Экономика • 12 Қаңтар, 2023

Шикізатқа шекара ашық

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ағаш өңдейтін отандық кәсіпорындар Ресейден шикізатты көлікпен тасымалдай алады. Тараптар мұндай келісімге Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағалары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчуктың екіжақты келіссөздері барысында қол жеткізді.

Шикізатқа шекара ашық

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ағаш өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлердің бастамасымен Ресей Федерациясынан ағаш материалдарын әкелу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Әзірге ағашты әкелу маршруттары Қазақстан – Ресей шекарасындағы үш автомобиль өткізу бекеті арқылы жүзеге асырылады. Бұл – Қостанай облысындағы Бугристое бекеті, Батыс Қазақстан облысындағы Озинки бекеті және Солтүстік Қазақстан облысындағы Петухово бекеті.

Тиісті норма Ресей Федера­циясының «Ағаштың жекелеген түрлерін және оны жүк көлігі­­мен қайта өңдеу өнімдерін тасы­мал­дау тәртібі және Ресей Феде­рациясы Үкіметінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы» 2022 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысында жазылған.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың қаңтарынан бастап Ресей тарапы автомобиль көлігімен ағаш материалдарының жекелеген түр­лерін әкетуге тыйым салған болатын. Сондай-ақ өткен жыл­дың қыркүйегінен бастап Ресей Феде­рациясынан Қазақстанға ағаш материалдарының кейбір түрлерін әкелуге теміржол көлігімен ғана рұқсат етілді. Бұл тыйым ағаш материалдарын Ресейден Қазақстанға тасымалдау жағдайын одан әрі нашарлатқан еді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің айтуынша, Ресейдің ағаш материалдарын қазақстандық 300-ден астам кәсіпорын тұтынады.

– Ресей Федерациясынан орман өнімдерін тек теміржол көлігімен әкелу Қазақстанда ағаш материалдары құнының қымбаттауына алып келді. Өйткені теміржол көлігінің тарифтері автокөлікпен тасымалдау құнынан едәуір асып түсті. Ресей Федерациясының біржақты шектеу шараларын қолдануы Қазақстанның ағаш өңдеу салалары үшін қолайсыз экономикалық зардаптар туғызды. Қазір мәселе шешіле бастады. Ағаш өңдеу кәсіпорындары мен жиһаз фабрикалары Ресей шикізатын алаңсыз сатып алып, оның ел аумағына жет­кізуге мүмкіндік барын естіп қуанып жатыр, – деді Т.Жаркенов.

Сондай-ақ ол ұлттық палатада Ақтөбе, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының Қазақстан – Ресей шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттері арқылы ағаш материалдарын әкелуге рұқсат беру мәселесі пысықталып жатқанын айтты.