Аймақтар • 12 Қаңтар, 2023

Еріктілердің көмегі

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қыс ортасы қаңтарды көбінесе қарсыз қарсы алатын Түркістан өңірінің жұртын жыл басындағы ауа-райы әжептәуір әбігерге түсірді. «Төпелеп жауған қар алғашында, қызық әрі әдемі болып көрінген» дейтін Алтайдай асқақ жазушы Оралхан Бөкей «Қар қызы» повесінде суреттегендей, «расында да, бас көтертпей жауғаны соншама, есіктің алды, қораның маңындағы қарды тазалап үлгере алмайсың, ауыл-үйдің арасына күреп жалғыз аяқ жол салудың өзі азабы мол жұмыс» болды.

Еріктілердің көмегі

Әсіресе, қарды таңсық көретін мақталы аймақ тұрғындары қоян жылының қаңтарын ұмыта қоймас. Олай дейтініміз, Мақтаарал ауданының тұрғындары мұндай қарды соңғы рет 1995 жылдары көргенін айтуда. Апта басында да ауданда ауа-райы күрт суытып, тоқтаусыз қар жауды. Осы орайда мақтааралдық жас­тар көпке үлгі болып, жалғызілікті қарттардың үйлеріне барып, аулаларын қардан тазартуға көмектесті. Аудандық «Жастар ресурстық ор­та­лығы» КММ-нің бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шарасына 2 кент пен 9 ауылдық округтен 100-ден астам ерікті жастар қатысқан. Жалғызілікті қарттардың тізімін ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лі­мі жасақтап берген. Сондай-ақ мақ­тааралдық жастар қар тазалауға жұмылдырылған жұмысшыларға шай, кофе, бәліш, құймақ, самса және тәттілер үлестірді. Қар күреу жұмыстарына көмек көрсетті.

Түркістан облысының барлық аумағында дерлік қар қалың түсті. Ауа-райының күрт өзгеруінен таулы аймақтарда желдің екпіні секундына 30 метрден асып, таулы аудандардағы республикалық маңызы бар жолдар жабылып, бірқатар елді мекенде электр желілері істен шыққан болатын. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазалау жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Оған арнайы техникалар тартылған. Атап айтқанда, 33 жол тазалайтын көлік, 7 автогрейдер, 18 трактор жұмылдырылған. Ал Жетісай қаласы мен аудан аумағын қалың қардан тазалау жұмыстарына 15-ке тарта түрлі техника мен 130 адам жұмылдырылған. Сондай-ақ өңірде қатты желден құ­ла­ған электр бағаналары қалпына келтіріліп, үзілген электр тасымалдау желілері жөнделуде. Соңғы ақпа­рат­тарға сәйкес, Бәйдібек пен Созақ аудандарында 15 электр ба­ға­на­сы қалпына келтірілді. Екі ауданға «Оңтүстікжарық» мекемесінің жөндеу бригадалары жұмылдырылып, 3,5 мыңнан астам абоненттің 2 мыңға жуығына жарық берілді, 27 арнайы бригада мен 30-дан астам арнайы техника жұмыс істеуде. Сала басшылары үзілген электр желілерін жалғау жұмыстары бірнеше күнге жалғасатынын жеткізді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданына арнайы барып, боран мен желдің салдарынан болған жағдайдың зардаптарын жою жұмыстарымен танысты. Жауапты басшыларға, мамандарға жолдарды қардан тазалап, елді мекен­дер­дегі электр желілерін жөндеу жұ­мыс­тарын жеделдетуді тапсырды. Тұрғындармен кездесіп, қалпына келтіру жұмыстары жөнінде баяндады. Қатты жел мен қарлы боранның салдарынан Созақ, Отырар, Қазығұрт, Сауран, Бәйдібек аудандарында электр желілері үзілген болатын. Бірқатар аймақта ол қалпына келтірілді, жұмыс әлі де жалғасуда. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тарға «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан 37 бригада, 41 техника тартылған.

 

Түркістан облысы