Экономика • 16 Қаңтар, 2023

Зауыт кідірсе, өңір экономикасына шығын

322 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Павлодар мұнай-химия зауыты сұйытылған көмірсутекті газ шығаратын өндірістің тоқтап қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Себебі кәсіпорында көгілдір отынның бұл түрі көп мөлшерде жиналып қалған. Жағымсыз тенденция сақтала берсе, аймақ экономикасы оның зардабын тартып, өңірлерде газ тапшылығы туындауы мүмкін.

Зауыт кідірсе, өңір экономикасына шығын

Бұл туралы ПМХЗ-ның баспасөз қызметі хабарлады. Зауыт еліміз бо­йынша сұйытылған газды ең ірі өндіруші екенін айтып өтейік. Өндіріс орнының аумағында газдың бұл түрін сақтауға арналған небәрі 3 600 тонналық қойма ғана бар. Биылғы 11 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіпорындағы отын сақтау ыдыстарына 2 857 тонна көмірсутекті газ құйылған. Ал зауыттың өзі тәулігіне 1 мың-1 050 тонна газ өндіреді.

«Қазір кәсіпорындағы ыдыстар толуға жақын. Себебі газды қабылдап, сақтайтын желілік ұйымдар келісілген көлемді уақытында алып кетпей жатыр. Егер мұндай тенденция сақтала беретін болса, «ПМХЗ» ЖШС-да бірқатар технологиялық қондырғының жұмы­сы кідіріп, сұйытылған газ өндірісі уа­қытша тоқтап қалуы мүмкін. Мұның сал­дарынан зауыттан шығатын бензин мен дизельді отынның көлемі де азаяды», делінген хабарламада.

Кәсіпорындағы технологиялық үдерісті кідіртпей, бекітілген өндірістік жоспарды орындау үшін компания басшылығы Павлодар, Шығыс Қа­зақ­стан, Абай, Алматы, Жетісу облыс­тары мен Алматы қаласының әкімдік­терінен сұйы­тылған газды уақытында алып кетуді сұрап отыр.

Бұған дейін мұндай жағдай Аты­рау­дағы мұнай-химия зауытында орын алып, серіктестік газ өндірісін шектеуге мәжбүр болғаны белгілі.

Павлодар облысындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Қобыланбек Қожин мұнай-химия зауытында өндіріс шектелсе, оның аймақ экономикасы үшін мультипликативті әсері зор болатынын айтады. Себебі компаниядан түсетін салық­тық түсімдер шаһар бюд­жетінің едәуір бөлігін құрап отыр. Ал өндіріс кемісе, акциздік түсімдер де азаяды деген сөз.

– Негізі бұл мәселеге ең әуелі зауыттың өзі жауапты болуы керек. Себебі ондағы газ сақтау орындары үш күнде өндірілген газды сақтауға ғана қауқары жетеді. Кез келген кәсіпкер өз бизнесін жүргізгенде өнімнің мол көлемде сақталуына назар аударатыны анық қой. Өкінішке қарай, біз мұндай стратегияны ПМХЗ-дан байқай алмай отырмыз. Меніңше, кәсіпорында кемі 20-30 тәуліктің өнімін сақтай алатын қоймасы болуы керек. Бұл бір жағынан зауытта кідіріс болып жатса тым болмағанда бір айлық сұранысты өтеуге жетер еді. Жазғы мезгілде зауыт жоспарлы жөндеу үшін бір айға дейін тұрып қалады. Сондай уақытта ең қажет дүние ғой. Екіншіден, бұл мәселе қала бюджетіне, тіпті облыс бюджетіне үлкен соқ­қы болуы мүмкін. Өндіріс төмен­десе,  салық генерациясына әсер етеді. Осыдан бірер жыл бұрын мұнай-химия зауыт­тарын­ан түсетін салық акцизін министрліктер республикалық бюд­жетке аударғысы келіп әре­кет­тенгені мәлім. Сол уақытта Павлодар қаласының әкімі болып тұрған Асайын Байханов Астанаға арнайы барып, ми­нистр­ліктермен сөйлесіп, салық­тың бұл түрі жергілікті жерде қалуы керектігіне Үкімет­тегі­лердің көзін жеткізді. Біз, депутаттар үшжылдық бюджет­ті қабылдағанда стандартты есептеулерді негізге аламыз. ПМХЗ сияқты алпауыт кәсіп­орындардан түсетін салыққа шаһарда баспаналар, жаңа ойын алаңдары салынып, көшелер абаттандырылады. Ал бюджет толмаса, кейбір жоспарлар орындалмай қалады деген сөз. Жергілікті экономикаға мультипликативті әсер болмауы үшін бұл мәселе  шешімін табады деген ойдамыз, – дейді Қ.Қожин.

Бұл түйткілдің туындауына газ қабылдап-сақтау ұйымдарының да кінәсі бар. Себебі аралық дел­далдар кейбір автогаз бекет­теріне сұйытылған газды жеткі­лікті көлемде күнделікті босатып отырмаған көрінеді. Оның үстіне газ қабылдап-сақтау ұйымдары, яғни аралық делдалдар мен газ желілері арасында келісімшарттар да толықтай қамтылып, жүзеге асырылмаған. Мәселен, аймақтағы ірі автогаз желі­лерінің бірі – «Blue Star PV» ЖШС-іне жауапты дел­дал әлі күнге тиісті шартты ұсын­баған. Ал өзге ірі газ желілері бар компаниялар да басқадай кемшіліктер салдарынан газ бекеттеріне жеткілікті көлемде көгілдір отынды ала алмай отыр.

«Сұйытылған көмірсутекті газ саласындағы кәсіпкерлерден сұрап білгеніміздей, олардың сұраны­сы делдалдың ұсыны­сы­нан асып түседі. Олардың кейбірінің мысал үшін 5 машина көгілдір отынды көлігіне тиеп, өз газ сақтау бекетіне тасып алуға қауқары бар. Алайда делдалдар оларға 2 машинаға ғана тиеп береді. Осыған қарағанда делдал­дардың келісілген көлемдегі газды уақытында босатуға күші жетпей жатқан сыңайлы», деп санайды қалалық мәслихат депутаты.

– Қысқы уақытта автогазды тұтыну төмендейтіні рас. Себебі көліктердің қозғалтқышын­дағы температура 40 градусқа көтерілмейінше көгілдір отынды жаға алмайды. Сондықтан еліміздің солтүстік өңірлерін­дегі жүргізушілер қыста көбіне бензинді пайдаланады. Автогазға сұраныстың маусымдық азаюы делдалдардың баяу қимылдауына әсер етіп жатқаны анық. Ендеше бұл жерде газ өндіруші зауыт пен делдалдар өзара бір келісімге келіп, өндірісті қысқартпаудың, жиналып қалған мұнай өнімін уақтылы жеткізудің шешімін табуы керек деп есептейміз. Оған ең алдымен бір айлық көгілдір отын сақтау қоймаларының көлемін ұлғайту керек деген ойдамын, – деп қосты Қ.Қожин.

Жанар-жағармай нарығы саласындағы кейбір кәсіпкерлер зауыттың аяқастынан «сұйытыл­ған газ сатылмай жатыр» деп байбалам салуына күмәнмен қарайды. Бұл кәсіпорындағы кемшіліктерді жасыру үшін әдейі жасалып отыр немесе басқадай қитұрқы әрекеттер болуы мүмкін дейді. Кезінде ПМХЗ өзіне қарасты автогаз құятын 6 пунктті жеке компанияларға бере салғаны қызық көрінген еді. 2013 жылы аралық компания – «BIG Capital IST» ЖШС мұнай кәсіпорны­ның оңтүстік бөлігіндегі газ құю жабдықтары орналасқан жер телімін барлық қажеттілігімен бір демде иеленіп, одан соң оны жойып жіберге­нін павлодар­лық­тар қалайша ұмытсын. Кейін серіктестік ол аумаққа газ толтыратын стансасын салып, зауыттың дайын өнімдер ағып шығатын құбырына тікелей апарып жалғап қойды. Стратегиялық нысан­ның технологиялық үдері­сіне өзге компаниялар араласпауға тиіс екенін біле тұра ПМХЗ басшылығы бұл жағдайға көз жұма қарады. Оның үстіне мұнай зауыты өндірістің техноло­гия­­лық үдерісіне тіке­лей қаты­сы бар сұйытылған газ сорғы ғимара­тын, сорғыларды, технологиялық құбыр желісін және сұйықтық құятын ыдыстарды ешбір конкурс өткізбестен аралық фирма­ларға таратып берді. Тіпті зауыт­тан шығатын құбырға иелік ететін фирмалар уақыт сайын өзге­ріп, олар келе-келе зауыттың темір жолдарына, құю эстакада­сына және цистерналы вагон­дарға «ауыз салып», газды сырт­қа тасымалдау ісіне монополия орнатты.

Былтыр Мемлекет басшы­сының сұйытылған газ өндіретін субъектілердің баға бойынша ымыраласу деректерін тексеру туралы тапсырмасынан соң «ПМХЗ»-ны аралық компаниялардан тазарту шаралары жүзеге аса бастағандай көрінген. Кәсіпорынның директоры Қуаныш Бишімов былтыр күзде бұл жұмысты қарашада аяқтайтындарын да мәлімдеген. Соның бір нәтижесі болар, осы жылдың 1 қаңтарынан өндіріс аумағындағы теміржолдарда жылжымалы құрамдардың өтуі, маневрлік жұмыстар, өнімді тиеу мен жөнелту, тасу үдерісіндегі өзге де технологиялық операциялар, сондай-ақ жылжымалы теміржол көлігінің тұрақтауы бойынша қызметтер «ПМХЗ» ЖШС-мен көрсетіле бастады. Алайда газ құбырларын бұ­рынғы иесіне қайтару, автогаз тасығыштардағы зауыттың құю пункттерін қалпына келтіру мәселелері әлі де шешілмей тұрған тәрізді.

«Blue Star PV» ЖШС-ның өкілі Гүлбақыт Бижанованың сөзіне сүйенсек, кезінде зауыт­тағы құю орындары істеп тұрған уақытта бір жұмыс күні ішінде кәсіпорыннан сыртқа 1 мың тоннаға дейін өнім тиелген. Ал аралық фирма оны жойып, өзінің қондырғысын қойған сәттен бас­тап газ құятын станса сағатына небәрі 40 тонна сұйық отынды сыртқа шығара алатын жағдайға тап болған. Міне, көрдіңіз бе, зауыттағы дайын өнімді тиеу жұмыстарының көрсеткіші бірден екі есеге жуық азайған.

Ал «Blue Star PV» серіктес­тігінің өзі қазіргі күні біраз кедергіге ұшырап отырған сыңайлы. Аралық делдал оған тауарды жөнелту туралы шартты мерзімінде ұсынбауы салдарынан автогаз желісінің жұмы­сы тоқырап, қызметкерлерінің біраз бөлігін төленбейтін еңбек демалы­сына жіберуге мәжбүр болыпты. Осылайша зауытың кезін­дегі басшылығы өзіне тиесілі технологиялық жабдықтарын жеке фирмаларға оңды-солды тарата беруі стратегиялық нысан мен онымен серіктес компанияларды бүгінде тығырыққа тіреп тұр.

* * *

Өткен аптаның соңында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбековтің және «ПМХЗ» ЖШС-ның бас директоры Қуаныш Бишімовтің қатысуымен арна­йы жиын өтті. Онда ТМД ел­деріне тиеліп жатқан көгіл­дір отын мәселесі сөз болды. Ком­пания басшылығы атап өткендей, сұйытылған көмірсутекті газды жөнелту жұмыстары осы жылдың қаңтар айына арналған тауарлық биржадан тыс жеткізу жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Автокөлік газы қазірдің өзінде цистерналы 30 вагонға тиелгені, тағы 30 вагон өз кезегін күтіп тұрғаны айтылды.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова хабарлағандай, зауыттағы газды сыртқа жіберу мәселесі қазір шешіле бастаған. Ол аталған кәсіпорын мұндай мәселемен жергілікті билікке тұңғыш рет шығып отырғанын айтады.

Бәрін айт та, бірін айт. Көлік газының өңірлерде жеткілікті көлемде және бағасы қолжетімді болуы мемлекеттік деңгейде мән беріліп отырған маңызды мәселе. Былтырғы «Қанды қаң­тарда» қоғам наразылығына себеп­кер болған фактордың бірі де газ бағасы еді. Қазіргі күні газды сақтап, жеткізетін компаниялардың баяу әрекеті қасақана жасалып отырғандай көрінеді. Газды аймақтарға жөнелту жұмыстары тежеле берсе, өңірлердегі жекелеген жанармай бекеттерінде автогаз тапшылығы туындауы мүмкін. Оның соңы жақсылыққа апармайды.

 

ПАВЛОДАР