Әлем • 17 Қаңтар, 2023

Филиппиндегі су тасқынынан қаза тапқандар саны 29-ға жетті

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Филиппиндегі су тасқыны салдарынан 29 адам қаза тауып, 4 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Табиғи апаттарды жою жөніндегі ұлттық кеңестің мәліметінше, қолайсыз ауа райы республиканың 14 өңірінде орын алған. Су тасқыны салдарынан 1,39 миллионнан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Филиппиндегі су тасқынынан қаза тапқандар саны 29-ға жетті

Ведомствоның мәліметінше, 484 эвакуациялық пункттерге 203,3 мың адам орналастырылған. Кем дегенде 14,1 мың адам үйлерін тастап кетсе, 12 азамат түрлі дене жарақаттарын алған. Республиканың 14 аймағында су тасқыны мен көшкіндерді қоса алғанда 1,03 мыңнан астам оқиға тіркелді.

1,37 мың үйге 2,41 миллион песо (43,8 мың доллар) сомасына зиян келтірілген. 156 инфрақұрылым нысанына келтірілген залал - 171,5 миллион песоға (3,13 миллион доллар), сондай-ақ ауыл шаруашылығына келтірілген зиян - 399,5 миллион песоға (7,29 миллион доллар) бағаланған. Су тасқынынан 238 жол мен 55 көпір зақымдалып, 26 теңіз порты қирап қалды. 63 қалада электр қуаты үзілді, бірақ 39 қалада ол қайта қалпына келтірілді.

555 қала мен 134 муниципалитетте мектептер мен кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. 32 елді мекенде төтенше жағдай режимі енгізілді. Үкімет зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 74,5 миллион песо (1,36 миллион доллар) бөлді.