Үкімет • 12 Қаңтар, 2023

Премьер-министрдің баспасөз мәслихаты

278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше өткен Үкімет отырысынан кейін Премьер-министр Әлихан Смайылов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл – Ә.Смайыловтың осы қызметте журналистер алдына бірінші рет шығуы.

Премьер-министрдің баспасөз мәслихаты

Үкімет басшысы өткен жыл­дың ауыр болғанын айтты. Жыл ба­сындағы қаңтар оқиғасы, әлем­дік геосаясаттың ширығуы, Ресей мен Украина арасындағы әске­ри қақтығыстың созылмалы сипат алуы, негізгі экспорттық өнім­дері­мізді сыртқа шығарудағы қиын­дық­тардың қалыптасуы, тағы бас­қа кедергілер Үкіметті қиын жағ­дайда жұмыс істеуге мәжбүр етті.

Брифинг барысында тілшілер Премьер-министр кеңсесінің аппаратқа айналу себебін сұрады. Бұл оның рөлін төмендету емес пе? Үкімет басшысы осы сұраққа орай берген жауабында кеңсенің ап­па­ратқа айналуына байланыс­ты ондағы бөлімдер санының 16-дан 12-ге төмендегенін, жалпы қыз­меткерлер санының 10%-ға қыс­қарғанын мәлімдеді. Ал аппа­раттың өкілеттігі болса, кеңсеге қарағанда артып отыр. Енді ол барлық жұмысы үйлестіруші ретінде жұмыс істейді.

«2023 жылы экономиканы не күтіп тұр?» деген сұраққа Үкімет басшысы биыл да белгісіздік жағ­дайында жұмыс істеуге тура келе­тінін жеткізді. Әлемдік эконо­миканың алдында тұрған түйінді мәселелер шешімін тапқан жоқ. Ірі экономикалардың өзінің рецес­сияға түсу қаупі сақталады.

«Дегенмен соған қарамастан сын-қатерлерге дайын болу жө­нінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл экономикамыздың өсі­мі 4% болады деп белгілеп отыр­мыз. Наурыз айынан бастап инф­ляцияның төмендеу үдерісін күте­міз. Жалпы, әлем бойынша осындай болжам бар. Ауыл шаруа­шы­лығын қаржыландыруға 540 млрд теңге қарастырып, осы салада 400 мың жұмыс орнын ашпақпыз. Саланы дамыту, өнім өн­діруді арттыру бағытында 265 жо­баны жүзеге асыруды қолға алдық. Жалпы, ел бойынша 1 млн адамды жұмысқа орналас­тыру жөнінде ауқымды міндет бар. Инвестициялардың келуі кү­шейе түседі деген үміт бар. 23,4 млрд доллардың инвестициясын күте­міз. Өйткені осыған қатысты шараларды белгілеп отырмыз» деді Премьер-министр.

Қойылған сұраққа байланыс­ты Ә.Смайылов Қазақстанда жылу электр орталықтарын 2-3 жылда толықтай қайта жаңарту міндетінің қойылғанын айтты.

«Біз қазір жылу электр орта­лықтары иелерімен бірлесіп инвес­тиция құю және қайта жаңғырту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде жобалық-сметалық құжат­тар әзірленіп жатыр. Оның ішін­де Екі­бастұздағы жылу электр орта­­лығы да бар. Бұл бағыттағы жұ­мыс жүріп жатыр, уақыт керек, жағ­дай бақылауда. Екібастұздағы жағ­дайдың қайталанбауы маңыз­ды. Алдағы 2-3 жылдың ішінде Екі­бастұз жылу электр орталы­ғының барлық желісін қайта жаңар­туымыз керек. Аталған жұмыс Екі­бастұзда ғана емес басқа қа­лаларда да жүргізіледі», деген ол биыл Астанадағы үшінші жылу энергетикалық орталы­ғының бірінші кезегі пайдала­нуға берілетінін айтты. Алма­тыда ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 қайта жаңғырту жұмыстарына тартылды. Оның үстіне олар газға көшіріліп, қаланың экологиялық жағдайына жағымды әсер ететін болады.

Сондай-ақ Көкшетау, Семей, Түркістан және басқа да қала­ларда аталған бағыттағы жұмыс биыл өріс алмақ. Бұл бағытта­ғы инфрақұрылымдардың тозуы­ның жалпы көрсеткішін 20%-ға төмендетеміз деген міндет қойы­лып отыр. ЖЭО қызметін қайта жаңарту жұмысы «Тариф­терді инвестицияға ауыстыру» бағ­дар­ламасы аясында және орталық иелерімен бірлесіп атқарылады.

Сондай-ақ Ә.Смайылов McDo­nald’s секілді ірі брендтің елімізден кетуіне қатысты пікір білдірді.

 «Елімізде ірі халықаралық брендтердің болғаны жақсы. McDonald’s-тің Қазақстаннан кетуі елдегі инвестициялық ахуал
немесе басқа да жағдайлармен бай­ланысты емес. Бұл тікелей McDonald’s компаниясының Ресей­ден кетуімен байланысты. Атал­ған өнім шикізаты Ресей арқы­лы қамтамасыз етіліп келді. Тағы бір себеп – McDonald’s-тің өнім­дерге қоятын жоғары талап­тары. Өніммен қамту үшін жеткі­зушінің бірқатар сертификаты болуы керек. Ол сертификаттар  жеткізушіге шикізаттың сапасының барынша жоғары болуы жөнінде талаптар қояды. Компания талаптарын орындау үшін ауқымды инвестиция керек. Қа­зақ­станның нарығы шектеулі, сон­дықтан мұндай ауқымды инвес­тиция қысқа мерзімде қайта­рылмайды», деді Ә.Смайылов.

Ендігі мақсат – еліміздегі McDonald’s жұмысшыларының орнын сақтап қалу.

«Бұл үшін халықаралық брендті қолданбай, жұмыс істеуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ жаңа компания шикізат мәселесін қазақстандық жеткізушілермен бірлесіп алдын ала шешеді деп ойлай­мын. Бұл компанияның еліміз­де тұрақты жұмыс істеуін қамта­масыз етеді», деді ол.

Премьер-министрге Ресей және Өзбекстанмен «Үштік газ одағын» құру мәселесі жөнінде сұрақ қойылды. Берілген жа­уапта бұл жөнінде ресми ұсыныс түспегені мәлімделді.

Үкімет басшысының атап өтуінше, Ресеймен арадағы газбен қамту саласындағы ынты­мақ­тастық мәселесі екіжақты келіссөздер арқылы жүргізіліп жатыр. «Таяу уақытта «Газпроммен» келіссөздің келесі кезеңін күтіп отырмыз. Бүкіл қарым-қатынас коммерциялық және өзара тиім­ді шарттармен жасалады. Біз екі­жақ­ты форматтағы жұмысты жалғас­тырамыз», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы Қазақстанда АЭС салу туралы сұраққа да жа­уап бере кетті. Бұл мәселе жө­нінде түпкілікті шешім әлі қабыл­дан­баған екен.

«Атом электр стансасы – өте күрделі технологиялық объект. Біз бұл нысанды әлемдегі ең озық технологиялары бар компаниямен бірге салғымыз келеді. Яғни әлемнің ең озық технологияларын тарту үшін көпжақты жоба болғанын қалаймыз. Негізгі жеткізуші ретінде «Росатомды» таң­дауға қатысты шешім әлі қабыл­данған жоқ. Шешімді биыл халық­аралық сарапшылармен пысық­тай отырып қабылдаймыз. Бізде «Росатоммен» бірге арнайы жол картасы жасалды, енді дайын­дық жұмысын жүргізуіміз керек. Оның қорытындысы бойынша тікелей ядролық және басқа да жаб­дықтарды жеткізуші компания айқын­далады», деді Ә.Смайылов.