Қоғам • 13 Қаңтар, 2023

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерге 441 млрд теңге жұмсалды

347 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2022 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,2 млн адам жалпы сомасы шамамен 441 млрд теңгеге әлеуметтік төлемдер алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 30% - ға артық. Бұл туралы Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерге 441 млрд теңге жұмсалды

Министрлік мәліметінше, еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен төленетін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Төлем медициналық-әлеуметтік сараптама жалпы еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін 30% - дан 100% - ға дейін белгілеген кезеңде төленеді және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі. 2022 жылы осы төлемді МӘСҚ-тен 30,5 млрд теңге сомаға 97,6 мың адам алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 13% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 37 784 теңгені құрады.

Асыраушысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауындағы адамдарға бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа толғанға дейін төленеді. Осы төлемді МӘСҚ-тен 2022 жылы асыраушысынан айырылған 61,4 мың отбасы 21,3 млрд теңге сомаға алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 40 928 теңге.

Сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшері жыл сайын артуда. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап төлемдер мөлшері 8,5% - ға өсті.  

Жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Төлем алу құқығы халықты жұмыспен қамту орталығы немесе «Электрондық еңбек биржасы» (enbek.kz) порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап туындайды. Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. 2022 жылы бұл төлемді МӘСҚ-тен 19,1 млрд теңге сомаға 110,6 мың адам алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 18% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 44 833 теңге болды.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын табысты алмастыру коэффициенті 40% - дан 45% - ға дейін арттырылды, бұл жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшерінің ұлғаюына әсер етеді.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілік және босану бойынша демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Осы біржолғы төлемді 2022 жылы МӘСҚ-тен жалпы сомасы 197,9 млрд теңгеге 251,1 мың адам алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 809 226 теңге.

Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір жасқа дейінгі ай сайынғы әлеуметтік төлем бала туған күннен бастап тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады. 2022 жылы бұл төлем МӘСҚ-тенн 321,8 мың адамға тағайындалды. Былтыр жалпы 171,9 млрд теңге төленді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 11% - ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 45 942 теңге.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау аясында бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемнің ұзақтығы бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылды.