-Петербургтегі М.Горький театрының алдындағы тұйық көшенің Жамбыл есімімен аталуынан анық аңғаруға болады. Көшенің әр жерінде түсініктеме беретін ескерткіш тақталар қойылған. Оған осы қаладағы ақын ескерткішін қосыңыз. Өткеннен белгі, адамдар зердесіндегі ұмытылмаған құрмет деген міне, осы. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Санкт-Петербургте Астана қаласының мәдени күндері өтті. Сондағы шараларды әдемілеп жазған журналист Талғат Батырхан «Астана ақшамы» газетіндегі жолсапарын мынадай сөйлеммен түйіндепті: «Қазақстандық делегация Нева жағалауындағы қалада тұрған Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Санкт-Петербургтің 300 жылдығына орай бой көтерген бұл бейне бізге жақсы әсер қалдырды. Өйткені, ескерткіштің айналасы абаттандырылып, күтімге алынған екен. Соны көріп көңіліміз көтеріліп қалды». Енді: «Окно ТАСС» қандай шы­ғарылым? Соғыс кезінде ол қалай пайда болған?» деген сұрақтарға жау­ап бере кетелік. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылғы 22 маусымнан кейін Кеңес өкіметі бірден әдебиет және өнер қайраткерлері алдына халықтың рухын көтеру мақсатындағы дүниелер тудыруды талап етті. Осы міндетке жауап ретінде композиторлар А.Александровтың «Қасиетті соғыс» атты патриоттық әні мен Дм. Шостаковичтің «Жетінші симфония» туындысының, жазушы-драматург И.Корнейчуктің «Майдан» пьесасының туғаны мәлім. Осыдан кейін: «Ал суретшілер ше? Кеңес халқының соғыста жеңіске жетуіне қылқалам иелері қандай үлес қосуы тиіс?», – деген мәселе туындады. Міне, сол кезде КСРО Суретшілер одағы мәні мен маңызы, мағынасы жағынан тылдағы адамдарды өзіне тартып, майдандағы жауынгерлер жүрегін бірден жаулап алатын насихаттық плакаттарды көптеп шығару туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1941 жылы 27 маусымда Мәскеудің Кузнецк көпірі №11 деп аталатын мүйісіндегі шеберханада кейін бүкіл елге «ТАСС терезелері» деген атпен белгілі болған плакаттар сериясының алғашқы нұсқасы басылып шықты. Бұл жобаның бас­тамашысы Соколов-Скаля мен Денисовский деген суретшілер болды. Олардың қатарына іле-шала атақты Кукрыниксы (Куприя­нов, Крылов, Соколов) тобы қо­сылды. Қолда бар деректерге қа­рағанда, соғыс кезінде бір Мәс­кеу қаласының өзінде осы жұ­мысқа 125 суретші араласып, пла­каттардың мәтінін 83 ақын-жазушы жазған. Сөйтіп, 1941-1945 жылдары 1288 «ТАСС терезелері» шығып, олар 842 550 данамен бүкіл майдан шебіне, жау басып алған қалаларға апарып таратыл­ған. Жәкең, Жамбыл атамыздың «Ле­нинградтық өренім!» атты ­туын­дысын өз тақырыбына өзек ет­кен жоғарыдағы шығарылым «ТАСС терезелері» сериясындағы осындай плакат­тардың бірі еді. Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан».