Қоғам • 13 Қаңтар, 2023

Аясы кеңейген аудандық басылым

286 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Басты міндеті оқырманға жаңалық жеткізу болып саналатын медиа саланың өзінде осы күні жаңалық көп. Оның бастысы, оншақты жылдан бері дәстүрлі БАҚ қасына жаңа медиа қоңсы қонды.

Аясы кеңейген аудандық басылым

Республикалық басылымдардың біразы құрылымдық өзгерістерді бастан кешті. Құрылтайшысы облыстық әкімдік болып келген өңірлік газеттерде де өзгеріс бар, біразы медиахолдингтерге бірікті. Ал қалалық, аудандық басылымдардың көпшілігінің меншік иесі өзгеріп, жекеменшікке өтті. Орталықтан шығатын газеттер маманнан тапшылық көрмеуі мүмкін. Ал жергілікті басылымдардың басты мәселесі кадр жетіспеушілігі болып отыр. Әсіресе, талай қалам иесінің шығармашылық соқпағының бастауы болған аудандық газеттердің ахуалы алаңдатады. Таралымы төмендеп, жұмыс істейтін маман таппай отырған оларға заманауи технология енгізудің өзі қол жетпес арманға айналған.

Дегенмен жүйелі жұмыс арқасында ақпарат құралдарының аясын кеңейтіп отырған аймақтар да бар екенін айта кетейік. Осыдан 12 жыл бұрын Қызылорда облысында «Сыр медиа» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды. Облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінде қалыптасқан қаржылық қиындықтарды шешу, тиімді басқару жүйесін қалыптастыру, газеттердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, басылымдардың уақыт сұранысына сай электрондық қызметін кеңейту үшін құрылған кәсіпорын аз уақыт аясында миссиясын орындады. Үш жылдан кейін жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта ұйымдастырылған кәсіпорын құрамына 7 аудандық, 1 қалалық газет қосылды. Жаңа мекемеге біріккен басылымдардың жағдайы ала-құла еді. Кейбірінің ғимараты мен көлігі жоқ, техникалық жарақтандырылуы да «әп, бәрекелді» дегізе қоймайтын. Аз жылда осы мәселенің көбі шешімін тауып, қала және аудандық басылымдар таралымы артып, аясы кеңейе түсті.

Ғимарат демекші осы ұжымдар арасында баспанасын өз күшімен салып алған редакциялар да бар. Келер жылы Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің жарық көре бастағанына 90 жыл толады. 1933 жылдың  қыркүйегінде аудандық партия комитетінің органы ретінде «Қызылмақташы» деген атаумен шыға бастаған басылым әр жылдары оқырман қолына «Екпінді», «Коммунизм жолы» деген атаумен жетіп тұрыпты. Өз тарихында соғыс уақытында бір жыл шықпай қалып, көп ұзамай оқырманымен қайта қауышыпты. Ел егемендігімен бірге жаңарып, 1991 жылы «Жаңақорған тынысы» деген атқа ие болған.

Нарықтық экономикаға бейімделген кезеңде редакция мен баспахана бөлініп, жеке құрылым ретінде қызмет ете бастады. Көп кешікпей екі қабатты ғимаратты өзінің меншігіне алған «Казполиграфия» АҚ редакциядан оны босатуды талап етеді. Облыста алғаш редакциялар арасында жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып құрылған газет ұжымы бұл қиындықтан да шығудың жолын тауыпты. Сол тұста ұжымды басқарған Алмас Бекжігітовтің бастамасымен  мекеме жанынан қосалқы шаруашылық ашуға да талпыныс жасалып, қолма-қол қаржы тапшылығынан шаруашылықтар  ұн, күріш, жем-шөптің есебінен газетке жазылған кездер де өтті.

Бас редактор Алмас Бекжігітовтің басшылығымен әр ғимаратқа көшіп-қонып жүрген редакцияға 2006 жылы аудандағы мекеме, шаруашылықтар құрылыс материалдарын түсіріп беріп, төбесін жабатын шатырын тауып береді. Басқа да керек-жарақтары үшін редакция мүлкі кепілге қойылып, банктен алынған несие жарнамадан түскен табыспен жабылды.

«Сыр медиа» ЖШС құрамына енгеннен кейін газеттің екінші тынысы ашылды. Тақырыптық аясы кеңейіп, дизайны мен мазмұны жаңа сипатқа ие болды. Газет сайты ашылып, оқырмандар газеттің PDF нұсқасын оқи алатын болды.

Оқырманның ойынан шығатындай мазмұнды мақалалар жазып, ой бөлісу, толғақты мәселелер жөнінде қоғамдық пікір туғызуға ұмтылған газетте «Алдаспан», «Дауа», «Шамшырақ», «Сырғалым», «Жеті жарғы», «Сырласу», «Қаламгер», «Нарық пен халық» деп аталатын арнайы беттер бар. Бұл оқырман алдында басылым бәсін салмақтандыра түссе керек.

Соңғы жылдары «Сыр медиа» ЖШС баспасөзге жазылуды өздері жүргізіп, тарату қызметін де атқарып отыр. Өйткені газет – тауар. Ол тұтынушыға уақытылы жетуге тиіс. Бұл бір жағынан газетке жазылым бағасын өсірмеудің де жолы. Осы күні Жаңақорған кентінде бірқатар басылымды 11 пошташы таратады, әр ауылда басылымды оқырманға дер кезінде жеткізетін мамандар бар.

Жақында аймаққа сапармен келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Жаңақорған тынысы» газетіне арнайы соғып, аудандық басылым жұмысымен танысты.

«Біздің жағдайымызбен танысқан министр жергілікті газетте тәжірибе жинап, үлкен басылымдарға әбден шыңдалып баратын үлгілі үрдістерді үзіп алмау, талапты жастарды ынталандыру керектігін айтты. Аудандық газетте жүрген Оралханды, Фаризаны тани білген Шерағаңның үлгісін атап өтті. Ауданда отырып, қазақ баспасөзіне қызмет жасап отырған азаматтарға осы саланың жетекшісі ретінде алғысын жеткізді. «Аудандық газеттің бір озық тұсы – қарапайым еңбек адамының шынайы бейнесін беріп келеді. Бұл еңбек адамына үлкен қуаныш сыйлайды. Солардың қуанышына ортақ болу, бұл бір жағынан өте сауапты, ізгілікті жұмыс. Аудандық газеттің жеті мың данамен тарауы, редакция үйінің асармен салынуы, бәрі де елдіктің туы биіктігін, халықтың ұжымдық рухы берік екендігін көрсетеді. Сіздердің үлгілеріңізді көпке таратуға тырысу керек» деген министрдің лебізі мерейімізді тасытты», дейді газеттің бас редакторы Баян Үсейінова.

«Жаңақорған тынысының» жүйрік журналистері аудан, облыс, республика деңгейінде ұйымдастырылған шығармашылық байқау, конкурстардың  жүлдегері атанып жүр. Редакция қызметкерлерінен жасақталған футбол командасы да талай жарыстан олжамен оралды.

Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианы үйлестірген ұжым газет сайтын жаңа сапаға көтеру жолында жұмыла еңбек етіп келеді. Тоқсан жылдық тарихы бар басылым елдік пен ерліктің жаршысы ретінде құрмет төрінде тұр.

 

Қызылорда