Қаржы • 13 Қаңтар, 2023

Қазақстанда халықты несиелеу 24,1%-ға артқан

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылдың қараша айының соңында Қазақстанда тұтынушылық несиелер 7,6 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда халықты несиелеу 24,1%-ға артқан

Ғалымжан Пірматов түсіндіргендей, экономикалық өсу траекториясы Ұлттық банктің базалық жоспары бойынша қалыптасады.

«Ұлттық статистика бюросының алдын ала бағалауы бойынша 2022 жылы жалпы ішкі өнім 3,1%-ға өсті. Іскерлік белсенділіктің өсуі негізінен тауар өндірісіндегі оң динамикаға байланысты. Ең көп өсім астық жинаудың рекордтық көрсеткіші аясындағы құрылыста – 9,4%-ға және ауыл шаруашылығында – 9,1%-ға байқалды. Сауда, көлік және байланыс арқылы қызмет көрсету саласы да өсіп келеді. Осылайша 2022 жылы ІЖӨ өсімі Ұлттық банк бағалауының жоғарғы шегіне жақын», деді Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте өткен брифингте.

Ол сондай-ақ 2022 жылы үй шаруашылығының сұранысы оң үрдісті сақтағанын, бірақ оның өсімі баяу күйінде қалғанын хабарлады. Үй шаруашылықтары сұранысының бұл үлгісіне халықтың нақты кірістеріне кері әсерін тигізген жоғары инфляция ықпал етті.

«Сұраныс тұтынушылық несиемен қамтамасыз етіледі. 2022 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша тұтынушылық несиелер жыл басынан бері 24,1%-ға өсіп, 7,6 трлн теңгені құрады. Ірі банктердің маркетингтік әрекеттері тұтынушылық несиелеудің өсуін ынталандыруды жалғастырып келеді. Осының аясында бөлшек сауда айналымының динамикасы тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр», деп қорытындылады Ғалымжан Пірматов.