Әлем • 17 Қаңтар, 2023

Қырғызстан Республикасының атауы өзгеруі мүмкін

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Феликс Кулов республика атауын өзгертуді ұсынып отыр. Бұл ойымен ол Facebook парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қырғызстан Республикасының атауы өзгеруі мүмкін

Феликс Кулов халықаралық аренада елдердің атаулары жиі шатастырылатынын атап өткен. Ол жақында ғана ұйымдастырылған «Әлем аруы» сұлулық байқауында жүргізушінің қырғыз қатысушысын Қазақстаннан деп таныстырғанын еске алды. Сондай-ақ оның айтуынша, ағылшын тілінде айтылуының ұқсастығына байланысты Қырғызстанды Күрдістанмен де жиі шатастырады.

«Бір кездері мен Куба Республикасы, Коми Республикасы, Саха Республикасы (Якутия) секілді атауларды негізге алып, біздің елімізге Қырғыз Республикасы деп ресми атау беруді ұсынғанмын. Сол кездегі саяси қарсыластарым мені бірден сынға алды. Бірақ кейінірек бұл тақырып мезгіл өткен сайын белсенді түрде талқылана бастады.

Біздің Конституциямызда елдің ресми тілдегі атауы «Кыргызская Республика (Қырғызстан)», ал мемлекеттік тілде «Қырғыз Республикасы (Қырғызстан)» деп айтылады. Халықаралық кеңістікте ел атауы «Қырғыз Республикасы» болса, барлық тілде бірдей жазылып, бірдей айтылады. Түсінемін, ел атауын өзгерту тиімсіз деп айқайлайтын сыншылар міндетті түрде табылады. Бәлкім, бүгінгі күн оған ыңғайлы бола қоймас. Бірақ неге болашақты ойламасқа?», деді саясаткер.

Айта кетейік, елдің атауын өзгерту туралы пікірталас бірінші рет туындап отырған жоқ. Осы жылдар ішінде саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері Қырғызстанның атын Қырғызстан Құрама Штаттары, Аспанасты таулар елі, Қырғыздар елі, Қырғыз Халық Республикасы (ҚХР) деп өзгертуді ұсынды. Сондай-ақ олар Бішкек атауын Турдакун немесе Манас деп өзгертуді ұсынған. Бұрынғы Әділет министрі Марат Қайыпов та 2020 жылы Конституция жобасын талқылау барысында елдің атауын «Қырғыз Республикасы» деп өзгертуді ұсынған еді.