Спорт • 12 Қаңтар, 2023

Азия аламаны

351 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жекпе-жек спорт түрлерінен өткен құрлық біріншілігінде қандай нәтиже көрсеттік?

Өткен жылы халықаралық аренада ел намысын қорғаған қыз-жігіттеріміз Қазақ елінің үмітін ақтады ма? Біз бүгін оқырмандар назарына дзюдо, күрес, бокс, таэквондо сияқты жекпе-жек спорт түрлерінен өткен Азия чемпионаттарының қорытындысын ұсынамыз. Осы жылы Қазақстан спортшыларын Париж Олимпиадасының іріктеу жарыстары мен жазғы Азия ойындары күтіп тұр. Ел намысы сынға түсетін байрақты бәсекелерде аталған спорт түрлерінен жүлде күтетініміз белгілі.

Азия аламаны

Қырғыздардың қарқыны қатты

Былтыр жоспарланған Азия чемпионатын балуандарымыз бастады. Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатында күрестің үш түрінен 30 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы балуандары соның 5 алтын медаліне ие болды.

Серік Жұмашев баптайтын грек-рим күресі 10 салмақтың 9-ында жүлде алды. Екі салмақта, яғни 67 және 130 килода күрескен Мейіржан Шермаханбет пен Әлімхан Сыздықов қарсылас шыдатпай, өз салмақтарында топ жарса, тағы бес балуанымыз финалда сүрініп, күміс медальды қанағат тұтты.

Командалық есепте грек-рим күре­сінің балуандары бірінші орынға ие болды (ұпай санымен). Алайда құрлық бәсекесі барысында біздің балуандар Иран, Қырғызстан балуандары алдында дәрменсіздік танытты. Қырғыз ағайындар 10 салмақтың үшеуінде жеңімпаз атанса, парсы елінен келген спортшылар 4 салмақта өз мықтылығын дәлелдеді.

Еркін күрестен 86 кило салмақта бел­дескен Азамат Дәулетбеков алтын ал­мағанда, балуандарымыздың қор­жыны бос қайтар ма еді? Азаматтың был­тыр­ғы дайындығы өте жақсы болды. Азия чем­пионатында топ жарды, әлем чем­пионатының қола жүлдегері атанды.

Иранның еркін күрес шеберлері Азияда ғана емес, әлем бойынша да алдың­­ғы қатарда. Олар 10 салмақтың алтауында чемпион атанды. Қалған 4 салмақтың бас жүлдесін Қазақстан, Үндіс­тан, Жапония (2 чемпион) бөлісті.

Әйелдер күресінде Жәмила мен Мә­дина Бақбергеновалардың өткен жылы бағы жанды. Жәмила Азия чемпионы деген атағымен қатар, әлем чемпионатының күміс медалін де жеңіп алды. Оның сы­ңары Мәдина Ұлан-Батырдағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Жыл соңында АҚШ-та өткен халықаралық тур­нирден Мәдина мен Жәмила бас жүлдемен оралды.

Азия чемпионатының қорытындысы бойынша грек-рим күресі 2 алтын, 5 күміс, 2 қола медаль алса, еркін күрес ше­бер­­ле­рінде 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль бар. Қыз­­дардың еншісінде 2 алтын, 2 қола медаль.

1

Азия чемпионатының қорытындысы

Грек-рим күресі

Алтын медаль: Мейіржан Шерма­ханбет (67 кило), Әлімхан Сыздықов

(130 кило);

Күміс медаль: Аманғали Бекболатов (55 кило), Мейрамбек Айнағұлов

(63 кило), Абылайхан Әмзеев (72 кило), Мақ­сат Ережепов (77 кило), Диас Қален (82 кило);

Қола медаль: Ернұр Фидахметов

(60 кило), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило).

Еркін күрес

Алтын медаль: Азамат Дәулетбеков (86 кило);

Күміс медаль: Рахат Қалжан

(57 кило), Нұрқожа Қайпанов (74 кило), Әлі­шер Ерғали (125 кило);

Қола медаль: Ақбар Құрбанов

(61 кило), Талғат Сырбаз (70 кило), Әділет Дауламбаев (92 кило), Мамед Ибрагимов (97 кило).

Әйелдер күресі

Алтын медаль: Мәдина Бақбергенова (68 кило), Жәмила Бақбергенова (72 кило);

Қола медаль: Жұлдыз Эшимова

(53 кило), Гүлмарал Еркебаева (76 кило).

 

Сансыз медальден сапалы медаль жақсы

Батырбек Есдәулетов баптайтын Қа­зақ­стан құрамасының таэквондошыла­ры былтырғы Азия және әлем чемпио­натында бақ сынады. Жыл соңында аяқталған әлем чемпионатынан қор­жынымыз бос қайтты. Ал жаз айында Батырбек бастаған қыз-жігіттер Азия чемпионатынан 1 күміс, 7 қола медальмен оралды. Егер осыған дейінгі Азия чемпионаттарымен салыстырар болсақ, 8 медаль жақсы көрсеткіш. Бірақ санынан гөрі сапасы маңыздырақ екенін ескерсек, Қазақстан спортшылары Иран, Өзбекстан, Корея, Қытай сияқты елдерден әлдеқайда төмен нәтиже көрсетті. Өзбекстанның жігіттері 8 салмақтың тең жартысында чемпион атанып, Корей құрамасын жолда қалдырды. Өзбекстанда соңғы жылдары таэквондо спорты өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Токиода өткен Олимпия ойындарында өзбек спортшысы чемпион атанды. Азия чемпионатында таэквондоны «төл спортымыз» деп танитын Кореяны тақырға отырғызып кетті. Мексикада өткен әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға ие болды.

1

 

Азия чемпионатының қорытындысы

Күміс медаль: Жансель Дениз (73 кило);

Қола медаль: Рита Бакишева (46 кило), Ботакөз Қапанова (49 кило), Жасур­бек Исраилов (58 кило), Нұрай Хусаинова

(67 кило), Әділет Базарбаев (63 кило), Нұрлан Мырзабаева (80 кило), Смайыл Дүйсебай (87 кило).

 

Үшінші орынға риза болдық

Былтыр Қытайда жазғы Азия ойын­дары өтетін болғандықтан дзюдо­шы­лардың құрлық бірін­шілігі жоспарда жоқ еді. Алайда Қытай билігі төрт жылда бір өтетін жазғы Ойындарды 2023 жылға шегергендіктен Азияның дзюдо қауымдастығы құрлықтық жарысты Астанада өткізу туралы шешім шығарды. Бұл шешім дзюдошыларға әлемдік рейтингте ұпай жинауға тамаша мүмкіндік еді. Бірақ біздің қыз-жігіттер мүмкіндіктерін толық пайдалана аламады. Сарапқа салынған 14 салмақтың тек үшеуінде ғана финалға шыққан татами шеберлері Жапонияны айтпағанда Моң­ғолия, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмір­ліктерінің спортшы­ларына ұпай беріп қойды.

Жапония балуандары бұл сында 10 алтын медальмен командалық есепте бірінші орынға ие болды. Моңғолияға 2 алтын медаль бұйырды. Өзбекстан мен Қазақстан 1 алтын, 2 күміс, 6 қола медальдан алып, турнир кестесінде 3-орында қатар тұрды.

1

Азия чемпионатының қорытындысы

Алтын медаль: Данияр Шамшаев (73 кило);

Күміс медаль: Ислам Бозбаев

(100 кило), Абиба Әбужақынова (48 кило);

Қола медаль: Мағжан Шамшаддин (60 кило), Ғұсман Қырғызбаев (66 кило), Дидар Хамза (90 кило), Нұрлыхан Шархан (100 кило), Аруна Жангелдина (78 кило), Аралас құрама (командалық жарыс).

 

Боксшылар бабына қашан келеді?

Осыдан екі ай бұрын ғана Иорда­нияның Амман қаласында бокстан Азия чемпионаты өтті. Ерлер мен әйелдер арасында өткен сары құрлықтың бәсекесінде былғары қолғап шеберлеріміз командалық есепте бірінші орын алды. Алайда бұл ерлер мен әйелдер боксын қоса есептегенде. Ал ерлер мен әйелдерді жеке бөліп қарайтын болсақ, әлсіз тұсымыз тайға таңба басқандай, анық байқалады. Яғни Қазақстанның ерлер құрамасы бұл жолы да Өзбекстан құрамасын алға жіберді. Өзбек боксшылары сарапқа салынған 13 салмақтың 5-еуінде бас жүлде алса, біздің жігіттер тек 3 салмақта ғана жеңімпаз атанды. Өкініштісі сол, финалдық бәсекеге жолдама алған 6 боксшының 4-еуі өзбектерден жеңілді.

Биыл боксшыларымыз үшін өте маңызды жыл. Алдымен Ташкентте әлем чемпионаты өтеді. Одан кейін Қытай­да жазғы Азия ойындары жоспар­ланған. Халықаралық Олимпиада коми­теті бокстағы салмақ дәрежелеріне өз­геріс енгізген-ді. Бұдан былай ерлер 7 салмақта, әйелдер 6 салмақта күш сынасады. Қазақстан үшін ең басты қар­сылас, өзбектер, әрине. Таиланд, Қы­тай, Жапония, Моңғолия, Филиппин, Үндістан боксшылары да қара жаяу емес. Сондықтан Мырзағали Айт­жанов баптайтын жігіттеріміз жазғы Азия ойындарында барын салуға тиіс.

Азия чемпионатының қорытындысы

Ерлер

Алтын медаль: Санжар Тәшкенбай

(48 кило), Асланбек Шымбергенов

(71 кило), Айбек Оралбай (92 кило);

Күміс медаль: Сәкен Бибосынов

(51 кило), Махмұд Сабырхан (54 кило), Серік Теміржанов (57 кило), Дулат Бекбауов (67 кило), Нұрқанат Райыс

(75 кило), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кило);

Қола медаль: Саматәлі Төлтаев (60 кило), Нұрбек Оралбай (80 кило), Сағындық Тоғамбай (86 кило).

Әйелдер

Алтын медаль: Алуа Балқыбекова (48 кило), Жайна Шекербекова (54 кило), Карина Ибрагимова (57 кило);

Күміс медаль: Гүлсая Ержан (81 кило);

Қола медаль: Назым Қызайбай

(50 кило), Жазира Орақбаева (52 кило), Мә­ди­­на Нұршаева (66 кило), Дариға Шәкімова (70 кило), Ляззат Күнгейбаева (+81 кило).

Міне, Қазақстан спортшыларының Азия чемпионатында жеткен жетістіктері осындай. Жекпе-жек спорты жанымызға жақын. Оң жамбасымызға келетін спорт түрі. Десек те соңғы жылдары күрес түр­лері мен бокстан көршілерімізге есе жі­беріп жүрміз. Күреске келгенде қыр­ғыз, боксқа келгенде өзбек күшті екенін мойын­дайтын уақыт жеткен сияқты.