Спорт • 12 Қаңтар, 2023

Тедди Ринер Алматыда жаттығады

393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дзюдодан Қазақстанның ұлттық құрама командасы жаңа маусымдағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын Алматы қаласы мен облыс аумағында өткізуді жөн көрген екен. Бір кереметі, осы жиынға атағы жер жарған Тедди Ринер де қатысып жатыр. Екі апта бойы ол біздің балуандармен бірге дайындалып, татамиде жиған мол тәжіри­бесімен бөліспек.

Ал енді сол әйгілі спортшы жайында қысқаша баяндайық.

 

Тедди Ринер Алматыда жаттығады

1989 жылдың 7 сәуірінде Францияның Пуэнт-а-Питр қала­сында дүниеге келген Тедди Ринердің бойы – 204 сантиметр, салмағы – 125 кило. Төрткүл дү­ниеде одан еңселі дзюдошы жоқ. Ал Ринердің күрес тәсілі тіпті ерекше. Бойы мен қолы­ның ұзындығын ол керемет пайдала­нады. Қарсы келгендерді алып та, шалып та жығып жүрген балуанға Жер-жаһан жанкүйер­лерінің құрметі өте зор. Олар оны бұрыннан «Қонжық Тедди» деп еркелетеді. Бұл жанама есім спортшының өзіне де қатты ұнайды.

+100 кило салмақ дәре­жесінде күш сынасып жүрген Фран­цияның алыбы 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қола медальді қанағат тұтты. 2012 жылы Лон­дон және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпия ойындарында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. 2021 жылы Токиодағы додаға ол басты фавориттердің бірі ретінде келді. Олай деуге негіз, 2008 жылы ересектер дуына қосылғалы бері Тедди небәрі үш рет қана жеңілістің кермек дәмін татқан екен. Атап айтсақ, дәл сол жылы Бейжіңдегі ойындардың жартылай финалында өзбекстандық Абдулло Тангриевке, 2010 жылы Токиода өткен әлем чем­пио­натының финалында жа­пониялық Дайки Камикаваға және 2020 жылы Париждегі Гранд Слэм турнирінде Күн­шығыс елінің тағы бір өкілі Ко­коро Кагеураға есе жіберді. Тағы бір айта кетерлік жайт – 2010-2020 жылдар аралығында Ринер 154 рет татамиге шығып, сол белдесулердің барлығында жеңіске жетті. Расында да, бұл – адам нанғысыз көрсеткіш!

Токио Олимпиадасында аса ауыр салмақ дәрежесінің бас жүлдесі Теддиге бұйырмады. Ол ойда-жоқта ресейлік Тамерлан Башаевқа жол берді. Одан кейінгі екі қарсыласын ұтып, қола медаль еншіледі. Бірақ даңқ­ты дзюдошының қолаға көңілі толмағаны анық. Есесіне командалық сайыста Франция құрамасы бірінші орын алды. Сол команданың сапында Тедди де болды. Сәйкесінше, ол да алтын медальді мойнында жарқыратты.

Әлем чемпионатының тарихына үңілсек, Тедди Ринердің алдына түсетін бірде-бір балуан жоқ. 2007-2017 жылдар аралығында жалауы желбіреген жарыста ол 11 рет бас жүлдені қан­жығасына байлады. Фран­циялық дзюдошы соның тоғызын жекелеген жарыс­та жеңіп алса, екеуін командалық сайыста ие­ленді. Одан бөлек, бір күміс пен бір қоласы тағы бар. Ал Еуропа чемпионатында Тедди бес рет топ жарды.

Жалпы, Ринердің Қазақстанға келуі тегін емес. Қазіргі кезде еліміздің ерлер мен әйелдер құра­масын Нұрбол Сүлейменов пен Ерлан Алпысбаев сынды білікті мамандардың баптап жүр­гені белгілі. Ал олардың кеңес­шілері – Франциядан келген қос жаттықтырушы Ксавье Мон­денкса мен Стефана Трайно.