Үкімет • 12 Қаңтар, 2023

Жас кәсіпкерлерге 2,5% жеңілдікпен несие беріледі

183 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Онда ведомствоның 2022 жылғы жұмысының қорытындылары және алдағы кезеңге арналған міндеттері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жас кәсіпкерлерге 2,5% жеңілдікпен несие беріледі

ЕХӘҚМ басшысы Тамара Дүйсенова мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді орындауы, жаңа жұмыс орындарын құру және азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру, кәсіпорындардағы еңбек дауларын шешу, «Отбасының цифрлық картасын» енгізу және т. б. туралы баяндама жасады.

Премьер-министр өз сөзінде Үкімет әлеуметтік саланы нығайту бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, зейнетақылар мен жәрдемақылар уақытылы төленіп, әлеуметтік міндеттемелер орындалуда. Еңбекке қабілетті халықтың табысын арттыру, аз қамтылған азаматтарды атаулы көмекпен қамту, жұмысқа тұрғызу бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар жаңа цифрлық құралдар мен қызметтер жоспарлы түрде енгізіледі.

Әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы кешенді жетілдіру үшін Әлеуметтік кодекстің жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізілді.

«Бұл – қазақстандықтардың базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейтін және олардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін өте маңызды құжат», деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті ведомстволармен бірлесіп, мемлекеттік қолдауды «Отбасының цифрлық картасы» арқылы проактивті форматқа кезең-кезеңімен ауыстыруды жалғастыруы қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Премьер-министр барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін жаңа платформамен интеграциялап, мәліметтер базасындағы деректерді өзектендіру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«Отбасының цифрлық картасының» талдау нәтижелерін жергілікті жерлерде жедел әрекет ету және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін арттыру үшін пайдалануымыз керек», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы халықты, әсіресе жастарды жұмыспен қамтып, олардың табысын арттыру бойынша нақты міндеттерді белгіледі. Мәселен, 2023 жылы жастар арасынан кемінде 100 мың адамды жұмысқа орналастырып, жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен кредит беру қажет.

«Қаражат бөлініп, ережелер қабылданды, осы тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Нақты индикаторлар мемлекеттік органдардың даму жоспарларында және өңірлік жұмыспен қамту карталарында көрсетілуі тиіс. Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудару қажет», деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-министр жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау бойынша пилоттық жобаны қолдады. Алайда Үкімет басшысының айтуынша, құрылымды жаңартумен қатар, мотивация беретін «нәтиже үшін» еңбекақы төлеу форматына көшу қажет: жұмысқа орналасқан азаматтар неғұрлым көп болса, жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлерінің жалақысы соғұрлым жоғары болмақ.

Оған қоса, Әлихан Смайылов шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға, «бір терезе» қағидаты бойынша қандастарды қабылдау процесін жетілдіруге, қызметкерлерді кәсіби сертификаттау жүйесін енгізуге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғауға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Әлемдік тәжірибеде жазатайым оқиғалардан сақтандыру өтемақы беруден басқа, профилактикалық және оңалту функцияларын да қарастырады. Жұмыспен қамтылғандарды әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне тарту бойынша қаржы институттарының жұмысы мардымсыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және қаржы институттарымен бірлесіп, нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет», деді Премьер-министр.

Министрліктердің, әкімдіктердің басшылары, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, салалық федерациялар мен ұйымдардың өкілдері қатысқан алқа мәжілісінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету, өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік бағдарламаларды іске асыру және басқа да мәселелер талқыланды.