Руханият • 12 Қаңтар, 2023

«Толық адам» ілімін қалай меңгереміз?

1823 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Абай – данышпан, хакім, қазақтың идеалы. Шығыстан да, Батыстан да ілім-білім жиған данагөй сол білімнен адамзат биігіндегі өз ойын қорытып шығарды. Анықтап айтқанда, әл-Фарабидің философиялық ғылым көздері, Жүсіп Баласағұнидың мораль философиясы, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғанидың сопылық ілім негіздері, т.б. ғұламалардың еңбектері арқылы өз іліми мектебін жасақтады.

«Толық адам» ілімін қалай меңгереміз?

Ең негізгісі, дана Абайдың «Толық адам» ілімі. Өз өлеңдерінде:

«Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз,

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге»,

– деген Абай ойлары хакімнің ғы­лым-білімге үлкен мағына бергенін дә­лел­дейді. Адамзат білімді болғанда ғана жарыққа, биікке жетеді, дамиды деп түсінді. Осы ойларының мәнін аша түсу үшін қарама-қарсы мағынада надандық, білімсіздік, қараңғылықты кінәлады. Абай білімнің неғұрлым тереңін көздеді. Білімді тереңдету үшін Абай «мұлахаза» және «мұхафаза» концептуалды ұғымдарына жүгінді, терең ойға салып, ғылыми ізденіс жасады. Хакімнің осы ізденістерінен «Толық адам» ілімі туды. Ол Конфуцийдің мораль философиясын меңгерген сияқты немесе ақынның ізденіс ілімінің нәтижесі соған алып келгендей.

«Кімде-кім осы жолмен жүруді өзіне шарт қылып, қадам басса, сол толық адам делінеді», деп «Толық адам» бойындағы қасиеттердің ең негізгісі ретінде ізгілікті алға тартты. Бұл жерде Абай «Құтты білік» дастанындағы жәуанмәртлікті адамгершілік негіздері ретінде пайдаланып, «толық адам» концепциясына этикалық бағыт ретінде кіргізеді. Оның негізіне ғылым, рақым, ғадәлет ерекшеліктерін алады. Осы үшеуінің басын қосып, ізденіп, толық игерген адам ғана «толық адам» қатарына қосылуы мүмкіндігін айтады хакім.

Абайдың «Толық адам» ілімі дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын ашып, оған толық дендей алғанда, оларды бүгінгі өмірмен байланыстырғанда ғана өз тиімділігін беруі мүмкін. Қaзіргі өмір демекші, ғалым-экономист ретінде айтарым бұл жерде дүниежүзілік өзгерістерді есепке алмасқа болмайды. Өткен ғасыр­да екі жүйе: социалистік және капиталис­тік жүйе болғанда, әлемде тепе-теңдік сақталған еді. Себебі АҚШ пен КСРО та­разының екі жағы сияқты қаржы жағы­нан да, тауар жағынан да, әскери күш­тері жағынан да теңдікте болған. Кеңес одағы құлағаннан соң, АҚШ бір полюсті дүние саясатын жүргізіп, білгенін істеп, басқаларға үстемдіктің арқасында өзде­рінің долларын артық эмиссия жасап, оның көлемін өндірілген тауар көлемінен 10-12 есеге асырып жіберді. Әлемнің дамыған елдері, тіпті, ғылымның, жаңа технологияның жетістіктерін бір ғана мақсат – баю үшін пайдаланды, есеп­сіз тұтыну жолына түсті. Сонымен капи­талистік қоғам есепсіз тұтыну, баю қоға­мына айналды. Бүгінгі әлемде болып жат­қан нәубеттер, келеңсіздіктер тікелей осының салдарынан.

Абайдың тілімен айтсақ, олар дүние­нің көрінген сырын, материалды дүниені халықаралық трансұлттық компания­лар­ға беріп, тек баю, үстеме пайда табумен кетті. Ал дүниенің көрінбеген сыры далада қалып қойды. Ол – рухани құн­дылықтар, мәдениет, тарих, адам факторына байланысты дүниелер. Керек болса, мұны Билл Гейтс сияқты және басқа да миллиардерлердің өздері мойын­дады. Ат төбеліндей адамдар баюда, миллиардтаған адамдар аш-жалаңаш күн көре алмауда, кедейшілікте. Мұның түбі жақсылыққа алып бармайтынын тезірек түсінген жөн. Әлеуметтік теңсіздіктің былайша асқынуы қазірдің өзінде түрлі елдерді бүліктер мен қақтығыстарға алып келіп отыр. Украинадағы соғысты да осының салдары десе болады.

Дана Абайдың «толық адамы» – эко­­номикалық-әлеуметтік мәні әлі де бол­са ашылмаған ғылыми әлеуеті жо­ғары тұжырым. Экономика ілімінде «эко­но­микалық адамды» тек қана табыс табу­ға бағытталған, кез келген нәр­­се­нің шығынынан тиімділігін арттыруды көз­дейтін тұлға ғана емес, соны­мен қатар рухани қажеттіліктерді қанағат­тандыратын маңызын көрсеткен Америка экономисі Г.Беккер болатын. Ол негізінен адамның мәдени, қоғамдық-саяси көзқарастары мен ұстанымдарының еркіндігіне баса назар аударды. Ал осы тұста менің ойымша «экономикалық адам» Абай тұжырымының негізіндегі нұрлы ақыл (білім мен парасат), жылы жүрек (адамгершілік, адалдық), ыстық қайратпен (ерік, мотивация) қарулана­тын болса, экономикалық дамудың кемшін тұстары аз болатын еді. Демек, капиталистік қоғам адамы рухани негізден құралақан болғандықтан, дамыған батыс қоғамындағы құндылықтардың құлдырап кеткені содан. Көп мемлекетте бір жыныстылар некесін заңмен мақұлдаудың өзі көп жайды аңғартады. Демек, біз экономика мен технологияда Еуропа­дай, АҚШ-тай дамуға ұмтылғанымыз дұрыс, алайда ұлттық негізіміздегі рухани құндылықтарымызды өзегіміз етіп алғанымыз жөн.

Бізге де кейде сол Еуропа кеңесші­ле­рінің арқасында дүниенің көрін­ген сырына, қоғамның заттық әлеміне басымдылық беріп, мұнай-газымызды, жерасты байлығын тезірек алсақ, шетелге сатып байысақ деп жүргендер де аз емес. Ойлағанын жасап та үлгерді, байларымыз да жетеді. Ал Үкімет пен Парламент солардың шотын жауып жүрген сияқ­ты болып көрінеді. Әйтпесе, өндіріл­ген мұнай көлемінің 28%-ақ бізде, ал ­72%-ы шетел компанияларының қолын­да екенін қалай түсіндіруге болады? ­Неге олар түскен барлық табысты шетел­ге алып кетуі керек? Біздің шенеунік­тер Абайдың «пайда ойлама, ар ойла» ­деген өсиетін ұмытқан болар? Өкініш­ке қарай, егемендік алған отыз жыл ішін­де Абайдың ой-өркениетін мұқият зер­делегенде, баяғыда жүйені басқа арнаға салып, шетел үстемдігінде кетпес едік. Қазып жіберсек, бұл жерде кешірілмей­тін қателіктер көп.

Ашығын айтқанда, біз еліктеп келген жаhандық дамудың қазіргі материалистік моделі тиімсіз екенін мойындау керек. Біз миллиардтаған адамға эндемиялық кедейшілік жағдайында өмір сүруге жағдай жасап отырмыз. Алға жылжуға жаңа жол табу керек. Сондықтан жүйе­лік тәсілді қарастыра отырып, мәселелер­дің шешімінің адекваттылығының, тұтас­­тылығының жауабын іздеген дұрыс. Олардың ішінде, бастысы ─ дүние­тануға гуманистік пәрмен беру, дүние­нің көрінбеген сырын, рухани-ізгілік бағыттары, қадамдары мен сананы ояту идеяларын тудыру. Қазір ХХl ғасырда адами ақыл-күй мен рухқа сенетін уақыт келді, әйтпесе, өте қауіпті апатқа душар болуымыз мүмкін. Мәселе, қоғамның адамгершілік тұрғыдан бүліну қаупі жөнінде болып тұр. Адамзаттың дамуын Шығысқа бұрып, оны заттық жүйеден рухани, қоғамды ізгілендіру рельсіне түсірген жағдайда әлем тыныштанады, тұрақты дамиды.

«Осылардың бәрін қалай іске асыру керек?» дегенде, дана Абайдың «Толық адам» іліміне қайта ораламыз. Сонда заңды сұрақ тууы мүмкін: «Толық адам кім өзі? Оның үлгісі біздің арамызда бар ма? Өзі кімнен өнеге-өсиет алып, кімге қарап бой мен ой түзей аламыз?», т.б. Әрине бар! Түркі халқы, қазақ халқы – кемеңгер халық. Оларды осы кітаптағы тарихи ұлы тұлғалардан көруге болады. Дәл қазіргі уақытқа келсек, мен Абайдың «толық адам» үлгісі деп, кеше ғана өмірден өткен академик, заңғар тұлға Салық Зиманов пен заты неміс болса да, ділі қазақ, халық жазушысы Герольд Бельгерді, профессор Тұрсынбек Кәкішевті айтар едім. Үшеуінің де өміріне, істеген істеріне үңілсең, «елім», деп «егемендігім», деп тіршілігінде тек шындықты айтып шырылдап, білікті ұсыныс-идеяларды айтып та, жазып та кетті. Қазақ халқын қалай ізгілендіремін деп өмірлері күреспен өтті. Олар басқаға жақпаса да халыққа жақты, елдің сүйіктісі болды. Міне, Абайдың «толық адам» аманатын орындаған деп осындай тұлғаларды айтуға болар еді. Жастар осы тұлғалардың еңбегін оқып, өнеге алса екен.

Меніңше, адам «толық адам» болғанда ғана қоғамға шын пайдасын тигізеді. Адам өз мақсатына адал болғанда ғана ақыл-ойы ештеңеге тәуелді һәм қолы байлаулы болмайды. Тек тәуелсіз ой ғана кемел істерге бастайды. Толық адамға биліктің де, байлықтың да керегі жоқ. Дүниенің қызықтарын, нәпсіні, басқаны ұмытып, тек еліне, халқына қызмет етуді ойлайды, ел игілігі жолында барын салады. Оның бойы рухани тазарған кезде алтыншы сезімі ашылуы мүмкін, сол кезде өзі ойламаған мүмкіндіктерге қол жеткізуі кәдік. Оның ой-өрісінің биіктігі жоғарылап жәй адамдар көре алмайтын деңгейге шығып, жаңа дүниелерді ұсына алады. Қоғамның жаңаруы деп осы істерді айтуға болады.

Абайдың «толық адам» ілімін шығыс­тық рухани даму жүйесімен ұштастырып, осыларды дүниежүзілік ой өркениетінің дамуымен жүйелі түрде синтез жасап, жандандыруға болады деп ойлаймын. Ол үшін бізге материя мен сананы, рухты бір жүйе ретінде қарастыратын жаңа идеялар керек, бұл біздің батыстық жүйеден басты айырмашылығымыз болмақ. Ол деген: ұлы Жібек жолын жандандыру, Түркістанды қайта жаңғырту, үлкен экономикалық белдер жасау, рухани, логистикалық жобалар ұсыну, т.б.

Ең маңыздысы ─ адам, оның ішкі әлемі, отбасылық ұрпақ тәрбиесі, ұлттық дәстүрді жаңғырту. Себебі, жаңа постиндустриалды өркениетте бірінші кезекке адам факторы мен рухани сана қойылуы керек. Бұл дегеніміз ─ Абайға жүгіну. Осы орайда, бір ұсыныс айтқым келеді. Біздің мемлекетімізде ғалымдардың қаты­суымен «Хакім Абайдың толық адам ілімінің жол картасын» жасау керек. Барлық оқу орындарында Абайдың толық адам ілімін жол картасымен оқыту арқылы біз қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, өркениетке жаңаша бет бұрамыз. Абай армандаған заман енді туады. Әлі көп кешікпей дүниежүзі Абайды Конфуций мен Нострадамустай оқитын болады. Абайдың феноменін сонда ғана адамзат түсінетін болады.

Жаһанданудағы өзгерістерге қарасақ, ендігі бағыт-бағдар Шығысқа, Тынық мұхитының үлкен аймағына ауысуда. Бұл біз үшін қарапайым тілмен айтсақ, Будда, Лао-Цзы, Конфуцийге, Фарабиге, Науаиға, Абайға бет бұру деген сөз. Сондықтан Шығыс философиясын қайта жаңғырту керек.

Себебі ХХl ғасырда цивилизациялық даму соған алып бара жатыр. Жаһандану үдерісі рухани салаға мейлінше күштірек ене бастады. Адамның рухани санасына, әлемдік психологияның өзгеруіне батыл өзгерістер жасалынуы қажет. Бұл халықаралық қатынастарда құқықтың сақталуына, келісім мен бейбітшілікке алып келеді. Оған өту – бұрынғы идео­ло­гиялық постулаттарды қайта қарас­тырудан басталады. Мысалы, экономика жағынан алып қарайтын болсақ, оны абстрактілі тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыруға емес, нақты адам­ның тұтынымына бағыттау кeрек. Мы­салы, жаңа ұсыныс ретінде «әр адамға әлеуметтік-экономикалық нормативтерді енгізу жолымен ғана адам капиталы саласында кедейшіліксіз өмірді қамтамасыз етуге болады».

Әлі де болса ғұлама Абай туралы ойшыл ақын Шәкәрімнің пікірін естеріңізге салайын: «Абай қазақтан бөлек, дана кісі еді… Ибрагим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда, данышпан, хакім, философ кісі еді». Шәкәрімнің Абай туралы пікірін ақын Мағжан Жұмабаев өлеңі­мен дәлелдейді:

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе,

дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес.

Міне, Абай өмір сүрген заман кет­кенімен, бүгінде Абайды Мағжан айтқан әлем аренасына уақыттың, тағ­дырдың өзі алып келіп отыр. Біздің міндетіміз – Абайдың «Толық адам» іліміне терең бойлау. Ұлы ойшылдың ой өркениетін іске асыру кезеңі келді. Абайды оқу, тану, ойларының тереңіне үңілу, маржанын теру – ойшылдың ой өркениетіне мойын бұру болып табылады. Сонда ғана рухани биіктікке қолымыз жетпек, сонда ғана жаңа өркениет есігінен «толық адам» болып аттай аламыз.

Қазақтың тербеліп өсер бесігі – ескі жүйенің сеніп келген шетел насихатшылары мен Тони Блэр сияқты ақылы кеңесшілері емес, ол Абайдың шы­ғар­малары, қара сөздері, шығыс философиясы. Ұлы Абай Шығыс даласында рухани революция жасаған әлемдік тұлға. Ойшыл хакімді өзінің осы лайық­ты биігіне көтеру біздің парызымыз. Абай ілімі бізге математиканың көбейту кестесін білу сияқты, санамызға «стандарт» болып бойға сіңсе қоғамның алға жылжуына үлкен әсері болары сөзсіз. Әр жеке адам: «Мен ішкі жан дүниемнің жұмағына қалай кірем? Осы өмірде кіре алам ба?» деген сауалды өз-өзіне қойып, соны Абай ілімі арқылы шешуге тырысуы керек. Абайдың «толық адам ілімін» игерген жас қазақ өзін де, елін де бақытты етеді.

Келешекке көз салсақ, әлемнің пост­индустриалды даму кезеңінде қоғам­ды ізгілендіру заманының моральдық кодексін жасақтағанда, басқа әлемдік данышпандармен бірге, Абайдың ой өркениеті, оның «Толық адам» ілімі, асыл сөздері сол Моральдық кодекстің іргетасының бірі болып қаланатынына негіз мол және де олар ─ күллі адамзат ұстанатын мұраттар... Осыған дайындық ретінде Қазақстанда, Жібек жолында, мүмкін Семейде «Абай атындағы рухани академия» ашып, сол академияда Абайдың мұрасын, Шығыс философиясын зерттейтін, Еуразия кеңістігіне ғылыми кадрлар даярлайтын орталықтар қызмет етсе, өркениеттің дамуына үлкен септігін тигізер еді. Дана Абайға қайта бет бұру жаңа Қазақстанның талабы.

Кемеліне келген толық адам өзінің біліктілігі сонша жоғары болғандықтан, ол адамзат алдына, жалпы әлемге бағалы, өте құнды рухани дүниелер, жаңалық­тар алып келеді, жаңа өркениетке жол
ашады.

Егер біз егемендігімізді алғалы осы уақытқа дейін күн көру үшін өмір сүріп келсек, ал енді алдағы уақытта қоғам үшін өмір сүретін, әлеуметтік инно­вацияға қызмет ететін күн де туады. Сол уақытта әркімнің өмір сүру сапасы және ру­хани әлеуеті ең жоғары деңгейде болмақ. Сонда ғана қоғам жаңарып, біз дана Абайдың ой-өркениетіне қол жет­кізіп, әлемдік өркениетке ене аламыз.

 

Оразалы Сәбден,

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты