Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Одан 2 ай бұрын қала құрылысы кадастры жүйесін құру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралған Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 2022 жыл басталғалы жол-көлік оқиғалары Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жиі тіркелгенін баян еткен еді. Осы Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жол-көлік оқиғаларына нақты талдау жүргізу, рейдтік шараларды қатаң қолға алуды тапсырды. Әсіресе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күре жолының оқыс оқиғалар жиі болатын бөлігін бақылауды күшейтуді міндеттеген еді.
– Көлікті масаң күйде жүргізу, жүргізушілердің түнгі уақытта жол үстінде қалғып кетуі салдарынан қайғылы оқиғалар жиі тіркеледі. Қараусыз жүрген малдың жол бойына шығып кетуі де жол апаты санын азайтпай тұр. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды,– деген еді сол тұста аймақ басшысы.
Жалпы, бұл күре жол бойын жергілікті полиция қызметі басқармасы ұдайы бақылауда ұстайды. Әсіресе, облыс аумағынан 817 шақырымы өтетін халықаралық автодәліздің II санаттағы 566 шақырымына баса назар аударылған. Дегенмен, апат саны азаймай тұр.
Күре жолдағы қиылған ғұмырлардың себеп-салдарын талдасақ, тым тереңге кетеміз. Оның әуелгісі – облыс орталығына аудандардан жолаушылар тасымалдап, заңсыз пайда тауып жүрген таксистер. Әсіресе, аяғың газ педаліне тиіп кетсе, құстай ұшатын минивэндерді тізгіндегендер қауіпсіздік талаптарын сақтай бермейді. Сондайлардың кесірінен жыл басында Аралда болған жол апатында 8 адамның өмірі қиылып кетті.
– Өткен жылы халықаралық автожолда 90-нан астам жол апаты болған, соның салдарынан 68 адам қаза тауып, 127-сі түрлі жарақат алған. Жасалған талдау қорытындысы апаттың көбі жылдамдықты асырудан болғандығын көрсетеді. Сондай-ақ қарсы бағытқа шығу, маневр жасау ережесін бұзу да орны толмас өкінішке соқтырып отыр, – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы мамандары.
Полицейлер мәліметінше, жалпы осы автомобиль жолында 2017 жылдан күні бүгінге дейін 402 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осының 159-ы Қызылорда-Түркістан аралығында, 243 оқиға Қызылорда-Ақтөбе бағытында болған. Осы жылдар аралығында апаттан 228 адам бақилық болып, 549 жолаушы жарақат алған. Осылайша бес жылдың бедерінде бір шағын ауылдың халқына жетеқабыл адамды жер қойнына беріппіз. Қаншама отбасы қара жамылды. Ал апат кесірінен мүгедек болып қалғандардың обалы кімге?
Жүгенсіз кеткен жүргізуші әйтеуір бір жөнге келер-ау, қиюы келісе кетуі қиындау шаруа мынау болып тұр. «Самара – Шымкент» автомобиль жолының Түркістан мен Қызылорданы жалғап тұрған бөлігі 4 жолақты, ал Ақтөбе облысына дейінгі II санаттағы 566 шақырым 2 жолақты болып салынған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, күре жолды жобалау барысында Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасындағы көлік қарқындылығы төмен деп есептелген екен. Бірақ осы күні сол бағытқа қатынайтын жүк тасымалы ұлғайып, автомобильдер қатары артып келеді. Қысы-жазы күре жолда керуен тартқан «КамАЗ»-дардан көз сүрінеді. Осыған байланысты учаскені ІІ санаттан І санатқа ауыстыру қажеттігі жөніндегі облыс әкімдігі тарапынан тиісті органдарға ұсыныс та берілген.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы жасаған мониторинг нәтижесі бес жылда жол апатынан Түркістан –Қызылорда бағытында 66, ал Ақтөбеге дейінгі аралықта 162 адамның қайтыс болғанын көрсетіп отыр. Жол-көлік оқиғаларынан жарақат алғандардың 69,1 пайызы да осы бағыт бойында тіркелген. Мамандар жасаған кестеде Түркістан – Қызылорда аралығымен салыстырғанда қарсы бағытқа шығып кетуден болған апаттар Ақтөбе бағытында 5 есеге көп жасалғаны көрінеді, одан қайтыс болғандар 7, жарақат алғандар 4 есеге ұлғайған.
Полиция қызметкерлерінің байламынша Арал ауданындағы Қамбаш елді мекенінің тұсы, Қазалыдағы Ойынды елді мекені маңы, оған шекаралас Қармақшы ауданындағы Иіркөл, Кемесалған, Диірментөбе ауылдары жаны, Жалағаштағы Таң, Шиелі ауданындағы Сұлутөбе елді мекендері тұсы қауіпті аймақ саналады. Осы күні жалпы күре жол бойында жергілікті полиция қызметі басқармасының 84 қызметкері екі ауысымда қызмет атқарады.
Жол-көлік оқиғаларын саралап, себеп-салдарын талқылаған ведомоствоаралық отырыстарда полицейлер тарапынан тұрғындар малының күре жолға шығып кетпеуін қадағалап, қараусыз түліктерді қамап ұстайтын орындар ашу, малды кезекпен бағуды ұйымдастыру секілді ұсыныстар айтылып, ол ішінара орындалып та жатыр. Бірақ тар жолдың мәселесі мұнымен түбегейлі шешілмек емес. Мәселеге тиісті министрлік тарапынан мән беріліп, учаскені ІІ санаттан І санатқа ауыстыру қажеттігі жөніндегі облыс әкімдігінің ұсынысы ескерілсе, күре жолда қаза тапқандардың қатары азаяр еді.
Осы мақала әзірленіп жатқанда «Самара – Шымкент» тас жолының Арал ауданы аумағындағы 1270-шақырымында қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен жеңіл автомобиль мен DAF жүк көлігі соқтығысқаны жөнінде хабар алдық. Өкінішке қарай, тар жолдағы бұл жолғы апат тағы да 2 адамның өмірін жалмапты.
Қызылорда