Қоғам • 12 Қаңтар, 2023

Биыл дизель отыны тапшы болуы мүмкін - Сенатор

498 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары дизель отынының тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Жанар-жағармай тек талон мен карта бойынша немесе тіпті шектеулі көлемде ғана сатылған кездер де болған, деп жазады Egemen.kz.

Биыл дизель отыны тапшы болуы мүмкін - Сенатор

Сенатор Бақытжан Байахметовтің айтуынша, еліміздегі ірі үш мұнай өңдеу зауытында өндіріс проблемасына байланысты жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады. Депутат бұған көрші елдердегі отын бағасы да себеп болатынын, өйткені онда біздікінен екі есе қымбат екенін, тиісінше транзиттік көліктердің ыңғайына қарай жұмыс істейтінін жеткізді.

Сенатор 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығының нормасы енгізілетінін еске салды. Оған біздің елден басқа Ресей мен Қырғызстан кіреді, оларда отын бағасы жоғары. 

Осыған байланысты Бақытжан Байахметов Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

«Үш ірі мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатында барынша жұмыс істеуін ескере отырып, Үкімет мұнай өнімдері өндірісінің өсуін ынталандыру үшін қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр? Қазақстан мен оның көршілері арасындағы дизель отын бағасының жалғасып келе жатқан теңсіздігіне қатысты Үкіметтің көзқарасы қандай? Үнемі болып тұратын мұнай өнімдері мен дизель отынының тапшылығы мәселесін шешу үшін Үкіметтің орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді жоспары бар ма?», делінген Байахметовтың депутаттық сауалында.