Әдебиет • 16 Қаңтар, 2023

Жантелім

261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ибраһим Құнанбайұлының Абайдан бөлек, бала күнгі тағы бір есімі Телғара болған деседі. Екі ананы (Ұлжан мен Айғыз) тел еміп өскен соң солай атаса керек. Абай – әжесі Зеренің қойған есімі. Абай – ес, жады деген мағынаға ие ұғым екенін Өзбекәлі Жәнібеков жазады: «біздің елде «бұл сөз халықтың абайында жоқ» – деген сөз бар», деп. Шынында да, Абай ұлттың ақыл-есіне айналды. «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, тыңдағанда көңілдің өсері бар» деп басқа емес, хакімнің өзі айтады.

Жантелім

О баста Телғараны да, «ақыл­дының сөзіндей ойлы күйді» де те­гін айтпадық. Шертпе күйдің атасы Тәттімбет атақты «Көкейкесті» күйін «Жантелім» деп атап тарт­қан көрінеді ғой. Алғашқыда. Арқа күй­шілері бертінге дейін солай деп тарт­қанын жазады Таласбек
Әсемқұлов.

Күйдің неге «Көкейкесті» ата­лып кеткенін Таласбекке кезінде Асқар Сүлейменов былай әңгімелеген: «Мен М.Әуезов театрында қызмет­те жүргенде естігенмін. Театр­дың шаңырағын көтерген ветеран актер­лердің айтысы. Әбікен Ха­сенов осы театрда жұмыс істеп жүргенде Ахмет Байтұрсынұлымен, Сәкен Сей­фуллин­мен, Мұхтар Әуезовпен көп араласыпты. Қанша рет дастарқандарына барып күй шерткен. Бір күні осы күйді тартады. Ахмет ағамыз «Әбі­кен, бұл күйдің аты не?» деп сұрайды. «Жанте­лім», дейді Әбікен. Сонда Ахмет ағамыз айтыпты, мынау, Тәттімбеттің көкейін кескен күй екен. «Жантелім» деп қазақ ет жақын адамын еркелетіп айта береді. Бұл күй бұдан былай «Көкейкесті» болсын дейді. Кейін радиоға солай деп жазылып, бүкіл қазаққа сол атпен тарап кеткен ғой. Асқақ махаббатты жырлаған күй ғой».

«Асқақ махаббатты жырла­ған күй» деген жерден шығады. Тәттім­бет­­тің сан тараулы шығармалары­­­ның арасында шоқтығы биік туын­­ды­сы осы «Көкейкесті». Сондығы­нан шығар, күйдің қалай туғаны туралы аңыздар да аз емес. Өмірден өтерінде домбырасын кеудесіне қойып тартқан екен деседі бір әңгі­мелерде. Мына «Жантелім» атауы соның бәріне жауаптай сезіледі. Жан­телім сөзінің тағы бір баламасы жанымның егізі, бөлінбесі дегенге де келіңкірейді.

Асқар Сүлейменовтің сөзінен кейін Талас­бек Әсемқұлов «Жан­телімін» Тәттімбет бозбала кезінде ғашық болған Ақсұңқар атты қызға арнағанын нақтылайды. Екеуі қосы­ла алмаған. Бұл туралы ел аузында ескіден қалған әңгімелер бары есімізде. «Қосыла алмаған, себебі қыз­дың да айттырылған жері бар, Тәт­тім­беттің де атастырылған қа­лың­­дығы бар. Қазақтың ата заңы кесе-көлденең тұрған» деп Таласбек те тура түседі.

Адам жанына майдай жағатын ойлы да мәнері өзгеше «Көкейкесті» – қанша тыңдаса жалықтырмайтын туынды. Мұны, бір қарағанда, тек қана алғашқы махаббатқа да те­ліп қоюға болмайтындай елестейді. Күй кенеттен басталғанда қағысы бірден баурап ала жөнеледі. Салқар дала, салтанатты көштің салиқалы көрінісі, жайдары қалпы келеді көз алдыңа. Әркімге әртүрлі елестейтіні анық қой. Әйтеуір, «тымақты алшы кигізгендей» (Абай) бапты қалыптан өріс алады да, әрі қарай бояуы қалың үн әуезі қаулап ала жөнеледі. Бір кездері домбыра қыстығып алады да, қайта жазылады. Әлденеге жетпей арманда кеткен іңкәр жүректің өксігі майдақоңыр леп арасынан ағараңдап келіп сыз береді. Бірақ жылаңқы өксік жоқ бұл жерде. Шер толқытып шығарған алып жүрек қағысынан туған толқын­дай, байтақ дүниеге ұласқан қуатты әуен. Жайлы, бапты жүрістің арасында әлгі бір шер толқыны жаға­ны қайта-қайта ұрады да жатады. Айналып келіп тағы бір тыңдаса, мүлде басқаша, дүниені бауырға алып қанатын керген қоңырқай қиял құсындай, көңіл жетпесе көз жетпейтін көкжиектен көрінеді. Кө­кейіңді кесетін де, тесетін де сол дыбыс. Жалғызсыраған жаныңның жұбанышы да, бөлінбесі де сонда сияқты. Қай-қайдағыны қозғаған қасиетті дыбыстың ырғағын әртүр­лі суреттеп отыра беруге болады. Себебі тіл жеткісіз құдірет иектеп, жан ағысына үйлесе береді. Мана­дан айтқан бұл ойымызды Асқар Сүлейменов былай деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізеді:

«Жантелім», – деді содан соң бір нүктеге қадала қарап, — «Көкей­кес­ті». Осы екі сөздің өзі адамның жүрегін суыратындай… Қасірет пен қамырық та бар… Әзіз көріктің алдында бас ию де бар…

Айса ғалайыссалам кресте өлді, адамзат үшін өлді деп жатады. Жа­нында тұрып куә болған жоқпыз. Бірақ әбден мүмкін. Алайда Айсадай даңқы шықпаса да ерлігі содан бір мысқал да кем емес бірнеше қазақты білем. Дәулеткерей, Тәттімбет, Құр­манғазы мен Сүгірді айтып тұр­мын. Бұлар құныкер болып Алланың алдына барып, қазақ үшін ғана емес, адамзат үшін, инсаният үшін сөз айтқан. Адамзатты ақтап шыққан. Тек асылық айтты деме, менің сөзім­ді асқақ қылған – күйдің аруағы. Күй қандай киелі болса – менің сөзім де сондай өр. Ойдан шығарып айтып тұрғам жоқ бұл сөзді. Мұхаң айтыпты ғой «қазақтың ары мен ұяты, кісілігі күйде ғана қалды» деп. Сол рас сөз…»