12 Маусым, 2014

Кім кінәлі?

454 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
3 Заман талабына сай елімізде жекелеген серіктестіктер күннен-күнге көбейіп келеді. Осыған орай, республика тұрғындарының ауқымды бөлігі осындай жеке нысандарда жұмыс істеп, нәпақаларын тауып жүр. Олардың қайсыбірі қожайынының жақсы екенін, еңбектерін жемей, жалақыларын дер кезінде беретінін айтса, енді бірі бұған керісінше, мекеме иелерінің  әділетсіз де сараң екенін айтып, зар жылайды. Жасаған жұмысына еңбекақы ала алмай, еңбегі еш, тұзы сор болғандардың көбі әдетте, өкілетті органдарға шағымданады. Бізбен әңгімесінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшы­сының орынбасары Арман Тұй­ғын­бетов осындай жағдайға қатысты бірнеше мысал келтірді. Оның сөзінше, бұдан бірнеше жыл бұрын қаладағы «Питинов» ЖК-де жұмыс істеген Динара Айсекенова, Мейрамгүл Сисенова және Айкүміс Мұқанбетқалиевалар қожайындарынан еңбекақыларын мезгілінде ала алмай, әбден шарша­ғасын аталған еңбек инспекциясына арызданған. Қыздар арыздарында жеке кәсіпкер Дмитрий Питиновтің өздерін жұмысқа алар кезде 25 000-30 000 теңге көлемінде жалақы беремін деп уәде беріп, бірақ, іс жүзінде қолдарына 4-5 мың теңге ақша ұстатып, жартысын кейін беремін деп алдағанын айтады. Мұнысымен қоймай, ол қызметкерлерінің жеке куәліктерін жұмысқа қабылдар кезде алып қояды екен де, оны бермей, әуреге түсіреді екен. Бұған қоса, қыздар аталған кәсіпкердің қалада бес жерде сауда нүктесі бар екенін және солардың барлығында да кассалық аппараттың жоқ екендігін айтады. Аталған өкілетті орынға осы жағдайды айтып, шағымданған қыздар кәсіпкерден құжаттарын және жұмыс істеген уақыттарына жалақыларын алып беруді сұраған. Облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы Арман Орашұлының мәлімдеуінше, олардың арыздары бойынша тексеріс жүргізген облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері жеке кәсіпкер Д.Питиновтің қыздарды жұмысқа алғанда Еңбек кодексі 23-бабының 2-тармағы 2-тармақшасын бұзып, олармен еңбек шартын жасамағанын анықтаған. Сонымен қатар, жұмыс беруші қыздарға жұмысқа келгеннен кеткенге дейінгі аралықта жұмыс уақытын есепке алу құжаттарын жүргізбеген. Олардың айтуынша, аталған кемшілік Еңбек кодексінің 91-бабының талаптарын бұзуға әкеп соқтырған. Сондай-ақ, жұмыс беруші тексеріс кезінде жұмысшыларына жалақы төлегендігін растайтын құжатты көрсете алмаған. Жәбірленушілерге осы жағдайды хабарлаған аталмыш басқарма қызметкерлері жұмыс беруші тарапынан жасалған бұл олқылықтар Еңбек кодексі 134-бабы 1-тармағы талаптарын бұзушылық деп танылғанын мәлімдеді. Ал, жеке кәсіпкердің сауда нүктелерінде кассалық аппараттың болмауы және оның жұмысшылардың жеке куәліктерін алып қою мәселесі құзыретті органдарға жолданған. Шағымданушыларға осы жағдайды жеткізген тексерушілер жеке кәсіп­кер Д.Питиновке анықталған заң бұзушылықтарын жоюға және жәбір­ленуші жұмысшыларға еңбек­ақыларын тез арада төлеу жөнінде талап қойылғанын айтып, сондай-ақ, құқық бұзған кәсіпкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабының 1 және 3-бөлімдерімен айыппұл салынғанын жеткізді. Арман Тұйғынбетовтің айтуынша, өңірімізде жұмысшыларға жалақыны уақытында төлемейтін мекемелер де бар. Мұндай мекемелер қатарына «Уральскдорстрой», «БГС-Ақсай», «ОралҚұрылысЖөндеуСервис» ЖШС-лері мен «Гордорстрой» АҚ жатады. Мұндай жағдайдың мекемелерде еңбек өнімділігін төмендетіп, жұрт арасында теріс пікір қалыптастыратынын айтқан Арман Тұйғынбетов осындай ыңғайсыз жайтты болдырмау үшін жұмыс беруші мен жұмысшының арасында міндетті түрде еңбек шарты жасалуы тиіс екенін жеткізді. Өйткені, еңбек шарты олардың қай-қайсысына да құқтарын қорғау үшін негіз бола алады. Сондықтан кез келген жұмыс беруші жұмысқа қабылдаған адаммен еңбек шартын жасасуы керек. Өз кезегінде жұмысшы да қожайынынан еңбек шартын талап етуі тиіс. Облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторының сөзінше, еңбек шартын жасаған кезде жынысына, ұлтына, тіліне, мүліктік және әлеуметтік жағдайына немесе лауазымына, жасына, тұрғылықты мекенжайына, (соның ішінде, тұрғылықты тіркеуде жоқ немесе қоныс аударып келгендерге), сонымен қатар, қызметкерлердің іскерлік сапасына, осы заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қандай да болмасын тікелей немесе жанама түрде құқықтық шектеулер мен басымдықтарға жол берілмейді. Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі дана етіп жасалады да, оған тараптардың қолдары қойылады. Қызметкердің еңбек шартының бір данасын алуы жазбаша нысанда расталып, бұл құжат бір-бір данадан қызметкер мен жұмыс берушіде сақталады. Егер қолыңызда еңбек шарты болмаған жағдайда, сіздің келісіміңізсіз еңбек шартына өзгерістер енгізіліп, жұмыс беруші еңбек шартында көрсетілмеген жағдайларды сізден талап етіп қалуы ғажап емес. Сондықтан, әрбір қызметкер немесе жұмысшы жұмысқа орналасқанда міндетті түрде еңбек шартымен танысып, оның соңғы парағына қолын қоюы тиіс және жұмыс берушіден оның бір данасын талап етуі керек. Бұлай болмаған күнде жұмысшы өз құқығын заң жүзінде қорғай алмайды. Жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде жұмыс берушінің актісімен ресімделеді. Бұйрықтың мазмұны еңбек шарты жағдайымен сәйкес келуі қажет. Жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде қызметкерді актімен таныстыруға міндетті. Жұмыс берушінің актісімен танысқаны қызметкердің қол қоюымен куәландырылады. Жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс беруші қызметкерді ұйымдағы ішкі еңбек тәртібімен, ұжымдық шартпен және техникалық қауіпсіздік ережесімен мұқият таныстыруы керек. Бұған қоса, жұмысшы жұмыс берушіден жұмысқа қабылданғаны жөніндегі бұйрықтың көшірмесін сұрап алуы тиіс. Ережеге сәйкес еңбек шартына қол қойғаннан кейін, жұмысшы өзіне жүктелген міндетті орындауы керек. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде алыс ауылдарда тұратын малы көп кейбір дәулетті кісілер үйсіз-күйсіз жүрген жандарды іздеп тауып, малдарын соларға бақтырып қоятын болған. Себебі, мұндай кісілер қожайындарынан ақша сұрамайды, оларға ұйықтайтын жер болса, сосын қарындары тойса болғаны. Жақында республикалық газеттердің бірінен осындай үйсіз жүрген кісілердің бірін жалшы қылып ұстап отырған бір байдың ажалы тура сол көмекшісінен болғанын оқыдым. Мақала авторының айтуынша, әлгі дәулетті кісі айқайлатып шаруа қожалығын құрмай-ақ, малын қырда бір кісіге бақтырыпты. Бақташы болса, үй-күйі жоқ, кезінде ішімдікке салынып азып кеткен біреу екен. Осындай «шығынсыз» адамды жұмсау арқылы әбден байып алған қожайын малын қаншама мұқият қараса да, келген сайын әртүрлі сылтау айтып, көмекшісін сабап кетеді екен. Оны адамға санамаған қожайын оншақты жыл ішінде оған бір де бір рет жалақы бермеген және оны демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Бірде жалшы жігіт ұйықтап жатқан қожайынын көріп, қолына түскен затпен қожайынын ұрып-соға бастайды. Қатты соққыдан шошып оянған қожайын көмекшісіне қарсы ұмтылғанымен, ештеңе істеп үлгермейді. Есінен танып қалған қожайынын кектене сабаған жалшы жігіт ашуына ие бола алмай, оны балталап, шауып тастайды. Содан кейін ғана есін жиған ол істеген ісіне өкініш білдіріп, сол ауылға қарасты ауылдық округ басшыларына барып, болған жайды баяндап береді. Еліміздің бір түкпірінде болған осындай қайғылы жағдайды баяндай отырып, бүгінгі бай-дәулетті адамдардың қаперіне үй қызметшілерінің де ет пен сүйектен жаратылған жан екенін, олардың да шаршайтынын естерінен шығарып алмағандары жөн дегіміз келеді. Қазіргідей бай, кедей деп бөлінген заманда жеке шаруасына жұмысшы ұстайтын дәулетті ағайындар да өз жұмысшыларымен арада еңбек шартын жасаса артық болмайды. Айша ӨТЕБӘЛІ, журналист. Батыс Қазақстан облысы.