Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланды.
Жалпы отырыстың осы жолғы күн тәртібіне қойылған мәселелердің саны ауқымды көрінді. Алғашқы болып назарға ұсынылған тақырыпта мінберге көтерілген Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов: «Мен негізгі цифрларды таныстырылым жиналыста айтып өткенмін, нақты ақпарат Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепте бар. Сіздер оларды талқылау барысында көп орынды және маңызды сұрақтар қойғансыздар. Көптеген сауалдарға нақты жауаптар және қосымша ақпарат берілді. Сондықтан мен бүгін негізгі сәттерге ғана тоқталып өткім келеді», деп бірінші түсімдердің атқарылуына тоқталды.
Оның айтуынша, 2012 жылмен салыстырғанда республикалық бюджеттің түсімдері есеп жылында 7,8 пайызға арта отырып, 5 272 млрд. теңгені құраса, олардың ішінде кірістер 5 180 млрд. теңгені көрсеткен. Дегенмен де, корпоративтік табыс салығы, шағын және орта бизнестің дамуы, Кеден одағының баждарға әсері мен берешек бойынша көп сұрақтар болды, деп осылардың әрқайсысына жеке тоқталып өтті.
Корпоративтік табыс салығы бойынша бастапқыда жоспар шамадан тыс үлкен болғанын алға тартқан шешен бюджетті нақтылау барысында ол жоспардың азайтылғанын жеткізді. Атқарылмаудың тау-кен компаниялары салдарынан қалыптасқанын, ал өзге салалар бойынша корпоративтік табыс салығы экономиканың өсуінен асыра жиналғанын, яғни 14 пайызға асқанын көлденең тартты.
Бұл экономиканың номиналды өсуінен асады. Сондықтан осы жағдайды оң және маңызды сәт деп бағалауға болады деген ойын жеткізген ол әрі қарай кейбір салық төлеушілердің экономикаға қосқан үлесіне мониторинг жүргізу мақсатында олардың есептілігіне талдауды күшейтеміз, деді сенаторлар алдында. Бұдан кейін бизнестің жол картасы, қосымша құн салығы, импорттық кеден баждары бойынша деректер келтірген Бақыт Тұрлыханұлы: «2013 жылдың қорытындылары бойынша Кеден одағы елдерінен баждар жоспарға қарағанда аз түсті. Жалпы алғанда, 4 жылда сальдо оң болып қалыптасып, 97 млрд.теңгені құрады. Қазақстан аударғанына қарағанда көбірек алды. Болжау сапасын арттыру мақсатында үш елде жоспарлау процесін келісу қажет», деді.
Сондай-ақ, «Бір терезе» қағидаты бойынша қағазсыз кедендік декларациялау енгізілудің бизнес үшін тосқауылдарды азайтатынын айтқан ол келесі кезекте республикалық бюджеттің шығыстарына тоқталды.
Шығыс бөлігі бойынша бюджеттің орындалмауы мемлекеттік бағдарламалар, дебиторлық берешек, бюджетаралық қатынастар және квазимемлекеттік секторда орын алған. Игерілмеу сомасының есебіне қатысты ол жоспарланған қаражатты қазынашылық шоттан шығыс түрінде есептен шығарумен арадағы айырманы анықтағанда бюджет орындалмауы 43 млрд.теңгені құрағанын айтты. Бұл – касса бойынша игерілмеу, деген шешен бюджет қаражатының игерілмеуіне квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қалдықтарын да қосуға болады деп, Есеп комитетінің осы ұстаныммен игерілмеудің сомасын анықтағанын жеткізді. Сонымен бірге, сатып алу рәсімдерін уақтылы өткізбеудің игерілмеу себептерінің бірі болып табылатыны да көлденең тартылды.
Ал дәл осы проблема жыл сайын бюджеттің атқарылуын талқылағанда үнемі бас қатырар мәселеге айналып отыр. Жауыр болған осы мәселе биыл да алдан шықты. Сол себептен мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру оның уақыттылығына, ашықтығына ықпал етеді және бәсекелестікті кеңейтеді. Порталда тіркелген пайдаланушылар саны жылдан-жылға өсуде. 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы жүйені пайдаланушылар 53 мың қатысушыға артық болды деген дерек алға тартылды.
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша 30 салалық бағдарлама оңтайландырылатын көрінеді. Бюджет кодексіне толық игеру кезінде нәтижелерге қол жеткізбегені үшін жаңа жауапкершілік енгізілетіні, жауапкершіліктің бірінші басшыларға жүктелетіні де осы отырыста мәлім болды. Ал Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин өз баяндамасында бюджет қаржысын тиімді пайдалануды арттыру, бюджет қаржысының мақсатты және тиісті пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, республикалық бюджет қаражатының атқарылуын жетілдіру және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру мәселелерін көтерді. «Бюджетті жоспарлау сапасының төмендігі, салық әкімшілендіру тиімділігінің аздығы және көлеңкелі экономика үлесінің ұлғаюы бюджет қаржысын тиімсіз басқарудың алғышарттарын қалыптастырады», деді комитет төрағасы. Оның баяндамасынан мәлім болғандай, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің республикалық бюджетті бірнеше мәрте нақтылап, түзетулеріне қарамастан, 2013 жылғы республикалық бюджет қаржысын пайдалану барысында тиімділіктің жетіспеушілігі орын алған. 2014 жылғы 1 қаңтарға орталық мемлекеттік органдар 43,2 миллиард теңгені игермеген, жергілікті атқарушы органдар игермеген және өз мақсатына пайдаланбаған 26,0 миллиард теңге мақсатты трансферттер бюджетке қайтарылған.
Сенаторлар бюджеттің атқарылуы мәселесін талқылауда белсенділік танытты. Депутаттар тарапынан қойылған сауалдардың барлығы да үлкен жүк көтерген, халықтың ойындағы көкейкесті мәселелер болды. Мәселен, депутат Нұрлан Оразалин отырыста сөз болған бюджетті сапасыз жоспарлау дегеннің шымбайына батқанын, ал оның шын мәнінде көпшіліктің көкейіндегі сауал екенін, егер ол игерілмейтін болса, оны неге қайталай беруге жол берілетінін айта келе, ал оның сапасыз жасалуына кім кінәлі, ол қалай жауап береді деп сұрақ тастады.
Есептік құжаттарды талқылаудан кейін тиісті салалық комитетке айтылған есептерді бекіту жөнінде Парламент палаталарының бірлескен отырысына Сенаттан қосымша баяндама әзірлеу тапсырылды.
Палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Сондай-ақ, «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасын да мақұлдады. Ал Қылмыстық-процестік кодекстің жобасын екінші оқылымда қарай келіп, регламентке сәйкес Мәжіліске жіберді. Өзгерістерімен және толықтыруларымен тағы екі заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».