Қоғам • 12 Қаңтар, 2023

Нан зауыты неге жабылды?

487 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астықты өңірде ұн өнімдерінің біршама қымбаттап кеткені әрі тапшы бола бастағаны туралы өткен жылдың соңында ел газеті «Egemen»-де мәселе көтеріп жазған болатынбыз. Жаңа жылдан кейін облыс орталығында сонау 1952 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Көкшетау нан зауыты» кәсіпорны өз жұмысын тоқтатты.

Нан зауыты неге жабылды?

Жаңа жыл мерекесінде бү­тін бір қалада ішінара нан тап­шы­лығы сезіле бастады. Өйт­кені аталған кәсіпорын қала халқының нанға деген қажет­ті­лі­гінің 10 пайызын өтеп тұрған екен. Қазір тұты­ну­шы­лар­дың алаңдау­шы­лығы басым. Айдың-күннің аманында ас атасына жарымау не деген сұмдық дейді олар. Зауыт нан ғана емес, нан-тоқаш өнімдерін де шығаратын.

– Бірнеше дүкенге кіріп нан таба алмадым, – дейді қала тұр­ғыны Еркен Сәбитов, – шынын айтқанда, нан зауытының өнімі жақсы еді. Адал дәм туралы ғай­бат айтуға болмас, дегенмен, көп­теген наубайхананың пісі­ретін наны көңілден шыға бермейді. Кейбірі сағыздай созылып жатқан дәмсіз, үлбіреп, үгіліп жатыр. Жұмыстан шыға нан сататын дүкенге жүгіретін болдық. Кештетіп барсаң, нан болмай қалады. Ал күндіз алуға жұмыстан шыға алмайсың. Көп алсаң бүлініп кетеді, аз алсаң келесі күнге жетпей қалады.

Мәсе­ленің мән-жайын білмек болып Ақмола облыстық кәсіп­керлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребинмен сөй­лестік. Басқарма басшы­сының орынбасары болған жай­дан хабардар екен. Бірақ кәсіпорынның жабылуы туралы анық білмейді. Мәселе неге қатысты, ұн қым­бат­тады ма, жоқ әлде әлдебір тетігі істен шықты ма, ол жағы бей­мәлім. Зауыт директоры Әнуарбек Омаров шетелде жүр екен. Айтатын уәжі – ендігі арада нан пісіріп сату мүлде тиімсіз.

Тағы бір өкініштісі, осы за­­уыт­­тың жабылуына байланыс­ты ондаған жұмысшы қыстың көзі қырауда жұмыссыз қалды. Олардың дені зейнет жасына таяп қалған мамандар. Егде адамдар түгілі тепсе темір үзетін жастардың өзі екі қолға бір күрек таба алмай отырғанда, ендігі арада жұмыс табыла ма, жоқ па, бұл жағы да белгісіз.

– Кәсіпорын құрылтай­шы­лар­дың шешімімен биылғы 1 қаңтардан бастап жабылды. Жұмыссыз қалған маман­дар­дың саны – 59. Олар қыс­қартылатыны туралы ескер­ту­ді 1 желтоқсаннан бастап ал­ған. Заңға сәйкес жұ­мыс­шы­лар­ға барлық төлемдер төлен­ді. Өкінішке қарай, зауыт­тың құрылтайшыларын біл­мейміз. Тек директорын ғана білеміз, – дейді облыстық кәсіп­керлік және туризм бас­қар­масының басшысы Ербол Оспанов.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, жекеменшік зауыт қожайындарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ұсынылған екен. Тіпті тиімділігін жақсарту мақ­са­тын­да «Көкше» әлеу­мет­тік-кә­сіп­кер­лік корпорациясы ар­қы­лы жеңілдік шартымен несие де ұсынылған. Алдағы уа­қытта бұл ұсыныстар зауыт қожайындары тарапынан қа­был­дана ма, жоқ па, бел­гі­сіз. Қалай болған күнде де көк­ше­тау­лықтардың сапалы наннан сыбағасы кемігендігі анық.

 

КӨКШЕТАУ